Өлең, жыр, ақындар

Жан жаңғырығы

Қорғасын таулардың мүйісі сияқты,
Тас-тұғыр иектен құлжалар құлапты.
Құлапты олар да тәкәппар ақындай,
Қалдырып мәңгіге жаңғырық тұяқты.

Құлақты үңгіген қобыздың үніндей,
Мәңгіге мүлгіген тас бейне тіліндей
Үңіліп мен сенің қария жүзіңе,
Іңірде жортамын ілбістің ізіндей.

Шыңырау түбінен, қиянат құздардың,
Қарағай жал кешкен ақ сауыт шыңдардың.
Шындығын естуге, ынтызар жүрекпен,
Жүз бардым, мың бардым...

Тыңдармын!
арғымақ толқынның тепкісін жағада,
Самұрық ойларды тербетсе тау-ана.
Ауаным, аңсарым сенікі дей бердім,
Қазанат болдырған ғаламат далама.

Молалар, шаһарлар өсиет қалдырып,
Мазалай берген соң кеудемнен сан жұлып.
Мен келдім сондықтан күркіреп дауысым
Жөргектен шығады жылаған жаңғырық.

Жусанның хошынан жамылып дүрия,
Жарқабақ бұлттардан жасап бер жылы ұя.
Мен сені құрметтеп, оянып кеп тұрмын
Еңсемді тірейін,
Өлшеусіз дүния!
***
О, менің құдіретті ақ пырағым!
Көк мұхит өмірім көшпелі.
Адассам алдымнан Хақ шығады,
Керуен тіршілік, кеш мені...

Көк ала дәуреннің сәттері,
Ол дағы біреудің тоқыған кестесі.
Таңдайға тамған у тәтті еді -
Өзімшіл көздердің өкпесі.

Ақ қанат пырағым тарт кәні,
Жылауық жұлдыздар төсіне,
Дөңгелеп жазира бақтағы
Жаралған ғаламның осьіне.

Арбауыш тұманнан жүзіп өт,
Ол менің адасқақ арманым.
Теңіздің маржанын сүзіп өт,
Көрейін Жалғанның жалғанын.

Тарпаңым, тартқызбас тізгінін,
Басып өт, бабамның іздерін!
Түндерім түрмесін түңдігін,
Көктемге көшпесін күздерім!

Тұяғы жай отын жаншыған,
Тұлпарым шаң қалмай соңында.
Бейкүнә мәдениет бар шығар,
Тастап кет жолында!

Ақ таңды оятсын дүбірің ақырғы,
Бусанған ғаламда қалдырған соңғы ізі.
Тосып тұр сол жерде ақынды,
Хан қызын жылатқан хор қызы...
***
Сен не деген суық едің, Жасаған?!
Дұға қылып тұрасың ба тасадан.
Махаббаттың жырын оқып келеді,
Мақатаев көшесінде мас адам.

Қиянатшыл адамзат па, білмедім,
Адастырып келе жатыр күндерім.
Махамбеттің атын есту мен үшін,
Қылтамақты қиып түскен күнде өлім.

Тоба тағдыр, жыла тағы, күл енді,
«Абай хакім адамзаттың бірі енді...»
Қастық құртқан қазақты да, қасқырды,
Оған қалай кінәлаймыз біреуді...

Дәуірлерді дөңгелетіп осылай,
Бәрін бірақ, қайтып бердің, апырай.
Мейірімге мұқтаж қылма, өтінем,
Ақындардың әкесіндей а,Құдай!



Пікірлер (12)

guka1988

Жақсы жазылған!

Marzhan_sh

Өлең керемет жазылған!  Талабы мен талғамы бар ақын екен

Алмас

Оте жақсы жазылған өлең жолдары!

Almas1985

Өте жақсы жазылған. Терең ойға салатын өлең.

Ulzhan

керемет өлең шумақтары екен!

Ербулан Нургазыулы

Нуке,
Журекпен жибердин оленин ажарын!

Меруерт

Керемет !!

Нұрай

Мен келдім сондықтан күркіреп дауысым
Жөргектен шығады жылаған жаңғырық.

Мықты жолдар екен.Міне, поэзия!Сəттіллік тілеймін.

Гаухар

Оленнин создери де уйкасы да асем келтирилген, магынасы терен. Талабыныз он болсын!!! Шышармашылык табыс тилейм!

Салтанат

Терең ойлы, қиыннан қиыстырған жолдар екен, шабытыңыз талмасын!!!

Marzhan_sh

Ағасы, жарайсың!  

Гульдан

Сондай асерли олен екен! Маган катты унады!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз