Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың ең жақсысы...

  • 15.04.2015
  • 1
  • 1
  • 13612
Қазақтың ең жақсысы,
Үш нәрсеге шоқынар:
Мақтаны, асты, нәпсiсi –
Шоқынғаны осылар.

Асты билер жас болса,
Мақтанар баққа мас болса,
Аулақта арам ас болса,
Асаудан деме шошынар.

Сайтанмен ойнас жүрегi,
Пайда мен мақтан тiлегi,
Арамға батса бiлегi,
Жақсыға қайтып қосылар?

Тiлiнде бал, iшiнде у,
Көз байлағыш көп жәду,
Жақсы атанған өңкей қу,
Алдап алған досы бар.

Бiрiн-бiрi: «Дос»,– десер,
«Жауымның жолын тос»,– десер,
Дос қолымен от көсер,
Өзi ап-аман отырар.

«Мен де артыңнан барам»,– деп,
«Өлтiрсе, құныңды алам»,– деп,
«Құтылмас менен, бәлем»,– деп,
Аузымен қоқай-лоқылар.

Арамды судай сiмiрiп,
Ернiмен уын жымырып,
Маскүнем, бәңгi боп жүрiп,
Жауырын жаба тоқынар.

Тамақ үшiн жан жалдап,
Арын сатып, елдi алдап,
Сауысқанша қылмаңдап,
Әр үйден боқ шоқылар.

Жүрегi қатып, мұз болған,
Майда тiлi бiз болған,
Қызтеке едi, қыз болған,
Бейне алдамшы сопылар.

«Бар ма маған бiр сын?» – деп,
«Ұстағаным қай дiн?» – деп,
Ойламайды: «Кiммiн?» – деп,
Жүрегiнде тоты бар.

Қанша жарық нұр құйсам,
Хақиқаттан сыр құйсам,
Өршеленер су құйсам,
Нәпсi деген оты бар.

Күндеп іші қайнайды,
Қызыл тілін қайрайды,
Әлі-ақ өзі жайрайды,
Алдында әділ соты бар.

Арам мен ақты бiр жимақ,
Жүрекке қайтып сидырмақ,
Қылмақ және қылдырмақ,
Қызтекенiң ниетi бар.

Өзiңе көңiлiң толса да,
Басыңа қыдыр қонса да,
Жүрегiң жалғыз болса да,
Астыңның екi к…i бар.

Ашуланып албастың,
Күндемей менi қалмассың,
Тiлiмдi кесiп алмассың,
Ақты айтуға еркi бар.

Алысып сенi жеңбейiм,
Алдауыңа сенбейiм,
Ащы тiлмен емдейiм,
Жүрегiңнiң дертi бар.

Адамды жауға бермеуге,
Жетсе қолды сермеуге,
Қызтекенi емдеуге,
Ақылдың қылған сертi бар.

Айырам деп жендеттен,
Тазартам деп iндеттен,
Құтылам деп мiндеттен,
Иманымның беркi бар.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Қайтқан шал

  • 1
  • 1

Күнде керуен келеді бір сарайға,
Неше бөлек үйі бар әрбір жайда.
Сансыз көп саудагерлер келіп жатыр,
Біреу жылда қайтады, біреу айда.

Толық

Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған...

  • 1
  • 2

Бас көзiмен қарасаң, нәпсi – жалған,
Бiр сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзiмен қарағанда,
Өзiн берер қалыңға ол қызды алған.

Толық

Шын бақ қайсы? Күншіл кім?

  • 1
  • 2

Бай, ұлық, жуандарды бақты көрмек,
Ол мисыз шолақ оймен баға бермек.
Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар:
Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар