Ауруханада

Бұл бетте «Ауруханада» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Емхана. Түн түнеп бақтарға,
Қарлы жел кеулейді басымды.
Тұсымнан қарқылдап топ қарға,
Түнімен ұйқымды қашырды.
Құмырлар жетсе деп тезірек,
Қайыңдар төзімін құртардай –
Қарғаның үнінен мезі боп,
Қыраулы шаштарын сілке алмай.
Иілмес еменді ажалсыз
Күйретпек боп аяз тұр көкбет.
Қарғаның «әніне» амалсыз
Бала тал билейді дірдектеп.
Көріп қап ұйқысыз мені бұл,
Жүрегін сыққандай мұң бүріп –
Жыртқылап ақ қырау-кебінін,
Тал маған қол созды шыңғырып...

14.01.1989 ж.
Жаңаөзен. Аурухана.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері