Өлең, жыр, ақындар

Ару мен ән қазақ аруы

  • 16.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3944
(поэма)

1. Алтыбақан
Көнерді қазағымның салты қашан,
Көңілім көншімейді шалқымасаң.
Саздауытқа тігіліп ақбоз үйі,
Айлы түнде тербелген алтыбақан.
Жабығар жанды мұңнан аршымасақ,
Сенің арқаң, жамбыдай жарқырасам.
Сұлу дүние, тылсым үн тұнып тұрған,
Тыңдаумен тербеледі алтыбақан.
Қалмас-ау бұл кештері айтылмас ән,
Қадірі болмас та оның жай тыңдасаң.
Сергітіп, сері әнімен серуендетіп,
Тынымсыз тербеледі алтыбақан.
Ой кемеде толғанып тербелем де,
Берілем кеште айтылған шерлі өлеңге.
Бір баяулап, біресе шарықтайды ән,
Алтыбақан сыры көп көрмегенге.
Өтті-ау талай өмірмен алысқандар,
Естіледі талықсып алыстан зар.
Жайшылықта қол жетпей бір-біріне,
Алтыбақан үстінде танысқан жар.
Еске алсаң өткен өмір елестерін,
Жас ару,
сен еріксіз емес пе едің.
Болмаса айлы кеште айтылған сыр,
Зар еді-ау өмір бойы кеңескенің.
Өзекте кеткен еді жанып жалын,
Өткен күннен мен талай зар ұққанмын.
Ат үстіне өңгеріп алып қашып,
Сен құрбаны болғансың барымтаның.
Мен текке азап шегіп камықпадым,
Бұл өмірден менің де бар ұққаным.
Сен көрмеген жақсылық өтеуіне
Келеді тасып, шалқып шарықтағым.
Кім үзді, ару әнің — талшығыңды,
Сен татқан махаббаттай бал-шырынды.
Бұл менің өзің менен сырласқаным,
Жасырмашы, жас ару, жан сырыңды.
Сонау бір сайран құрған күндерінде,
Күлгенде жанарыңнан күн көрінді.
Сол нәзік сыңғыр үн мен пәк күлкіні.
Айтшы маған,
Жас ару,
кімдер үзді.
Мен сені күндемеймін, қызғанбаймын,
Өшпес өмір, жүрекке — сызған қайғың.
Сен егілсең өзім де қоса егіліп,
Тынышын тылсым түннің
бұзғандаймын.
Күйінем, көне шерге өртенемін,
Өзің де сондай нәзік, өртең едің.
Көріп қалам көзіңнен бір қуаныш,
Жас ару, айтшы кімге, еркеледің.
Ернінде бүгіп қалған әзіл бардай,
Жымисаң — көңіл бұлты жазылғандай.
Жанарың көз біткенді тайсалдырған,
Жан секілді жаралған — әзілі балдай.
Ботадай мөлтілдеген көзің қандай,
Кімдерге айтып едің сөзіңді арнай.
Көргенде сұлу көркің сүріндіріп,
Ер жігіт — аттан ауған, төзім қалмай.
Аш белде қара бұрым толқындаған,
Күні жоқ көзді нұрға толтырмаған.
Болса дейтін ер жігіт Жары сондай,
Сұлу мүсін,
шыбықтай
солқылдаған.
Бар қасиетті бойыңа жиып берген,
Кім бұндай нәзік мүсін құйып көрген.
Сонша ма сұлулықты, айтшы аруым,
Сауғалап алдың ба екен,
тұнық көлден.
Жанарға жиналғандай жылу біткен,
Сонша ма таң-тамаша сұлулықпен,
Қалайша шыдағансың тасып кетпей,
Айтшы аруым, қалмасын,
сырың бүккен.
* * *
Бүгінгі күнің, сенің ғажап тіптен,
Алдық ғой оны нұрлы азаттықпен.
Келтірген сұлулықты дүниеге,
Өзі де, жаны сұлу,
қазақ біткен.
Қашан да қиындықтан жалтармадың,
Келді-ау төзіп бәріне шалқар жаның.
Октябрь таңы емес пе алаулатып,
Жарқыратқан қазақтың —
Шолпандарын.
Жүректің жазып енді жарасын да,
Жақсы күнге жанымыз жарасуда.
Көздің жасын құрғатып, тебірентті-ау,
Қасіретпен қамыққан —
сарасында.
Көне шежіре қазақтың қариясы,
Ол халқының шалқыған дариясы,
Кешегі отты күнде — найзағай боп,
Жауын оқпен жайпаған,
Әлиясы.
Көкке иық тіреген самсап құзың,
Көрген емес қасірет жаншып жүзін.
Сол құздардың болған соң қарлығашы,
Биік тұр, теңдесінен
Мәншүк қызың.
2. Ару
Кеудеде сапырғандай дауыл күшін,
Шел даладай тілеген жауынды шын.
Әлемге аты әйгілі, қазақ қызы,
Кешегі,
Азап кешкен,
Арумысың.
Әлемге паш ететін жүрек күшін,
Ақ махаббат, ақ ниет, тілек-күшің.
Көл орнатып кететін көз жасынан,
Сен кешегі,
Ән — Гәкку,
Жібекпісің.
Азамат, азап шеккен жақтығы үшін,
Ақ өліммен тынатын ақтық ісің.
Қалың елді қайғымен қайыстырған,
Ақ — Баян,
Әлде қайран,
Тоқтымысың.
Қасіретіне кештірген даламды шын,
Көзге де ілмей тағдырдың тамам күшін.
Тіл қатып тұрған сонау тас мүсіндер,
Сен әлде,
Менің шерлі,
Анамбысың.
Тұншығып көз жасына еңіресін,
Сен кімнен алғандай ең өмір өшін.
Өлеңменен өрнектеп көрейінші,
Жас арудың
Таусылмас,
Шежіресін.
* * *
Көнерді қазағымның салты қашан,
Көңілім көншімейді шалқымасаң.
Саздауытқа тігіліп ақбоз үйі,
Айлы түнде
Тербелген
Алтыбақан.
Жабығар жанды мұңнан аршымасаң,
Сенің арқаң жамбыдай жарқырасам.
Сұлу дүние, тылсым үн, тұнып тұрған
Тыңдаумен
Тербеледі
Алтыбақан.
Қалмас-ау, бұл кештері айтылмас ән,
Қадірі болмас та оның жай тыңдасаң.
Сергітіп, сері әнімен серуендетіп,
Айлы түнде
Тербелген
Алтыбақан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір ауыл бар

  • 0
  • 0

Бір ауыл бар Қаратау бөктерінде,
Бұлбұлы құштар еткен төккен үнге.
Қол бұлғайды ақша бұлт
Алыстан-ақ,

Толық

Асау арна

  • 0
  • 0

Сезімнің өзі де бір асау арна,
Жатпайды ол тығылып тасаларда.
Келер ол көктем болып,
Күй бөктеріп,

Толық

Ән еді ғой ұмытқан

  • 0
  • 0

Маңай жым-жырт кешкілік,
Бұлттар — кеме көктегі.
Жатты бір ән естіліп,
Қоңыр үйден шеттегі.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар