Ұлтарақтай жер үшін
Бұл бетте «Ұлтарақтай жер үшін» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Аңыз-шыны аралас
Елiргенi қандай қиын елшiнiң?!
Семiргенi қандай қиын көршiнiң?!
Апат-опат аз болғандай қан құсқан,
Алпауытқа айла бар ма аңдысқан?
Адыра қап алысқан қол,
серт,
сенiм...
Аскынып тұр алабөтен дертше күн.
Ел аманда елшi әкелген мына хат
Тағы кiмдi тар қыспақта сынамақ?:
«Аман қалсын десең аймақ-алабың,
Аз-көп емес, саған қояр талабым:
Ары тарт та ағыл-тегiл сыйлықты,
Берi жiбер өзiң мiнген Жүйрiктi!
Сонда ғана елiң есен, бас аман,
Табанымда тапталмайды босағаң...»
Хан қабағы бұлттанып, қалды ойға:
«Қасарысып, қарсы шабар хал қайда...
Ауызымен құс тiстеген Алмауыт
Амал қанша, кете барса шалғайға?..
Аяр дұшпан ак-қараны таңдай ма,
Жазылғаны осы болса маңдайға,
Қабыл алдым Тәңiрiнiң бұйрығын –
Жұртым үшiн жауға сауға Жүйрiгiм!
Қауызынан тарылғанда кең жалған,
Жел қанатпен желiккенiм немдi алған?..»
Керек етпей сәулет пенен дәулеттi
Қас тұлпарды қанжығалап жау кеттi.
Көз ұшында шұбатылып шаң қалды,
Көк жүзiнде жыпылықтап шам жанды.
Елдiң iшi есiн жиып дүрлiккен,
Түтiн бiр сәт түзу ұшты түндiктен.
...Ханның iшi тыншымады қан жылап,
Қалың ойдан ұйқы қашып, қалжырап:
«Қауiп барда қайдан болсын дамылдау,
Қайта айналып соқпаса игi залым жау...
«Иттiң сыры иесiне мәлiм-дi»,
Тату көршi табылмады-ау тәлiмдi.
Қияметтiң қилы-қилы қылығы
Қи шоғындай қинайды екен жаныңды!..»
Қалың өрттей қамыстағы қаулаған
Қай заманнан «Қайта шапқан жау жаман».
Күнгей жақтан Күн кiрпiгiн ашқанда,
Күлтөбенiң шаңы шықты аспанға.
Құйрығы анда, басы мұнда, қалың қол
Келiп жеттi кернейлетiп, дабылмен.
Жаналғыштай суық түстi, сұсты өңi,
Айбарақтап ат үстiнен түспедi.
Астында әлгi желден жүйрiк қанатты ат,
Жау жасағы жарлық айтты жалақтап:
«Аман болсын десең халқың, қамалың,
Аз-көп емес саған қояр талабым:
«Жүйрiгiңе тәнтi болдық сыйлаған...
Аман қалсын десең ендi үй, балаң,
Алтыныңды керек етпен жинаған –
Ханымыңды басыбайлы қи маган!
Сонда ғана елiң есен, бас аман,
Табанымда тапталмайды босағаң!..»
Жер мен көктi алғандайын бұлт орап,
Шерменде еттi шектен шыққан бұл талап.
Көкiректi намыс буып, қан қысты:
«Тапқан екен көнтақыны, көнбiстi!»
«Өлген жақсы бұл қорлыққа көнгеннен!»
«Басқа-басқа, мұнысын кiм жөн көрген?»
«Батыр қайда көкiрегiн жел керген?
Ақын қайда дүйiм жұртқа дем берген?!»
Елдiң сөзi өткенiмен өңменнен,
Есiн жиып, кемелiне келгенмен,
Хан тағы да оңашада қалды ойға,
У мен зәрдей сөз тамызып таңдайға:
«Есер дұшпан ел шетiне iлiккен,
Ерегессе, тағы бүлiк салмай ма?
Халық барда Хан қатынсыз қалған ба,
Енше, мынау екi келмес жалғанда
Баз кешуге тура келер жардан да!..»
«Құмыр құсым болғанымен қолдағы,
Өз халқының бiр қызы ғой Ол-дағы!..»
«Жат жағалап, жау торыса Орданы
Тоты құс та тыным таппас тордағы.
Әлiмсақтың аманатын құп алсақ,
Ұл да, қыз да – Ұлы жұрттың қорғаны!
Бiр Алланың дәргейiнде о бастан
Қыз баланың маңдайдағы сор, бағы...
Ханымыңның қасиеттi арманы –
Қас дұшпанның бетi қайтса болғаны...»
Осыны айтып әзiз ару таң алды
Артқа тастап Хансарай мен қамалды,
Жалғыз өзi жау жағына жол алды...
Елi риза ерлiгiне Ханымның
Ал... ал Ханның бiлiп жатыр халiн кiм?
Алқым тұсын алмас қылыш тiлгiлеп,
Жатса-тұрса жаралауда жанын мұң:
«Жетегiнде кеттi жаудың Тұлпар ат,
Қабағымды қала бердi бұлт орап.
Алды-артына қарай-қарай ақ таңда
Жан жарым да кете барды жат қолға...
Аузын ашып от бүркiп тұр Айдаһар,
Ес жиғызар ендi қандай айла бар?..»
Екi араны тұрғанымен тау бөлiп,
Шекараны бұзды тағы жау келiп.
Қара түнде қамал торып, қаумалап,
Ендi ненi еншiлемек, дауламақ?
Ендi неге көз салмақшы жалаңдап?
Ендi неге қол салмақшы арандап?
Қараспанның қабағына алаңдап,
Күн кешкеннiң күнi құрсын амалдап...
Түн қойнында қарауытып, қараңдап,
Аш бөрiден аумай кеттi тәмам жақ!:
«Қас қылғанда – мен алмайтын қамал жоқ!
Құлдық ұрып құп алмаста шараң жоқ.
Желден жүйрiк ат сыйладың – жөн көрдiм,
Аруыңды ат артына өңгердiм.
Есен–сауын ойлар болсаң ендi елдiң,
Бiр пұшпағын сыйла мынау иен жердiң?
Мен бұл жолы соны алуға келгенмiн!..»
– Арам ойың осы ма едi, ант атқан?! –
Ашу қысып атып тұрды Хан тақтан,
– Жылқыдағы атым кеттi – Тұлпарым,
Әйелдегi затым кеттi – Iңкәрiм.
Екеуi де жерге бола бiр аттам
Алыстады ағайыннан, жұраттан.
Кiмге керек иранбағы Жұмақтың,
Құлағымда үнi тұрса құр аттың?!
Кiмге керек тыншығаны жанымның,
Жүректi езсе сыңсығаны Ханымның?..
Бiрақ, бiрақ... Ұлтарақтай жер үшiн
Болмайды ендi, болмайды ендi келiсiм!!!
Осыны айтып атып тұрды Хан тақтан,
Жауға қарсы аттанбаққа ант атқан.
Осыны айтып көтерiлдi қалың ел,
Қорғамаққа қара жердi қанымен!
Осыны айтып жаңғырықты жер, аспан,
Көкжиекке керегесiн кең ашқан!
Осыны айтып аттай тулап бал бұлақ,
Арқырады айтақырда арғымақ!
Осыны айтып көтерiлдi Күн көкке,
Адамзаттың ақ-қарасын бiлмекке!
Осыны айтып дабыл қақты Тау, Дала!
... Жанұшырып жалғыз қалды Жау ғана...
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі