Сен болдың шаттық, қайғым да

Бұл бетте «Сен болдың шаттық, қайғым да» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сен болдың шаттық, қайғым да,
Әйелден бөлек келімің –
Жолықтың жастық-айдында
Қызындай ғайып-перінің.
Сиқырлы, сынық әніңде
Аққу боп қанат қақса мұң –
Сен жүрген жердің бәрінде
Көшетін жұмбақ ақ сағым.
Менің де көріп көшті ұйқым,
Киді әлем көйлек үр жаңа.
Сол әнді мен ем еститін –
Сағымды сүйген бір бала...
Менен де бұрын кей жігіт
Көз сапты саған – өрт ұрып.
«Армандар қалды, – дейді жұрт, –
Беліне жетпей мертіліп».
Көйлектен есіп самалың,
Төсейтін бетін ұяң мұң.
Сезімге дерткен анарың
Шыңы ма дер ең – қиялдың!
Жеткізе де алмай назды айтып,
Тағатын едім сөзге мін –
Тамып бір түсе жаздайтын
Қос жұлдыз сынды көздерің...
Жұлдызы тамып көкбет түн,
Шапағы жанды шарпыды.
Ақыры жынды боп кеттім,
Перінің ұрып салқыны.
Көзімді байлап жат дуаң,
Жүргенде санам айықпай –
Сұңқ етіп түнде гәкку-ән,
Жоғалды сіңіп ғайыпқа-ай!
Пері Елі – жерім көрмеген
Болса да, Әнге мен ерем.
Шағымда Дертім меңдеген,
Ішірткім едің – о, Өлең!..
Бүріне бұғып қайыңның,
Шыңдарға шығып, шығанға ас –
Періге ғашық шайырдың
Пенделер жырын ұға алмас!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері