Өлең, жыр, ақындар

Бұл бір түрлі сөйлегені

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2844
Ішінде әбдіренің садап жатыр,
Гауһар бар ол садапта, алсаң батыр.
Ие боп сол гауһарды сақтай алған-
Бір басы неше мың сан жанға татыр.
Болғанда: садап-жүрек, кеуде-сандық,
Біз қашан ол гауһарды қолдан салдық?!
Кім салып, кім қойғанын - біледі кім?
Ісіне құдіреттің аң-таң қалдық!
Қойдың бір құлағынан жүрек кіші,
Бір уыс қанмен толған оның іші.
Ет[ит] жүрек жаман үйде қалғандықтан,
Бұзылар өз-өзінен сонан кісі.
Құтылса ет[ит] жүректен көңіл аты,
Қандырар құлақ құрышын жазған хаты.
Қолмен жасап аларлық жұмыс емес,
Аспанға шығарсын ба жасап саты?!
Белгілі ат болары құлын-тайдан,
Болмаған құлын-тайда болсын қайдан?!
Аспан түгіл, өтеді ар жағына,
Күш-көмек келе берсе, бір Құдайдан!
Бір үй бар, басып оны адам кірмес,
Ол үйде бір қапас тұр - ешкім көрмес!
Бір құс бар - сайрап тұрған сол қапаста,
Даусы қайдан шыққанын - бір жан білмес!
Адамның - кеудесі үй, қапас - жүрек,
Орнаса ол қапасқа, көңіл - зерек!
Бойынан мұның бәрін тапқан жанға
Бұл дүние бары-жоғы неме керек?!
Жұмысым: өлең жазу - менің дайым,
Қылмаймын бұ жалғанды тіпті уайым!
Өзімді өз басыммен алдандырып,
Осындай күйге салған бар Құдайым.
Көзімнен неге ақпасын саулап жасым,
Жатыр ғой арзанға өтіп асыл тасым!
Көк пен жер - дәнемемен жұмысым жоқ,
Таусылмай тамашасы бір өз басым!
Дүниемен болып жүрмін мен екіұдай,
Әурелік, балалығым бұрынғыдай.
Қараумен өз бойыма күнімді өткіз,
Басқаға көз салдырма, патша - Құдай!
Қалады-ау анда-санда көңілім кетіп,
Құдайдың шеберлігін тамаша етіп!
Дағдарып, дал-дал болып отырамын,
Біле алмай бір де бірін зейінім жетіп!
Ішкен астың көңілім жүр жетегінде,
Бір үзе алмай бұйдамды кетемін бе?!
Басқа біткен құйрығы жандардың
Әлі күнге көзіміз етегінде.
Хайуандарға тамаша құйрық бітіп,
Ұят жерін жасырып, көз таса етіп.
Ешкінікі жалғыз-ақ ерсі болды,
Көкке қарай шош[айып] шығып кетіп.
Көре берсең, ғибрат бар, мұнда ерсі,
Құлағыңа айтайын, бермен келші!
Дәл басында құйрығы - жануар бар,
Ешкіден де бұл ерсі, жүріп көрші.
Құдіретіне Құданың есім кетіп,
Білмеген соң мәнісін, зейінім жетіп.
"Бізді құмар несіне қылды екен?!"- деп,
Соның үшін қараймын, тамаша етіп.
Демеңдер: "Неге миы ашымайды,
Миы өсіп, жастағыдай тасымайды?!"
Дағдарып, дәнемеге ойым жетпей,
Атамын дамыл-дамыл насыбайды!
Бұ сағат табылмайды барсам, баршы-ау,
Менікі - өз-өзінен шаңқап аңсау.
Емес пе миы ашыған, алжығандық,
Отырып - өзінен-өзі текке шаршау?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Байдалының Исасына

  • 0
  • 0

Қолыма қағаз, сия, қалам алдым,
Алданып сұм жалғанға жолдан қалдым.
Қосылған көптің басы жер болған соң,
Жәрмеңке-Баянаула - соған бардым.

Толық

Шонтыбай қажы

  • 0
  • 1

Ассалаумағалейкум, ай, Қажеке!
Медине, құтты болсын, бардың Мекке,
Қыл-көпір ол, сираттан өткендей боп,
Сау кайтып есен-аман келдің жеке.

Толық

Хамза өліміне

  • 0
  • 0

Ауырып, тынышымды алды, күнде басым,
Бойыма бір тарамай ішкен асым.
Мезгілсіз шаш, сақалға ақ кіргізіп,
Көзімнен тарау-тарау аққан жасым!

Толық

Қарап көріңіз