Қысқы кеш. Қыстау

Бұл бетте «Қысқы кеш. Қыстау» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тұлпарларда құрғамайды тоқым бір,
Ат дорбада қатқан кебек, қоқым кіл.
Қара тезек – қара жорға тастаған,
Қара қарға – о да жорға, шоқып жүр.
Қара қаншық жатыр әлі қаңсылап,
Ақ қасқырдың қанжарынан қансырап.
Біреулерді салады еске көп қойдың
Жыбырлаған еріндері жем сұрап.
Ай да шықты бұлт жұмсаған жаушыдай,
Құбылаға жығылыпты тау сұлай.
Қайғы іздеген кәрі қыстау маңынан,
Байғыз деген «мұратты құс» даусын-ай!..
Түн келеді етегімен қымтаған, күбір-сыбыр...
естілмейді ән шырқаған.
Ай астынан қасқыр-ғасыр ұлиды –
тәні – темір, бетон-жүрек, зіл-табан...
Теңеу де көп, терең сыр да бар мұнда,
дүрбі-көзбен үңілу жөн тағдырға.
Дірдектейді көжек-қыстау шыны-көз –
Жолбарыс жон тарғыл қыстың алдында.
Не дер екен безер уақыт, меже-күн? –
Сезерім тек, демі суық кезеді Үн.
«Қыстауымды қыстан аман шығар!..» деп,
Дұға қылам... дір-дір етіп көжегім...

20.01.1989 ж.
Жаңаөзен. Аурухана.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері