Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай
Бұл бетте «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты Абай Құнанбайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай —
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.
керемет,мен осы өлеңді таңдап,Абай оқуында 1-ші орын алармын
керемет олен
Бұл өлең кімге арналған?
Менде осы өлеңді таңдадым
Абай Құнанбаев ақын болған
Абайдың өлеңдері керемет мен өлеңін тыңдадым
Маған өлен қатты ұнады
Ағасы Тәкежанға арнаған өлеңі
Кеңнс Үкіметі кеткелі осы өлеңдегі жағдайға қайтып келдік қой. Өзіміздің де обалымыз жоқ, Совет Үкіметіне Кет деген. Өлең ағасы Тәкежанның үйіне барғанда жазылған.
Өте керемет өлең екен
Абай бай мен кедейдің тұрмысын қарама-қарсы қойып, әсіресе қыс мезгіліндегі ауыр жағдайды анық бейнелеген. Кедейдің тұрмысы, баланың күйі, отынның жоқтығы — бәрі көз алдыңа нақты елестейді.