Өлең, жыр, ақындар

Жұмбақ

  • 02.10.2016
  • 0
  • 0
  • 11238
Һәр түрлі бір түбекті аң жайлаған,
Арыстанды бастық қып хан сайлаған.
Айдаһар, жолбарыстан уәзірі бар,
Батырдың ғайратына жан таң қалған.

Дос болған піл мен қасқыр және барыс,
Һәр түрлі сый зияфат ала барып.
Күшті аңның бәрі өзіне қараған соң,
Аузына түскен басқа аң домаланып.

Бұл арыстан мәнзилінде мекен еткен,
Қанша аңның қаһар етіп қанын төккен.
Болса да қанша ғайып бетке айта алмай
Күңкілдеп ұсақ аңдар жүрген шеттен.

Арыстаннан ұсақ аңдар не көрмеген –
Терісін төсек қылып, етін жеген.
Бетіне қарсы келіп шақылдаса,
Не қалды ол байғұсқа енді өлмеген.

Осылайша қанша заман өткен екен,
Арыстекең ойға алғанын еткен екен.
Бір зауал һәр камалға деген мысал,
Батырға бір күн зауал жеткен екен.

Азырақ басқа жерде аң бар екен,
Оларда ғаділшілік заң бар екен.
Арыстанның қол астынан аз болса да
Иттифақлы аңдары, һүнерлі бір хан бар екен.

Бір һүнер бұл ойлаған етейін деп,
Мықты аңның бастығына жетейін деп.
Ғаламға мәшһүр аңның ханы атанып,
Дүниеден сол есіммен өтейін деп.

Арыстан мен сол ниетпен соғысты бұл,
Шығарды қарап тұрып жоқ істі бұл.
Аз аңдар көп аңдарды жеңіп кетіп,
Жерінен алды арыстанның қонысты бұл.

Бұл аңдар сұрша ғана мақар екен
Ғайратлы һәм хәйләлі шақар екен.
Арыстанды қарап тұрып масқаралап,
Бұл күнде жәзирада жатар екен.

Көрдің бе арыстекемнің мерт болғанын,
Жеңіліп дұшманынан дерт болғанын.
«Ісімнен гүнаһ сұмдық болды ма?» деп,
Зұлымдыққа қылмысқа енді серт қылғанын.

Отырып бір күн арыстан ой қылыпты,
Халық жинап тәубе қылып той қылыпты.
«Хиянат күшті әлсізге етпесін» деп
Аңдарға әмір шашып, қойдырыпты.

Тойына шақырмаға жан қалмаған,
Түлкі, қарсақ, құлан, киік, суыр, қоян.
Қасқыр, аю, бұғы, марал, борсық, тышқан,
Хайуанның жыбырлаған бәрі барған.

Арыстанға бұлар айтқан ғариза хәл:
«Мекенен біздің еткен қасқырларды ал,
Жерлерде бұлар жүрген біз жүрмейміз,
Біздерде күн көрсетпес осылар дәл.

Дұшманы жуас аңның қасқыр, қабан,
Жолбарыс, айдаһар да фиғлы жаман,
«Тіл тигізіп достарымды сөктіңіз» деп
Арыстан той тарқатып ашуланған.

Жанжалмен тарқаған той болды тағы
Тағы да жиналысты ан баяғы.
«Хорлыққа өлтірсең де көнбейміз» деп
Ән қосыпнашар аңдар ал шулады.

Той тарқатып тағы арыстан шатырлаған,
Көбіне жанжал үшін қаһар қылған.
Үшінші рет жұрттың бәрін қайта жиып,
Бағзы нашар аңдарды шақырмаған.

Арыстанға бұл байғұстар өкпелеген,
«Ұстайсың бізді хорлап шетке» деген.
Арыстан айтқан: «сіздердің керегің жоқ,
Мәжілісті бұзасыңыз текке» деген.

Бұлардың қалды сөйтіп көз жасына,
Кім білер хорлық келмей өз басына?
Қылмады арыстан уафа тәубесіне,
Аңдардың тоқтау салмай ғауғасына.
Өзі еткен әміріне хилаф келіп
Сақина тілеп алды сау басына.

Сол аңдар емес, дейді, әлі тыныш,
Топтанып ғақылдасқан күнде жиылыс.
Бұларды өзім барып көрмесем де,
Наныңыз, оқушылар, бекер емес.

Ойыңа қалай келсе, солай түсін,
Сыртын көріп құр қойма, аңғар ішін.
Өңдегімдей айтуға қаймығамын,
Секілді еді осылай көрген түсім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұңғыш құрбан

  • 1
  • 1

Мынау кім жатқан, әлеумет,
Жас қабірді жамылып?
Мұнша ардақты кім еді?
Тұрсыңдар бәрің жабығып?

Толық

«Алаш» партиясына қосылмаған ақынға

  • 0
  • 0

Ертеде Бозша деген ел болыпты,
Мекені Тұңғыш деген бел болыпты.
Өзім ғалым құдайдың үйін көрген,
Бозбай деген сол елде ер болыпты.

Толық

Абу Фирастан

  • 1
  • 2

Тағдырдан сұра, қаскүнем,
Бар ма екен менің сасқаным?!
Алысуға бата алмай,
Жалтақтап, сірә, қашқаным?!

Толық

Қарап көріңіз