Сауысқан мен ит

Бұл бетте «Сауысқан мен ит» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сауысқан жерге жақын қанат жайды.
Аңшы иті босқа әуре боп далақтайды.
Шыға алмай шырқ айналып көк шалғынды,
Байғұсың ауа қармап босқа алқынды.
Не керек – сауысқанға ермек керек,
Сазайын жердегінің бермек керек.
Тапталып жасыл шалғын алқаптағы,
Ит байғұс әрлі-берлі салпақтады.
Сауысқан ұшқан сайын жақын келіп,
Бар күшін салады ит те тақым керіп.
Не керек иттің өле жаздағаны! –
Сауысқан шықылықтап мәз болады.
Бұл ойын итті ақыры жалықтырды,
Алқынып, әрең демін алып тұрды.
Сауысқан мұны байқап қалмасын ба,
Жалп етіп қона кетті дәл қасына.
Шығарып ауызынан жалын – тілді,
Итекең мұны көріп тағы ұмтылды.
Басталды баяғы арбау екі арада,
Жердегі көктегіге жете ала ма?!
Шамасын білмеген соң, расында,
Әулекі ақымақтың күні осы да...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері