«Армения туралы жеті жыр» кітабынан
Бұл бетте ««Армения туралы жеті жыр» кітабынан» атты Исраил Сапарбай жазған поэзия туралы өлең берілген.
Геворг ЭМИН
Армян ақыны
Сан ғасырлар бойы, ғажайып Ара мен Аварайра және Сардарапат аймағында біз жан қия жүріп аман қалдық. Ал қазір де қандай апат-қасірет болсын жеңе жүріп өмір сүру мүмкіндігі мен қажеттігіне кәміл сенеміз...
Иә, біздер жұрт айтатын ұғымға қарсы емеспіз,
шағын елміз, шынында.
Қанша мәрте қабырғамыз қайысты
қанды қырғын,
апат,
опат,
шығынға...
Иә, біздер шағын елміз, шынында.
Әйтсе де сол «шағын ел»
Өз қайғысын сезінеді жанымен...
Әрі әйгілі ол әлемге
Сорымен де бағымен,
Жоғымен де барымен...
Тағдыры оның – тас қайрақ,
Тарихы оның басты айғақ:
Қанша мәрте қамалымыз қаусады,
Қанша мәрте әңгіртаяқ баста ойнап?..
Құлағанмен күйрей қоймас шын қорған!
Иә, біздер – шағын елміз шыңдалған.
Құп-құйттай тас күш алмай ма жүз есе
Құлағанда құз басынан, шыңдардан?!
Қолтығына қойтастарды өңгерген
Тау өзені, айтшы, кімге әл берген?!
Әлдеқайда арынды, асау емес пе ол
Жазықтағы жарқыраған көлдерден?!
Құзар шың мен құлама жар, құла дүз
Құлпын аша білген жанға – ұлы аңыз.
Отқа пісіп,
Суға түсіп...
ақыры
асыл тасқа айналғанбыз мына біз!
Азап кешу – мінәжіп пе, міндет пе? –
Ұрынсақ та қанша қасірет, індетке,
Асыраған ұл-қыздаймыз Жер-ана!
Шашыраған жұлдыздаймыз ніл көкке!
Шағын дейміз...
Картамызға қараңыз;
Қайдан шығып,
қайда самғап барамыз:
Лусаваннан Урартуға дейінбіз,
Бюраканнан Айға дейін арамыз!
Жау сұғынып, іздегенмен жат таппас,
Ісін, түсін ізгі досқа жоқтатпас,
Арараты абызындай аппақ бас,
Біз боламыз шап-шағын ел – шақпақ тас!!
***
Қасірет шеккен, қан кешкен халықтан бізге қандай мирас қалды? Тастағы жазу, таңбалар Руса мен Аргишти патшалардың ғана даңқын дәріптейді. Соры қалың, бағы шағын нағыз бейнетқор халық қайда қалды сонда? Алқынып, ісініп барып сабасына түскен Севанның айнадай айдынына шағылысқан жартастағы жазуларға қарап тұрып маған осындай ойлар келді...
...Севан суы толқиды, тыншымайды,
Долы жаңбыр жартасты шымшылайды.
Кәрі жартас... көзінен сорасы ағып
жылайды кеп жаныма жара салып.
Қай-қайдағы тигендей ат тұяғы
Маңдайдағы жазуы баттияды:
«Мен – Русамын, әкем менің – Аргишти
Әмірші еді, иесі еді нар күштің.
Жаһангердің марапаттап бір басын
Тауға қашап жаздым ерен тұлғасын...»
Оттама, ей, Урарту бәтшағары!
«Ат шаппайды, – деген бар, – бап шабады».
Баптаған ат шаба ма айдалаға,
Құл-құтанды қоймақсың қайда ғана?!
Қарғыс айтып жалғанға, жасағанға
Сол емес пе тау-тасты қашаған да?!
Жасын сығып Севанға, шерлі аспанға
Сол емес пе жартасқа мөр басқан да?!
...Севан суы толқиды, күрсінеді,
Күрсінді естіп тұла бой түршігеді.
Әмір басы мен дей ме, тәңір жасы,
Тіл қатады монастырь қабырғасы:
«Мен – Ашотпын,
Ата тегім – Вахтангі,
Пір тұтамын қара іңірді, ақ таңды.
Жан баласы жарлығымнан ем көрер –
Маған жиыл,
Маған сиын, пенделер!
Күнәдан пәк болсын десең жан-дүнием,
Мені ауызға ал,
Мені ардақта алдымен!..»
Сонда қайда қалмақшы қара халық,
Қан жұтқанда жан кешкен жараланып?
Сонда қайда қалмақшы өлермен ел –
Тағдыр жазып,
тас қалап,
жер өңдеген?
Сонда қайда қалмақшы аңғал адам –
Қара тасқа тарихын таңбалаған?!
...Севан суы толқиды, жарды ұрады,
Толастамай жауып тұр жаңбыр әлі.
Күлгін тартып айдынның кешкі реңі,
Күбір-сыбыр алыстан естіледі:
«Біз, Николай, – арқа сүйер ардағың,
Сансыратқан парсылардың сардарын.
Бізге лайық – дүркін жеңіс, дүр атақ,
Біз арқылы мұратқа жет, мұра тап...»
Эриванын қорғау үшін елменен
Жау жолында жатып алған көлденең
Қайда сонда жанарында жасын бар
Армияндық хас батырлар, хас ұлдар?!
...Севан суы толқиды, жамырайды.
Жабағы бұлт жасырды жарық Айды.
Бас исең иі, жас ұлан, көне жерге,
Жартастағы жазуға сене берме!
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі