Хантәңірі – ІІ

Бұл бетте «Хантәңірі – ІІ» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(ертегі)

Ұлы ақынның маңдайындай шың басы
Әлі талай жанарларды қарыр кіл. –
Хантәңірінің елден ерек тұлғасы
Көзқырына түсе берді Тәңірдің.
Шығып кеткен шың екен деп шамадан,
Дүрліктірді Тәңір сонда мекенін.
«Көрсетейін, – деді сосын, – мен оған
Маған басын имеу деген – не екенін!
Қабыл болмас оның енді тобасы,
Қара бұлттан мәңгі, ендеше, қайғы оран!
Жалғыз менмін – көк пен жердің қожасы,
Мен тұрғанда Тәңірілік қайда оған?!»
Бұлт-әскерін жиып алып ақырды,
Одан сайын суытты да өр кейпін:
«Ей, нәлеттер! –
Ертең анау ақынды
Болайын мен жер бетінен көрмейтін!»
Тәңір айтса тыңдамауға бола ма?! –
Қап-қара бұлт торлап алды шың үстін.
Жалт ойнатып бір күн, бір түн шамада,
Даусы естіліп тұрды алапат ұрыстың.
Ертесіне ел: «Мерт болды-ау, – деп, – сорлы шың?!» –
Қарап еді жанарына жас жиып. –
Шуақ емдеп жарақаттың белгісін,
Күнге қарап тұр екен ол қасқиып...

13.05.1986 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері