Өлең, жыр, ақындар

Ғұмыр

  • 27.06.2016
  • 0
  • 1
  • 18948
Ғұмыр келте деп налисың, досым-ау.
Бұдан миллион ғасыр бұрын,
Жер ғарышқа тең шашып жасыл нұрын.
Мимырт, шабан тіршіліктің құшағында күліпті.
Ал адамдар үш мың жылға дейін өмір сүріпті.
Сан балапан ғасырларды алақанда сөйлеткен,
Ұзақ ғұмыр,
Ұзақ ғұмыр ой неткен!
Жасы қашан жеті жүзге жеткенше
Уыз сәби саналыпты бой жеткен.
Ара-тұра бой қылтитқан Күдікке
Бір жайсаң сөз айта алмапты Үміт те.
Жеті жүзге жасы жетпей, (заң солай),
Үйленуге рұқсат жоқ жігітке.
Бірақ бірде болды оқиға сұрапыл...
Қыз бен жігіт бір өлкеде тұратын,
Қосып арман-тілегін
Қосып мұңын, мұратын,
Тіл бітірер сезімменен тасқа да,
Тек сезімді етіп іңкәр астана,
Жасы жүзге жетпей жатып,
Бір-біріне ғашық бопты, масқара!
Күннен күнге лаулай түскен құштары,
Бұл не пәле салт-санадан тысқары?!
Тумай жатып қағынғаны қалай деп,
Жұрт жағасын ұстады.
Ал жігіттің әкесі айтты:
- Қу, балам,
Ит боп шықтың жақсы атаққа тумаған.
Дәтің барып қалай дәстүр бұзбақсың,
Жұрттан қайда қашпақсың сен шулаған?
Жетер қайғы сыйладың сен өлгенше,
Өлген жақсы бұл қорлықты көргенше.
Ақылға кел,
Үйленбестен қоя тұр,
Тым болмаса, алты жүзге келгенше.
Ел тағлымын аяқ асты төсенбе,
Той аз болмас әлі сенің көшеңде,
Бес жүз жыл күт.
Сонан кейін рұқсат,
Он бес қызды қабат алам десең де!
Жігіт өкси мұңын шақты:
- Болмайды,
Бұл пәлсапаң ақылыма қонбайды.
Тасқа ұрсаң да мендік бейбақ маңдайды,
Әнім ән боп самғайды.
Кәрі емендей қасарыса бергенше,
Қайран әке, ұғынсаңшы, мән-жайды.
Тұйықталса перзентіңнің арманы,
Сені ілер қайғы-мұңның қармағы.
Одан қайта қол ұшын бер, құда түс,
Қыз үйіне бар-дағы.
Бірақ әке секілденіп тас қамал,
Үндемеді.
Таусылды енді басқа амал.
Жаңалыққа көз аз болмас оқталар,
Бой көрсетті тұсаулар мен ноқталар.
Қорғау, қолдау көрмеген соң ешкімнен,
Қол ұстасып тауға қашып кетті олар.
Бұл оқиға шартарапқа жайылды.
Діңге берік қатал қолдар байырғы
Қос ғашық іздеп тауып алды да,
Бір-бірінен айырды.
Енді лезде байтақ аспан тар болып.
Көңіліне ызғар толып, қар қонып,
Күні-түні еңіреді екеуі,
Қас қағым сәт көрісуге зар болып.
Екі ғашық алып ұшып жүрегі
Тағыдырынан былай тілек тіледі:
- "Төсте той тарқамаған,
О, Жер-анам, дарқан анам,
Ұл керек пен саған мықты?
Өзгерт онда шабандықты.
Сен үшін бұл қиын іс пе соншалық?
Шабандықта қырсық жатыр қаншалық.
Біздер ұзақ, мағынасыз ғұмырдың
Іш пыстырар мінезінен шаршадық.
Қайтіп тірлік кешеді жұрт самғамай,
Арындамай,
Ағындамай,
Таңдамай.
Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз,
Суға жазған таңбадай.
Жүрсек мейлі, қай белесте,
Дөңесте,
Сағынышпен атқан таңның бәрі есте.
Мағынасыз үш мың жылдан
Мағынамен,
Мәнмен өткен,
Махаббатпен,
Әнмен өткен,
Үш жыл артық емес пе?
Егер оны көп десең,
Айналайын алып тұлға,
Құдіретті, жұмыр жер,
Ғашығыма жолықтыр да,
Үш-ақ күндік ғұмыр бер!
Сезінбестей ет кессе де етімнен,
Лапылдайын інжулі іңкәр отыммен
Тек үш-ақ күн,
Тек үш-ақ күн бере ғой,
Сонан кейін басымды алсаң, өкінбен".
Қайсар ғалам жібітіп тас көңілін,
Қос ғашықтың қайтпасын деп меселі.
Жер бетінде адамдардың өмірін,
Отыз есе қысқартыпты деседі...
...Ал сен ғұмыр келте дейсің!..



Пікірлер (1)

Динара

Керемет маған қатты ұнайды осы өлең жолдары мектеп кезімізде жаттап жарыстарға барушы едік қазірде пайдасы тиіп жатыр

Пікір қалдырыңыз

Әйелдер

  • 1
  • 6

Не толқытса соның мұңын тартасың...
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты
Маған бір қыз бал ашты:

Толық

Mалдық сана туралы мұң

  • 1
  • 2

Біздер қашан арыламыз дүлей-шампа күдіктен?
Ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан.
Көп жыл бұрын Гималайдың баурайында жүріп мен
Бір жолбарыс аулаушыға жолыққам...

Толық

ГИМАЛАЙ ЖОЛБАРЫСТАРЫ немесе малдық сана туралы мұң

  • 0
  • 1

Біздер қашан арыламыз дүлей-шампа күдіктен?
Ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан.
Көп жыл бұрын Гималайдың баурайында жүріп мен
Бір жолбарыс аулаушыға жолыққам...

Толық

Қарап көріңіз