Өлең, жыр, ақындар

Ұлы көш

  • 19.08.2018
  • 0
  • 0
  • 12652
Кавказ бен Алтай, Алатау,
Асқар, асу белімсің,
Шығысым — қиыр зор тайга,
Құрсанған болат темірсің.
Батысым — байтақ Украин,
Гүлденген бақша гүлімсің.
Солтүстік — ұлы мұхитым,
Ұшан дария шегімсің.
Қытай мен Қырым арасы,
Бір жағың орыс даласы,
Тұтаса жатқан тұла бой,
Ортаң Орал саласы:
Колхоз бен совхоз, өзімсін.
Осылардың ішінде
Алтын ошақ Отаным,
Советстан — Гүлстан,
Жайнаған менің елімсің.
Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр күн,
Бұлдырап кеткен құрғыр күн,
Бұрынғы күнім күн бе еді?
Күн емес қара түн еді,
Тар құрсаулы таж тақыт,
Патша бізді биледі,
Халыққа қара жамылтқан,
Арылмас азап сабылтқан,
Қанау, талау, отарлау,
Қара түн түнек түрме еді.
Ату, айдау, оқ, қылыш,
Жаралау, асу, құл қылу,
Патшаның болды білгені.
Рахымсыз қара бетінде,
Зұлымдық, зорлық ниетінде,
Адамдық жылы шырай жоқ,
Халыққа қарап күлгені.
Патша тағын, бай бағын,
Қайтып сақтап қалам деп,
Өткен заман заңының
Осылай өмір сүргені.
Ал бүгін міне, жарқырап
Нұрың шашты алтын тақ.
Әлемге бірдей сәулесі
Октябрь деген ұлы заң.
Заң болғанда қандай заң,
Көрмеген бұрым ешбір жан.
Шын бахыттың адамға,
Есігін ашқан гүлстан.
Арманға бізді жеткізіп,
Қайғыны ойдан кеткізіп,
Мәңгі жарық алтын күн,
Туғызған бізге бұл заман.
Еркіндетіп еңбекті,
Бел ал деген осы заң.
Оқу оқы, білім ап,
Жөн ал деген осы заң.
Еңбек ет те, міндет ет,
Дем ал деген осы заң.
Әйел, теңсін, праваң —
Сен ал — деген осы заң.
Қартайсаң да қайғың жоқ, —
Жассын деген осы заң.
Бұлбұл үнің бұлақтай, —
Тассын деген осы заң.
Елдің шетін күзету
Ең ардақты праваң.
Жорғалап келсе сұр жылан
Желкесін қыйып, жеткізбей
Кесе бер деген осы заң.
Сансыз халық достасып,
Он бірің қол ұстасып,
Өсе бер деген осы заң.
Бүгін міне, қарасам,
Бір көш кетіп барады.
Салтанатты, сәулетті
Гүлдей болып жанары, —
Масаты кілем жамылған,
Алтыннан қоңырау тағылған,
Дабысы жерді жарады.
Адамы гүлдей жайнаған,
Қызыл жалау байлаған,
Ел қуанған бір думан,
Шырқатып әнге салады.
Ұлы Одақ елімнің,
Бұл кеші алға жөнеген.
Баратын жері бір жайлау,
Елімді нұрға бөлеген.
Коммунизм жайлауы,
Рахаттың мәңгі дүниесі,
Түнді таңға теңеген.
Түскен жолы даңғыл жол,
Мүдде ғып, өткен көрсетіп
Энгельс, Маркс көреген.
Жолға көшті бастаған,
Ленин дана қолымен,
Сталин бастап барады,
Айқын тартқан жолымен.
Құладың ұшпас құмдардың,
Қарсақ жортпас құздардың,
Ойы, қыры, жонымен.
Бұлдыр-бұлдыр белестен,
Көш аса алмас дөңестен,
Елім асып барады.
Адам ұлы көрмеген,
Көрмек түгіл білмеген,
Асу-асу жерлерден,
Көшім асып барады.
Көш бастаған Сталин,
Адастырмай бір жолдан —
Ерім асып барады.
Басқан сайын тамаша,
Сан жітпейтін санаса,
Бахыттың шамы жанады.
Сталин кештің басында,
Сан жолдасы қасында,
Көш асатын жерлердің,
Бұлжытпай жолын табады.
Каганович жасасын!
Ұлы көшке жол аштың,
Белес-белес өрімнің,
Сыры жұмбақ жерімнің,
Қоймасынан мол аштық,
Қорғасын, болат, көк темір,
Мұнай, мырыш, көк көмір —
Түбіне жете сен аштың.
Қызығын кепке көргіздің,
Жемісін елге жегіздің,
Асқар тау, кең даланың,
Құмның, шөлдің жон астың.
Молотов жолдас, көп рахмет!
Бахытқа елді бастадың.
Сталиндік декретпен,
Түнекті түріп тастадың.
Кештегі кеп елдердің
Бір атадан туғандай,
Қостың мәңгі бастарын.
Ворошилов батырым!
Атыңа сай ақылың,
Әскеріңді бастадың.
Болаттан Сұңқар ұшырдың,
Алмастан қару пісірдің,
Құрыштан сауыт кигіздің
Елімнің жер-су, аспанын.
Калинин батыр, көп жаса!
Түлік малды өргіздің.
Салтанатты орнатып,
Қуанышты көргіздің.
Микоян жолдас, ардақты
Ерімізсің сен біздің.
Ет пен қымыз, күрішті,
Нелер тәтті жемісті,
Еліңе еркін тергіздің;
Молайтып байлық, несібе
Қуат беріп көшіңе
Мол береке енгіздің!
Батыр өскен ұланым,
Қырағы көз қыраным,
Тұманды, түнде сақтаған
Көшін жаудан шырағым!
Фашистердің тығылған,
Жабықтағы жыланып,
Жорғалатпай Отанға
Күлін көкке ұшырдың,
Талқандап жаудың планын.
Куәсі ғасыр Жамбыл қарт
Көз салған дүние шегіне.
Ұлы көшке ілесті
Тұлпар атпен тебіне.
Қолында алтын. домбыра
Аузынан жыры төгіле,
Шырқатып әнге салады,
Даусы жерді жарады,
Он саусағым жорғалап,
Домбыраның шегіне.
Миллион рахмет айтамын,
Сталиндей еріме,
Асудан қыйын еткізген
Арманға қолды жеткізген,
Халықтың кемеңгеріне,
Даңқынан жау күйреген,
Ілгері елін бастаған,
Мәңгі бахыт жайлауы —
Коммунизм көгіне!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Клим батыр

  • 0
  • 0

Қылышынан қан тамған,
Найзасынан зәр тамған,
Іргелес елді жылатқан,
Ордасын, туын құлатқан:

Толық

Соңғы сөз

  • 0
  • 1

Сөндің бе жарқыраған шам-шырағым,
Қалдың ба тас бітеліп қос құлағым?
Жатсам да төсек тартып дәрменім жоқ,
Сеп болып сөйлетесің жалғыз жағым.

Толық

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясын ашардағы үш орденді халық ақыны, депутат Жамбыл Жабаевтың сөзі

  • 0
  • 1

О жолдастар, жолдастар!
Асыл тастан шығады,
Ақыл жастан шығады.
Әділдіктің түрлері,

Толық

Қарап көріңіз