Хантәңірі – ІІІ

Бұл бетте «Хантәңірі – ІІІ» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

– Ей-һей-һей!
Естисің бе сен мені, Хантәңірі! –
Құзарт пенен Мұзарттың ортақ ұлы...
Даусымды алып жөнелді жаңғырық қып,
Өзен біткен – даламның қан тамыры.
Хантәңірі!
Қостар мені – құс даусы, арқар үні. –
Мың биік шың ішінде шын биіксің,
Тұңғұйықсың ақындай арқалы, ұлы.
Хантәңірі! –
Мұзбалақтың маған да бер тәлімін.
Сенен аққан нәрменен ауызданып,
Аспанменен үндесер жер танымы.
Хантәңірі!
Бара жатыр суырып қолқаны жыр.
Сарқады нұр – өзіңе жұғамын деп,
Қызылшақа Таң менен Сартап Іңір.
Хантәңірі!
Жер мен Аспан өзіңді тең таныды.
Сен сияқты бір шыңы болмағасын,
Құмға айналған таулар көп – кер тағылы!
Хантәңірі!
Құдай – Күн, Ай шыға алар хан тағы – бұл.
...Аласа сөз айта алмай Биік жайлы,
Солқылдайды шекемнің Тар тамыры...
– Ей-һей-һей-һей!..
Аша алмай Қақпаны Ұлы,
Жұлдыздар көп құздарға аққан ұлып.
Хантәңірі! –
Тағыңа бір отырғыз,
Тұр ғой, әне, қол созып – Хақ-Тәңірі!..

1989 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері