Cарқырама қасында

Бұл бетте «Cарқырама қасында» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 03.02.2018
  • 0
  • 0
  • 2852
Такаббар,
Талқы тауы көк тіреген!
Сол тауда қыран құстар кеп түлеген.
Еркесі сияқты еді,
Сарқырама,
Жартасын жата қалып тепкілеген.
Құлама басын құзар құздан алып,
Керемет,
Құбылыспен қызғанарлық,
Сарқырап жатыр ағып қыс ішінде,
Сезімін селдеткендей бізге барлық.
Бәлкім, ол —
Періштедей пәктігінен,
Талай жыл мені күтіп жатты білем.
Өзіңе созған қолым жетпесе де,
Қанатын жүрек құсым қақты кілең.
Шындарға мен шықпаған жетті ме өлең,
Білместік,
Бәлкім, талай өтті менен,
Құдіреттей құзыңнан құлап аққан,
Қалпыңды бір көрсем-ау деп тілегем.
Сезініп сырттай бәрін жүрекпенен,
Сәттілік саған дәйім тілеп келем.
Жататын құз-қойнауды көзіне ілмей,
Кеудемнен өзіңе ұқсас,
Түлетші өлең!
Бөлендім ойлап сені зарлы-мұңға,
Әйтпесе,
Мен біреуден жарлымын ба?!.
Қойнында шатқал-шыңның өскеннен соң
Алғанмын өр мінездің барлығын да.
Алғызбай жатса да алда асу биік,
Алдыңа келіп тұрмын басымды иіп.
Сарқырама сияқты тасымаса.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып,
Мен де бір ауып кеткен асыл киік.
Өзіңе оралармын сәті түссе.
Жер беті жасанғанда,
Жасыл киіп.
Келіп едім ақырған ақпанында,
Көп-ақ екен жоғалтып,
Тапқаным да...
Қыстың көзі қырауда,
Сарқырама,
Алдымда ақтарылып жатпадың ба.
Толғанып қойған бабам, тасқа да атын,
Өткен ғой,
Тауларға ұқсас асқақ ақын.
Өр өмір кешіп келем өзіңе ұқсас,
Жайым жоқ қысылатын,
Жасқанатын.
Өлеңнен болмаған соң басқа жақын,
Ой сергек,
Сезімімді басқаратын.
Адасқан айдыныңнан аққуыңмын,
Қақтырған армандары қос қанатын.
Жаныңа өтсем деуші ем жара салмай,
Қайтейін,
Жете алмадым ара шалғай...
Қолымнан бар келері —
Ей, Тәңіртау!
Қалармын адам болып,
Аласармай!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Cарқырама қасында өлеңінің авторы кім?

Марфуға Айтқожина — осы өлеңнің авторы.

Cарқырама қасында өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Cарқырама қасында өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Марфуға Айтқожина өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Cарқырама қасында өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері