Өлең, жыр, ақындар

Ғасыр қасіреті

  • 23.08.2018
  • 0
  • 0
  • 6485
поэма

1
Қай заманда тимеген жанға сүргін?
Тыртығы мен тарихтың таңбасы — ырғын.
Қайсар халық қаншалық күрессе де,
Қасіреті қалмаған әр ғасырдың.
Қарап тұрсаң дамудың мәңгі заңын,
Адам жолы — қиямет, зарлы жалын.
Ғасырлардың иығы — қызылала...
Мен айтпай-ақ қояйын арғы жағын.
Мен бармай-ақ қояйын ар жағына,
Мың-мың жылдың дауына, жанжалына.
Құдіреттей күркіреп өктем келген
Өз ғасырым не қосты мал, жаныма?
Өзімдікі — қым-ғуыт жаңалығы,
Өзімдікі — мінезі, даналығы.
Жұмбақ ғасыр, монтаны, кесір ғасыр —
Түбегейлі белгісіз әлі анығы!
Марапаттап қуатын, құтты күнін,
Жиырмасыншы ғасырдың мықтылығын,
Жиырма жылдай жырлаппын көштен қалмай,
Көзімді ашсам, көкірек күпті бүгін!
Мақтаныппын, мақтаппын — безінбеймін.
Ғашық болсын өмірге өзімдей кім?
Бірақ менің кеудемде жатушы еді
Жаутаңдаған ботаның көзіндей мұң.
Тамырынан байласа, босар шыбық...
Айта алмаған жүрегім жас аршылып.
Түйнек болып жататын ар жағымда
Атамды арам өлтірген ашаршылық.
Қасіреттен, қорлықтан халық талған,
Қасқыр, адам — бір екен, анықталған.
Етегіне көйлектің тығып ұстап,
Жалғыз ұлын жан әжем алып қалған.
Кең даламда береке, ырысқа бай
Кенеттен кеп тарылды тыныс қалай?
Алған шаштай мал деген сыпырылып,
Адам неге қырылды құмырсқадай?!
Кім ойлаған болар деп қиын мұндай,
Илікпеген басты да иілдірді-ай!
Есін алып, айырды иманынан,
Тәңіріне, дініне де сиындырмай!
Дәуіріме тигенде дәу зіл бүлік,
Ішімізден көбейген жау жын қуып.
Тұрам деген адамды тұралатып,
Айтам деген адамның аузын буып.
Шындығы мен сұмдығы сұрыпталды,
Рухты алды жоқшылық, ырықты алды.
Үңірейген үй қалды жан орнында,
Мал орнында жүген мен құрық қалды.
Құлын, бота, қозы мен лақ бәрі
Қайда кетті түк қалмай тұяқтары.
Көктем гүлін көре алмай,
Қар астында
Қалды қамбар атаның пырақтары.
Қатып қамбар атаның пырақтары,
Сөніп жатты жанары — шырақтары.
Сұрақтары қағылып ілмешектей,
Туды өмірдің басқаша сынақтары...
Аз дегендей
Мұншалық жұтты, лаңды,
Таппаса да дәлелдеп түк күнәңді,
Түніменен бір жаққа алып кетіп
Жатты
Жақсы, жайсаңды, мықтыларды.
Жала жабар, аузыңды ашсаң ғана-ақ,
Жас сәбидің көзінен жас сорғалап!..
Опасыздар құтырды орын алып,
Қорқақтары құтылды бас сауғалап,
Ағайыны, әйелі қыспақ көріп,
Аяқ асты үрейлі түс тап келіп,
Дұшпанынан секем ап жүргендерді
Дастарқандас достары ұстап. беріп...
Тыңшылар көп.
(Тыныш жүр, айналып өт)
Ақылдыны аңдиды әй, нағылет!
Қаймағынан халықтың
Қайта-қайта
Айырғанда,
Жүрдің сен қайда, әділет?!
Бағын десе, баладай бағынамыз,
Таласпадық ешкімнің тағына біз.
Қайта-қайта абақты, ату, айдау,
Айтсаңдаршы, бар еді не кінәміз?!
Қоштаса алмай үйімен жөндеп тіпті,
Үміт таңын көкелер шөлдеп күтті.
Әділ заңның адамы дегендерің
Әкіреңдеп, көрсетті жендеттікті.
Алыстады ата жұрт, бала, қызық,
Бір жауыздар көңілі қара, бұзық,
Тепкіледі аямай ананы да,
Ақынның да аузынан қан ағызып!
Айдатқанын білесің, айдатқанын,
Ай батқанын білесің, Ай батқанын.
Неге атқанын білмейсің, кім атқанын,
Сайда атқанын... білмейсің, қайда атқанын.
Қаталдығын көрсетіп ғасыр барша,
Сүйектерін жел мен құм жасырғанша,
Белгісіз боп бейіті...
Әлі күнге
Гүл қоя алмай отырған жесір қанша?!
Қанша сынақ? Құдай-ау, қанша сұрақ?
Қанша жұлдыз құлады, қанша шырақ?
Қан шашырап Сталин шеңгелінен,
Сөздерінен төгетін сонша шуақ.
Шыңғырсаң да шықпайды шындық одан,
Жан алғышты жинады жынды, надан.
Миллиондарды мың қолмен қырып тастап,
Пірге айналған міз бақпас сұмдық адам!
Табанында ождан мен арман жатты,
Көрсетпеді көкелер өлген жақты...
Қараңғыда атылған боздақтарды
Боралдайдың бораны қармен жапты...
2
Бастан кештік
Кезекпен езгі, аяуды,
Жазар дедік жаңа кез тез қаяуды.
Көгендерден босадық,
Сонда да біз
Көпке дейін жүріппіз көз бояулы...
Кісендерді ағыттық, лақтырдық,
Дүниеге қарадық, құлақ түрдік.
Бәрі жақсы деп жүріп,
Өзімізден
Қателіктер кеткенін бір-ақ білдік.
Даңққұмарды дақпырттап, дастан қылып,
Асып-тасқан өкімді аспанға іліп,
Қара халық томпаңдап жұмылды іске
Жоғарыға бас шұлғып, жоспар қуып!
Жаппай жарлық, өресіз өкім туып,
Өткелсізге ұрындық, көпір тұрып.
Көлді былғап,
Көбейтіп АЭС-терді,
Ғарышқа ұштық көктің де бетін тіліп...
Кем емес ек, дастарқан, ықыластан,
Химия иісі шығады бүкіл астан,
Темір қанат құстардың қуатынан
Жыртылады түтін боп бүтін аспан.
Арнасымен ақпайды өзен де кең,
Жайлау қайда самалдың сазы емдеген?
Күн нұрының құрамы қатты өзгеріп,
Қауіп туды "тесілген озон" деген.
Құдіретке сенбедік сесті деген,
Кеңесуге көнбедік естіменен.
Қару түрі көбейді қара жерде,
Ауру түрі көбейді естімеген.
Дария жоқ жататын толып ағып,
Жылдан-жылға жүдейді қорық анық.
Орып алып орманды жер бетінен,
Жер астының мұнайын сорып алып.
Аямастың айқарып қилы есігін,
Туажаттың сыпырып сый, несібін.
Қопарылыс,
Жарылыс жасап қолдан,
Табиғаттың бұзды адам үйлесімін!
Жұмақ іздеп қай жаққа қаңғырмақпыз
Ертең қалай ел болып, сән құрмақпыз?
Шөбі шүйгін, суы бал, ауасы нәр
Жайнамаздай таза жер қалдырмаппыз.
Оңай емес ақтарып тауысуым,
Ішімізге сақтадық намыс уын.
Ішіп отыр теңіздің бойындағы ел
Қырық жылғы құбырдың сары суын.
Ойлайтұғын ер қайда түбін барлап,
Бірін жөнсіз есірттік, бірін қорлап...
Мансап пенен абырой алғандардан
Ел тұрмысын сөйледі кімің қорғап?
Зиянды ауа самалмен таратылып,
Салғырттықтан қайысты қанат, уық.
Әйелдердің ағарын қызыл қаны,
Құлағы жоқ, қолы жоқ бала туып.
Келешегің көрінсе көмескі егер,
Үрей басы пілдей боп елес берер.
Шешесінің ақ сүті іріген соң,
Шетінейді жазықсыз нәрестелер,
Кең жайлауға киіз үй пырдай қонып,
Отыратын өрісің тұрмайды оңып.
Домбыраны менсінбей, діннен безіп,
Шыға келдік дәстүрден жұрдай болып.
Ыстан әрең көрінер шыққан күнің,
Ұнтақ қосқан айран мен сүт бар бүгін.
Егін ексең, мал жайсаң —
Жер құнарсыз,
Айтыңдаршы несі кем жұттан мұның?
Қайда менің кеңдігім, биіктігім?
Жанарына жұлдыз да жиыпты мұң.
Бетпақдала, Сарыарқа сая болмай,
Қырылуда сайғақ пен киік бүгін.
Қасіреттен болмайды сырт тұруға,
Көкке қарап, көбірек ит те ұлуда,
Бақа-шаян көбейіп құмырсқадай,
Құрғақта піл, мұхитта кит құруда.
Мұхиттардың тағдыры тіпті мұңды.
Асылдары азайды құтты, құнды.
Мұнай төккен, у шашқан ессіздікті
Кімге қалай білмейсің ұқтыруды.
Сыңғырламай жүректің інжу әні,
Көкке қарап көңілім тұнжырады.
Ракеталар осылай ұша берсе,
Жұлдыздардың шаңдарын кім жуады?!
Әже арқалап барады немересін,
Қарап тұрып мейірімге бөленесің.
Немересі не көріп, не біледі,
Келер ғасыр, сен оған не бересің?
Болашағын бұл адам қорғамапты.
Бозторғайлар соңғы әнін сорғалатты.
Келе-келе түйелер құрып бітіп,
Кемелері Аралдың сорға батты.
Қыран кетті, тұлпар да тұралады,
Қиянаттан қиямет құралады.
Адамдардың ісіне түлкі түгіл,
Аң патшасы Арыстан шыдамады.
Жауып келе жатқандай алып тұман,
Назаланып жылай ма жарықтық аң.
Ауытқыған заңдар мен замандар-ай,
Қалай ғана шыдаған халық бұған.
Адам деген осынау ат — тамаша!
Есірмесе тек қана шектен аса!
Жоқ боп кеткен аңдардай жоғалады
Бірін-бірі бірігіп сақтамаса!
Баяғыда басталған қауіп, күмән,
Қайда жүрген саңлақтар сайыпқыран?
Бір жыл емес, он да емес,
Одан да көп...
Қалай ғана шыдаған халық бұған?!
Тіл білмесе, емес қой айыпты ұлан,
Тәліміне бермеппіз байыпты мән.
Кім зорлады,
Алған кім тілін кесіп?
Кінәлі емес деп көрші халық бұған?!
Тіліңе ерік беретін күн туғанда,
Шуақ шашып дүние құлпырғанда,
Ақыл, намыс оянып түр-тұлғаңда,
Ынтымаққа, не жетсін, ұмтылғанға!
Кешірімпаз,
Мейірімді дала анық кең.
Көз алартпас ешкімге алалықпен.
Қазақпыз біз, қарайтын барлық ұлтқа
Бауырмалдық сезіммен,
Даналықпен!
Ақын тарих керуенін еске алады,
Ескі кетіп, жаңа өмір басталады.
Адам бүгін ауасын, топырағын
Қорғамаса бірлесіп, кеш болады!
Ақын заман көштерін еске алады.
Ескі кетіп, жаңа өмір басталады.
Адам бүгін рухын, ұлан Жерін
Қорғамаса бірлесіп, кеш болады!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Уақыт пен жастық жыры

  • 0
  • 0

— Ақ таң едім,
Алаулы кештер едім,
Күн боп,
Түн боп мезгілді кестеледім.

Толық

Күй

  • 0
  • 0

Жалғаннан мынау безінген,
ботасы өлген боз інген,
сүт ағызбай емшектен,
қан ағыздың көзіңнен.

Толық

Пәк табиғат таратып

  • 0
  • 4

Пәк табиғат таратып бар асылды
Жәудір жанар гүлдердің бәрі ашылды.
Әр маусымның өзіндік бояуы бар
Өр бояудың әні бар жарасымды.

Толық

Қарап көріңіз