Шортанбай мен Асан Бұғы айтысы
Шортанбай Қанайұлының жырлары 1993 жылы ғана жеке жинақ болып шықты. Сол кітапта Шортанбай мен Асан Бұғының айтысы, құрастырушылардың қолында болмауы себепті, үзінді түрінде жарияланған.
Біз Шортанбай мен Асан Бұғы айтысының толық нұсқасын ұсынып отырмыз. Бұл мәтін Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, «Оспен» кеңшарында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан Әбдіғұл ақсақалдан алынды. Ал Әбекең айтысты кезінде тоқсаннан асып, алпысыншы жылдар ортасында қайтыс болған әкесі, есімі республикаға белгілі ақын -жыршы Мая сар Жапақовтың айтуында қағазға түсірген.
Шортанбай:
Замандасым, ей, Асан,
Тұрақсыз заман, ойласаң.
Бақ шіркінге мәз болма,
Тұрмайды баста байласаң.
Тұрмайтын себебі,
Арқаны алған мынау жау,
Сені де қоймас түбі сау.
Саудамен тапқан тиынға
Әулиедей сыйынба.
Мұсылманның баласын,
Хан, ақсақал данасын
Қыспаққа алған кәпірге
Сенің дағы малыңды
Тартып алу қиын ба?!
Хақ пайғамбар тұқымы ем,
Медет берген бір ием.
Елдің зарын жеткізіп,
Сөз сөйлеген жиында
Айтыспақ боп менімен
Ниет еттің, ақыным.
Қайыры жоқ сөз айтып,
Кесапатқа көз айтып,
Тектен-текке күпір боп,
Шатыс бассың, жарқыным.
Бұғы:
Көп сөз айттың, Шортанбай,
Не демейді қу таңдай.
Мешітке ие қожасың,
Жанғұттымен құда боп,
Бар жақсыдан озасың.
Ойламасаң дүние ісін,
Есбаймен неге жақынсы.
Сөзіңе жұрт ұйыған,
Дес бермеген ақынсың.
Кереку, Семей барғыштап,
Ат, арғымақ алғыштап,
Ойлап кеттің бақ ісін.
Сен пайғамбар тұқымы,
Мен Әндіжан қожасы,
Тек сен ғана жақсы боп,
Бәрімізден озбақсың.
Саудамен дүние жиды деп,
Бұл орыстың ісі деп,
Алдымызға тосасың.
Шортанбай:
Сөз айтайын Асанға,
Дүниеге мақтанба,
Жәрмеңкеде қақтандың,
Дәулетің судай тасқанға.
Дүниеқордың мәнісі —
Жетпіске келді бұл жасың,
Дүние болды жолдасың.
Тәнім отқа күймесін,
Тілім менің тимесін,
Арғы атаң аруақты,
Қожасы еді бір елдің.
Жақсыдан шыққан қу келдің,
Ата жолын ұмытқан.
Дін оқытып жөн айтпай,
Жаратушы иені айтпай,
Саудамен кеткен өз басың.
Таласың бар жалғаннан
Әлі де болса аспаққа,
Дүниенің боғы үшін,
Күнде жосып аптықпа,
Ұяларсың лахатта,
«Мен раббың» деп сұрағанда.
Асан Бұғы:
Қаратаудың халқы едің,
Бір атадан жалқы едің,
Есек мінсек айып не?
Әуелде күнә жанға қас,
Арқаға келер, болар мас.
Мені бүгін сарт дейсің,
Қалжақтан ауыз жимайтын,
Дуалы сөз ішке сыймайтын,
Ала қашпа көк езу,
Сені атады Қызылбас.
Пір болған соң тантық,
Қалай заман бұзылмас.
Шортанбай:
Жәдігөй жарғыш болмаңыз,
Ақырет қамын ойлаңыз.
Жасың жетті жетпіске,
Иман бер деп сұраңыз.
Арқаға шығып нан жедің,
Нан жедің де дәндедің.
Сұлуы болса сүйсем деп,
Жүйрігі болса мінсем деп,
Күннен күнге сәндендің.
Арқадан қылып жайлауды,
Әркімнен алдың байлауды.
Қиямет күні болғанда,
Қандай жерде мекенің
Сеп ғаріптің сайлаулы?
Бұл айтқаным — ақылым,
Аталас туған жақыным,
Қиямет күн кез болса,
Пайдасы болмас қапының.
Ағартты құдай басыңды,
Өлшеп те берген жасыңды,
Сауда деген — елді арбау,
Қоярсың енді осыңды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі