Бұл бетте «Бәрі, бәрі сатулы бұл өмірде» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бәрі, бәрі сатулы бұл өмірде,
сезімің бе, сертің бе, білегің бе,
достығың ба, көңіл мен жүрегің де –
жылаймын ба мен бұған күлемін бе?
Жақсы еді ғой, япыр-ау, жаста бәрі:
жетпесе де ас пенен ақша жағы.
Қара нанды қақ бөліп бірге жеген
қымбат еді достардың қас-қабағы.
Адал едік онда біз – есебі кем,
санамайтын қай үйде неше кілем.
Бүгін біздің сатулы сәлеміміз,
соның бәрі байлықтың кеселінен.
Байлық келді: көксеме, көксе мұны,
жақындарың жырақтап, дос кеміді.
Байлық - патша жанында қанды көйлек
Қызғаныш пен Бәсеке – қос серігі.
Тартылғанда теңіздер ну жағалы
сор қаптайды – Жер жаны қурағаны.
Адамзаттың бар жақсы сезімі де,
қызғаныштың зәрінен уланады.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі