Өлең, жыр, ақындар

Жеңіліс

  • 23.08.2018
  • 0
  • 0
  • 15884
Сұстылay жауынгерге жолықтым да,
Есім кетті. (Жоқ еді ойымда дым)
Жеп қоярдай қарап ең, қорықтым ба:
Жеңілдім деп үн-түнсіз мойындадым.
Қарағанға қараушы ем айбаттана,
Мен де өзімше өр едім,
асқақ едім.
Қаһарланбай жаулап ап,
жайлап қана
«Қаруыңды түгелдей таста» дедің.
Таңдантпаған думаны бақтардың да,
Қызықтыра алмаған атақ барлық...
Сен келіп ең,
талқан боп
жатты алдыңда
Жалғыз мықты қаруым — тәкаппарлық.
* * *
Сүйеді деп ойлауға жасқанар да ем,
Таныстар да ол жайлы ойламаған.
Бірақ сүйем дейтұғын басқалармен
Бақытты бола қою қайда маған?
Өзін өзі ұстау да кісіге сын,
Көздеріңді қадайсың отты, үмітті.
Алыс жүріп жанымды түсінесің,
Мен үшін соның өзі жеткілікті.
Біреу арбар сөзімен, күлкісімен,
Жақтырмайсың сен ерсі көп қылықты.
Алдымен мені іздейсің жұрт ішінен
Ал маған соның өзі жеткілікті.
Үндемейсің,
кеудеңде жанады арман,
Мені ақтайсың жадыңда болмай бір қыз.
Байқайсың ба, өсектен, жалалардан
Бірімізді біріміз қорғаймыз біз.
Мазалайсың ойымда тұрасың да,
Сенің әрбір қылығың ерекше ұнар.
...Бұл нәзік сезім жайлы, расында,
Айтпай-ақ қоюымыз керек шығар?
* * *
Жаңалық жоқ қалада —
Такаппарлау таулардың басы бірақ
Күндегіден шыршалар жасылырақ,
Жаңалық жоқ қалада —
Жылғалардың өзгеше жыры бірақ,
Күндегіден қыздар да сұлуырақ.
Жаңалық жоқ қалада —
Дүниенің сүйкімді бәрі бірақ,
Күндегіден көшелер жарығырақ.
Жаңалық жоқ қалада —
Бірақ, бірақ қаласың мейрам ба деп,
Жұрттың бәрі шыққандай сайранға көп.
Жаңалық жоқ қалада —
Бірақ ешкім білмейді мұңды, үрейді,
Бұлттың өзі жібектей үлбірейді.
Жаңалық жоқ қалада —
Ән салады құс түгіл тас та бірақ,
Күндегіден астана асқағырақ.
Жаңалық бар ал менде —
(Жұмысы жоқ біздермен, ел не десін?!)
Түңғыш рет жанымда сен келесің!
* * *
Табылды-ау саған да мұң, маған да мұң,
Сен мұңайсаң қиналып алаңдадым.
Қалың жұрттың ішінен қанша қарап,
Саған ұқсас бір адам таба алмадым.
Жанға ұқсамай құртасың шарамды да,
Жанға ұқсамай жазасың жарамды да.
Жүз кісінің ішінде тұрсаң дағы,
Алдымен сені көрем қараңғыда.
Осы ма еді тілегім жасағаннан,
Зарықтырған күндерін тосады алдан.
Сағынғанда үніңді, қабағыңды,
Көздеріңді таппадым еш адамнан.
Есіме алсам,
өртейді ішімді өлең.
Ешкім мені өзіңдей түсінбеген.
Мүмкін сені сүйетін шығармын-ау
Ешкімге ұқсамайтының үшін де мен.
* * *
Айналдырып уақытты құйын күнге,
Құйыныңмен еркімді ап үйірдің де,
Ғашық еттің,
ал енді
Қалай сені
Сүйетінімді бейнелеу қиын мүлде.
Сүю жайлы бір әнші төкті залда ән,
Дәл сол әнмен жеткізер көп қыз арман.
Сұлу әрі сұрапыл бұл сезімді
Әнмен, сөзбен мен бірақ жеткізе алман.
Музыкамен, суретпен... ештеңемен
Жеткізе алман,
Мұндай күй кешпеген ем,
Көзімді ашсам таңертең сені ойлаймын,
Сағынамын күндіз де, кешке де мен.
Жанарымда:
үмітім, қызғанышым,
Түсінбесең,
түңіліп мұздар ішім.
Сүйетінін дәлелдеп айтып жату
Міндетті де емес-ау қыздар үшін...
* * *
Өмірден таңдап тапқан дара бағым-ау,
Қатулы қабағыма қарама мынау.
Сен шақырып,
мен ылғи «бармаймын» деп,
Гүлден нәзік көңіліңді жараладым-ау.
Тағдыр — қатал. Көнуші ем үн шығармай сынға,
Болып алдым-ау бұл күнде қырсық әрқайсыңа.
Сенің орның басқадан бөлек қой, жаным,
Сөзімді тыңдай бермей, ұрсып алмайсың ба?
Сендей адам мен үшін анық көп дейсің бе,
Кештерімді қызық та, жарық та етпейсің бе?
«Бармаймын» дегеніме көне бересің бе,
Көздерімді тұндырып алып кетпейсің бе?!
* * *
Аққан судай уақыт, тоқталмайды,
Шаттығына кеудеміз көп толмайды.
Сен мен үшін ерекше мерекесің,
Ал мереке өмірде көп болмайды.
Назарыңды бұл сәтке қал аударып,
Сәуле — сезім тарауда алауланып.
Бүгін олар парадқа шыққан болар,
Махаббат деген мәңгі жалауды алып.
Сонша жүдеп кетіп ем өзіңді ойлап,
Тіл де қатпай, іздемей сезімге айғақ.
Қолыңды ұстап отырмын саған қарап,
Сағыныштың салюті көзімде ойнап.
Сезім бе екен ормандай шуламаған,
Кірпік қақпай қарашы тура маған.
Жүрегімді тыңдашы, жүрегімді,
«Махаббат жасасын!» — деп уралаған.
Қуанышын ол саған жолдауда ерек,
Сағынышты бітпейтін толғау дер ек.
Сирек соғар сен менің мерекемсің,
Мерекеде реніш болмау керек!
* * *
Сен келгенде сағынып,
Отты лебің
Өн бойымды жырлатып өтті менің,
Батпай мәңгі осы күн,
Осы бақыт
Ортамызда қалса екен деп тіледім.
Сен шаттансаң көп сөйлеп,
Көп күлемін.
Қабақ шытсаң,
Жаныңда тек жүдедім.
Қалам алсаң қолыңа,
Жан жазбаған
Жақсы нәрсе жазса екен деп тіледім.
Сен кетіп ең,
Жаныма жетті де мұң,
Тыныштығым, қызығым кетті менің.
Отанымыз, жеріміз үшін біздің
Бір жақсы іс бітірсе екен деп тіледім.
Сен келгенше, әрине, жоқ гүл өңім,
Үрейімен үрпиткен жетті де күн,
Мені сүймей кетсе де, жер бетінде
Аман-есен жүрсе екен деп тіледім.
Өртенемін өзіңмен жүрек бір боп,
Сөндіре алмас еш адам бұл отты үрлеп.
Қайда жүрсең, мені ойла
Шырақ жағып,
Саған жақсы бір тілек тілеп тұр деп.
* * *
Ойпырым-ай, осы сенің қарасыңды-ай!
Найзағай да өртемес дәл осындай.
Күткен кезде сағаттар аралығы
Көктем менен көктемнің арасындай.
Сені аңсатып ерен бір күш-көрінбей —
Нe кетпейсің ұмыт боп, түске кірмей,
Бірге өткізген жыл — жылдам, түнгі аспаннан
Жұлдыздардың жерге ағып түскеніндей.
Табыса алмай даусымыз-әуеніміз,
Ақ боранда адастық әуелі біз,
Енді ғажап — үміт пен ессіздіктен
Екеуміздің жаңа ашқан әлеміміз.
* * *
Ауыр сыннан дейтін ен алып өтем,
Қиналдым-ау сен жаққа аттанарда.
Саған барар барлық жол жабық екен,
Жабық екен есіктер, қақпалар да.
Өкінішті! Таппайды уақыт тұрақ,
Өте алмаймын қатал да өр өзеннен.
Менен гөрі көгершін бақыттырақ
Күнде қарап кететін терезеңнен.
Ертегі әлем — амал бар басқа қандай?
Үйлер, бақтар... жолымды жапты олар да.
Бір сиқыршы бекітіп тастағандай
Ашылмайды есіктер, қақпалар да.
Ашылмайды... Тағдырға мен жалынам.
Жүрекке — жүк, бұл сезім басыма — сын.
Ал сен болсаң, қақпаның аржағынан
Күндіз-түні айғайлап шақырасың.
* * *
Жапырақтай күн сүйген жайқалғаныммен,
Табысқандай болғанмен қайта арманыммен.
Сен сағынып келгенде алыс жолдан,
Айтайын дегенімді айта алмадым мен.
Бәрін жақын алмашы, жаным, жүрегіңе,
От деміңнен кеудемде жалын жыр өріле.
Толқығаннан төгіліп жылағанымда
Жұбата алмай соншама әбіржігенің не?
Есіңе салсын... санаңды қозғасын да өлең.
Есіңе салса, осынау тозбасын де өлең.
Тұла бойда тұншыққан тұнық сырымды
Мен сонда айтқан шығармын көз жасымменен.
Самал сазың тербетіп жан — орманымды,
Сиғыза алмай жүрек пен жанарға мұңды —
Көз жасыма қосып ем құштарлығым мен
Қанаттары қайрылған бар арманымды.
О, мен қалай сүйемін нұрлы, ізгі әніңді.
Мендей сенің сыздатпас бір қыз жаныңды —
Жинайсың сен ып-ыстық ерініңменен
Жанарымнан шашылған жұлдыздарымды.
Іздемедім думан, той, базар әр күннен,
Қуаныштың өзі де мені мазалар мұңмен.
Жылатып алдым-ау деп қиналмашы сен,
Осылай төгіліп алсам тазарармын мен.
Қайта-қайта сүйесің тоймайсың дағы.
Күнім-ау, не болды деп қоймайсың тағы.
Мен сағынып келгенде соншалықты
Жылағаны несі деп ойлайсың ба әлі?
Мазасыз жанды бір сәтте тыншытқан мықты ән
Бітпейтіндей сағынып, тұншыққандықтан.
Мен жылаған жоқпын,
жұлдыздар көздерімнен
Төгіле қашқан кеудемде күн шыққандықтан.
* * *
Сүйесің бе дегенде, «жоқ» деп едім,
Бала құсап бұртиып өкпеледің.
Өкпеледің, көңілің бұлыңғыр-ақ...
Сүйіп тұрғам ішімнен, күнім, бірақ.
Сағындың ба дегенде, «жоқ» деп едім,
Сағың сынып қарадың, өкпеледің.
Кеттің, жаншып күдікті жүрегіңді ой
Ал мен іштей сағынып тұр едім ғой!
* * *
Талғам қиын, әркімге әрбір әнші ұнар.
Ең бастысы — әнші де емес, ән шығар...
Сен жайлы да айтылатын сөздер көп,
Кейбірінің шындығы да бар шығар.
Байқатпаспын реніштің мол табын,
Ойлантады бірақ заңы ортаның.
Қайткенмен де осы сөздер түбінде
Екеумізді бөле ме деп қорқамын.
Мұны ойласам қамыққандай болам сәл,
Мұңаймас ем пенделікті жеңе алса ар.
Екеумізді бөлер жендет — өсектер,
Жан, жүрегің сыздап сонда мені аңсар.
Өсекшілер теңгедейді теңіз дер.
Табылатын шығар бәлкім негіздер.
Бөлер бізді қатал уақыт, сонда тек
Екі көзің жасқа толып мені іздер.
Шаршаймын мен осы үрейлі ішкі ойдан.
Осындайда еске ешбір түспейді ән.
Ешкімнің де елемейтін сөздерін
Алсам екен күш қайдан?!
* * *
Адамдарға сен, бірақ бәріне емес,
Барлығының ілеспе әніне еш.
Бәрі сенің бауырың, жарың емес
От дегеннің барлығы жалын емес.
Салып қойып кей біреу бөтенді ізге,
Қызғанышпен қарайды екеумізге.
Біреуімізді біреулер жамандаса
Шын сеніп қалмау керек екен бізге.
Тағдыр күнде ұсынбас тәтті қымыз,
Қарсы алармыз қаталды, қаттыны біз.
Жұрт сөзіне ілессек быт-шыт болар
Көп іздеп, әзер тапқан шаттығымыз.
Бақытты түсінбесек шындап егер,
Сәл қателік сан жылдар мұңға бөлер.
Қайта құру қиын ғой сынған затты,
Сынған затты тастауға тура келер.
* * *
Еститіндей соңғы рет сөздеріңді,
Айыра алмай деміңнен өз демімді,
Босата алмай қолдарым қолдарыңды.
Жібере алмай көздерім көздеріңді.
Ұзақ тұрдық есіктің алдында біз,
(Көне ме екен осылай тағдырға әр қыз?)
Ессіз есік ашылды,
әрең басып
Кеттің жалғыз.
Сілейіп қалдым жалғыз.
Бейне бүгін болғандай жаңа ғашық,
Азап сезім ақылдан барады асып.
Сыртта жаңбыр құйып тұр
Амалсыздан
Сен кетерсің нөсерге араласып.
Шыныменен қаңырап қала ма әлем?
Майдандасып от сезім санаменен,
Бір көрейін сыртыңнан деп жүгіріп
Терезеден қарадым далаға мен.
Шын сүю де біреуді күнә ма анық?
Жоқ, күнә емес, жүректі сынамалық.
Көзімде жас, бейнеңді көрсетпейді,
Әйнектен де ақ жаңбыр жылап ағып.
Нағыз жаз бұл —
найзағай мол шатырлар,
Қауызында гүлдердің қанша әтір бар!
Көше — теңіз, бетінде ала-құла
Жүзіп бара жатқандай қол шатырлар.
Терезеде, көзімде тамшы қалсын,
Мөлдірлікті жоғалтпай, аршып алсын.
Қош бол, жаным!..
Жоқ! Есік қағылып тұр,
Кете алмаған жаңбырда сен шығарсың!..
...Төксін жаңбыр, сырғасын тақсын өрік,
Жаңбырда ғой бостандық, бақ, шын ерік.
Үнсіз ғана отырмын жаныңда енді
Сені және жаңбырды жақсы көріп.
* * *
Намыс менің серігімді жас күннен,
Арпалысып кеудемдегі тасқынмен,
Қаншама рет жаным жылап, өзіңді
көрген жерде көрмеген боп қаштым мен.
Хабарыңды желден ғана сұрағам,
Жалғыз сәлем айтпапсың-ау, cіpә, одан!
Жердің күнді күткеніндей күттім мен,
Сүйді ме екен сені солай бір адам?
Есіңде ме таң атқаны керіліп,
Алдыңа кеп жығылды ақыр өр үміт.
Сәби құсап сеніп едім алаңсыз
Бар жаныммен, өміріммен беріліп.
Ағарғанмын сол таңдағы араймен,
Келер тағы жаңа күндер жаңа аймен.
Сен үндемей сүйсең дағы ырзамын,
Бірақ үнсіз сүйе алармын қалай мен?
Қайырылып қара түннің қанаты әр
Сондағыдай әлі талай таң атар.
Мықтымыз біз, үндемеспіз...
Нәзік жыр
Ұзақ жасар, жүрек сөзін таратар.
* * *
Сенен басқа достардың бәрі келді,
Әбіржітіп біттім мен дәрігерді.
Іштен шыққан өртімді өшіруге
Іздемеген емі жоқ, жаным, елдің.
Біріне де шырайлы өң бермедім.
Бірінің де пікірін жөн көрмедім.
Бар дәріні ішсем де, емделмедім,
Үйткені сен келмедің!
Сен келмедің.
Сен келсең, емдер де едің.
Жұрттың жылы сөзінің бәрін сенің
Тіл қатпай тұрғаныңа теңгермедім.
Селт етпедім қанша ыстық сөз борасын,
Жүрек қана біледі өз жарасын.
Бұл аурудан жазуы мүмкін сенің
Жалғыз ғана сөзің мен көзқарасың!
* * *
Күй толады омырауға
Жаздың жедел желінен.
Желдей күндер зымырауда
ұғыстырмай сенімен.
Толқынындай көк теңіздің
Бір-біріне құйылған
Кездеріміз көп пе біздің
Түсініскен қиыннан?
Келер көп ой дұрыс та аса,
Календарьды жыртқанда.
Біз екеуміз ұғыспасақ,
Ыңғайсыз-ақ жұрттан да.
Бізге осы жайдан аспай,
Ой орманын аралап,
Оқсыз қалған майдандастай
Түсінісу керек-ақ!
* * *
Кешір мені!
Сенің жиі шаттығың бола алмадым ба?
Мойыныңа еркелеп оралмадым ба?
Ренжіп қалды ма деп қарай берем,
Шаштарым ағаруда содан да мына.
Бір күн күлкім, бір күні бұлтым басым боп,
(Мейлі жұрт өсектесін, тың тыңдасын көп)
Өзіме өзім келемін қарсы шығып,
Сенің таза жаныңа мұң тұнбасын деп.
Өзің барда жанымда пәк, керім күлген
Басқалардың не қылам сәтті өмірін мен?
Ойдан жүдеп отырсам, күлдіресің
Бала мінез кіршіксіз ақ көңіліңмен.
«Поэзиям менің» деп жүресің, жаным,
Көзқарасымнан айтқызбай білесің бәрін
Сезесің бе сен менің құйттай бақытымда
Өзіңнің қаншалықты үлесің барын?
Сен білесің маған тым қиын екенін,
Жақын болып кеткендей биыл өте мұң.
Түндерде жыр жазуды жиілетемін.
Күрсінесің,
Түсініп қарайсың да,
Түсінетін жаныңды сүйіп өтемін!
* * *
Қандай қиын тұңғиық ақынға ұнау,
Төгіледі қол созып мұратқа сан.
Мені кім жұбатады, ақылдым-ау,
Егер сен жұбатпасаң.
Қандай қиын қайғылы ақынға ұнау,
Махаббат па жаныңа мұң артпасам.
Мені кім қуантады, ақылдым-ау,
Егер сен қуантпасаң.
Қандай қиын сезімтал ақынға ұнау,
Кейде болмай қаларсың есімде сен.
Сонда кім кешіреді, ақылдым-ау,
Егер сен кешірмесең.
Қандай қиын әсершіл ақынға ұнау,
Қиналарсың бәлкім сол үшін де сен.
Мені кім түсінеді, ақылдым-ау,
Егер сен түсінбесең?..
* * *
Ортақ маған арманың, қиял, қайғың
Ойларымды мен саған жиі арнаймын.
Бір жүріп-ақ сағынып, зарығамын,
Кешір мені, басқаша сүйе алмаймын
Өршелене түсуде өртім бүгін,
Түсінеді осынау дертімді кім?
Жүрегімді тұтқындап алыпсың да,
Қалдырыпсың басымның еркіндігін.
Мейлі, мені қинасын күнә, қайғым,
Көздерімде тұрады бірақ айбын.
Сүймей кетсең, құлдырап, құримым деп
Аласарып алдыңда құламаймын.
Арманымды өтсе де күйрете күн,
Берілмеймін лажсыз күйге тегін.
Мен саған өліп-талып жүгірмей-ақ
Қалай сүю керегін үйретемін.
Шақырармын ғажайып қиялға сан,
Шаттандырар табармын күй әрқашан,
Бірақ, жаным, жалығып безінермін
Мендей таза, әдемі сүйе алмасаң...
* * *
Ұшасың ертең
алыс елдерді бетке алып,
Күтермін сосын боталап көзім, көп талып.
Шошыттың тосын:
«Жұлдыз боп ағып кетсем мен,
Ескерткіш өлең жазарсың жақсы» ...деп қалып.
Өлең не сенсіз?! Боларсың оны аңғарған.
Тыңдата алмайды бұлбұлды тұнық таңдар да ән.
Қорқытпа мені,
Өзіңді сақта,
күтем мен
Аэропорттардан,
жердегі барлық жолдардан.
Өзіңсіз мүлде
көңілсіз көркем көктемдер,
Өзіңсіз сұрғылт тартады көк көл, көк белдер.
Мен үшін, жаным,
Сақтасын сені сапарлар,
Өткізсін аман қатерлі, қиын өткелдер.
Ұйықтаймын тәтті «сен барсың» деген бір оймен,
Сақтасын тәңір
Дауылдан,
оттан,
дүлейден.
Қараңғы түнде
бетімді боран осқылап,
Сені іздеп, жаным,
жүгірмейін мен үреймен.
Қартаям ерте қайғылы ойға түсірсең,
Қанатым менің өзің екеніңді түсінсең,
Қара түндерден,
Қауіпті ойлардан, ажалдан
Өзіңді сақта махаббатымыз үшін сен!
* * *
Жапырағына әдемі ән байланып,
Жастық шағы, шаттығы шалғай қалып,
Терезенің алдында мұңға батып,
Ақ қайың тұр сағынып әлде ойланып.
Жабырқау күз жаңбыр-жас төгілтеді,
Кетпесе екен арт жағы қарға айналып...
Жарқын жазды қимаған ақ қайыңдай
бұл өткінші бақытқа қанбай қалып,
Сені қимай отырмын сондай налып...
Өкініп тұр сағат та таңдай қағып.
Сен кеттің...
тек,
«махаббат мәңгілік» деп,
пластинка ән салып қалды айналып...
* * *
Еркелеуім керек еді көбірек,
Бойлатпайды өмір атты ұлы айдын.
Ала бұлттай ала тұман-төңірек,
Таңертеңгі жапырақтай мұңайдым.
Өмір жолы қандай қиын бұралаң,
Неге маған ғашықтықтың мұңы — тән?!
Қалай ғана өткенді естен шығарам,
Қайда барсам, көздеріңді ұмытам?!
Қатарыңда басқа бір жан. Көзіңде
Сәл еркелеп-еркелемей мен тұрмын.
Құстай ұшып қуанатын кезімде
Жанарымды жақұт жасқа толтырдың.
Еркелемей... Көңіл жарым жүремін,
Жарты болса, жарқырамас Алтын Ай.
Махаббатқа толы кезде жүрегім,
Маған бақыт ұсынасың жартылай...
Қуансам деп тұрған іштей кезім мың,
Әттең бақыт жетпей тұрды сәл маған.
Еркелеткің келмеді ме өзіңнің,
Әлде өмір ме еркелете алмаған?..
* * *
Үндемейсің...
Дүниенің бұзылды ырғақтары:
Күндегідей сыңғырап су да ақпады.
Дір-дір етті үрейден гүл бақтағы.
Шегірткелер шырылын тыңдатпады,
Көбелектер ұшуға бір батпады.
Қуаныш пен үміттің күл боп бәрі,
Айналаны ақ түтек түн қаптады.
Қиын екен тал түсте күн батқаны.
Көк теңізге отырмын шым батқалы.
Күдік-мыстан батырып тырнақтарын,
Үн шығармай шыңғырам сыздап тәнім.
Самал жел де жасымды құрғатпады,
...Барлық әннің бір сәтте құны түсіп,
Сенің ғана дауысың қымбаттады.
Мұнша қатал болудың керегі не?!
Бұрынғыдай жадырап тіл қат-тағы.
Бар әлемді қайтадан жырлат, жаным!
* * *
Сені еске сап достардың жаңғырды әні,
Ойландырып келеді тағдыр да мың.
Талай рет тәлкек қып кеткенімде
Неге ғана көңілімді қалдырмадың?
Куә болар көктемнің күміс бағы
Өз сөзімді дәлелдеп дұрыстадым.
Неге сонда келісіп тұра бердің,
Неге ғана айғайлап ұрыспадың?
Ұмыта алар сен менің кісім бе едің?
Қиялымда бейнеңді мүсіндедім.
Сүйемін деп айтса деп ұзақ күттің,
Айтқызбай-ақ неге сен түсінбедің?
Сызылтқанда ерекше бұлақ та әнін.
Сезіп тұрып алма бақ гүл атқанын.
Жаның жанып, үн-түнсіз тұра бермей
Неге сонда сүймедің, жылатпадың?
Аямаған сол күні жарығын да Ай,
(Мінезімді жүр ме едің әлі ұғынбай?)
Сағым сынып сол күні кетпегенде
Болмас еді, жарығым, бәрі мұндай.
Кетер болсаң, кетпедің неге мүлде?
Неге қалдың санамда, өлеңімде?
Біреулерден көңілі қалған күні
Есіне алып өкінсін дегенің бе?
* * *
Көбелектер іздеуде гүл аясын,
(Көбелектің тағдырын кім аясын?)
«Көктем кетіп барады,
Енді аз күнде
Жарқын жаз да кетер» деп мұңаясың.
Көктем өтер жиып ап кіл ақ гүлін,
Жаз да кетер төккенмен шуақ бүгін.
Кеткендердің барлығы оралмайды,
Оралғайсың сен маған бірақ, күнім.
Көктем кетсе, гүлдері табылмаған,
Қайталанбас көктемде салынған ән.
Өткен күндер, қызықтар оралмайды,
Сен оралсаң болғаны, жаным, маған.
Қоштаспай-ақ көктемнің кеткені анық,
Кетіп еді, оралған жоқ балалық.
Кеткендердің ешбірі оралмайды,
Сен келіп тұр жыл бойы көктем алып.
«Бәрі келіп, кетеді» деу де бізге —
Қиын, жаз да айналар демде күзге.
Көктем бітіп қалды деп қамықпашы,
Көктем біздің ып-ыстық кеудемізде.
* * *
Қызғаншақ қыз таусылып мүлде амалы,
Бізді көрсе, өзгеріп, жынданады.
Мені басқа таңдантпай құбылыс көп,
Құшағыңа тығылам бір уыс боп,
Жүрегіңнің дүрсілін тыңдағалы.
Дөңгеленіп ақ бұлттың қанатында Ай,
Бара жатыр,
Жырлайды дала тынбай.
Бойымдағы бар жалын, күш, әліммен
Қолдарыңды қаттырақ қысамын мен
Қызғаншақ қыз әкетіп қалатындай.
Екеумізді қосқан-ды, досым, ізгі ән,
Ал ана қыз шықпайды қасымыздан,
Қанын тартып ішіне қарап қалған...
Екеумізге ортақ ед қанатты арман,
Кетейікші,
Қорқам мен осы қыздан!
* * *
Жақсы көрмей қарадың, жаным, маған.
Көздеріңнен қорықтым сағынбаған.
Назды қылық,
әңгіме,
салынған ән
Есімде жоқ.
Есімде қалған сурет —
Салқын жүзің,
ауыр күн,
алғаш рет
Жалғыз ауыз жылы сөз табылмаған.
Сап басылды көңілім жалындаған,
Басым мең-зең, ақ қары қалыңдаған
...Аударасың кінәнің бәрін маған
Барлық бояу айналды басқа түске,
Қуаныш па,
Қайғы ма,
Басқа түссе,
Қарсы алады екен ғой бәрін де адам!
* * *
Шақырма!
Бұрынғыдай жүгірмеспін,
Сенсіз-ақ өткіземін бүгін кешті.
Жинармын достарымды тілеп тұрып.
Білмей-ақ қойса екен деп мұңымды ешкім!
Шақырма!
Құрып жүрек шарасы анық
Тұрса да, бармаспын мен аласарып.
Қалайша ұмытамын
Қаталдықпен
Жаныма кеткеніңді жара салып?
Мейлі, енді «бақытым сен, күнім сен» де,
Бармаймын қасіретіңнен бүгілсем де.
Сүймесең, іздемессің.
Сүйсең егер,—
Қаталдық қандай екен?! —
Ұғын сен де!
* * *
Қоштасайық десем мен, қия алмайды екенсің,
Жоқ кезімде жиі ойлап, қиялдайды екенсің
«Жақсысың» деп мойындап, іздейді де екенсің
Бірақ менше ауырып, сүйе алмайды екенсің.
Мен шығармын сарғайған жапырағы күздің ең,
Жылатасың аямай,
Одан бетер үздігем.
Кетсем екен жек көріп!
Неге жігіт болмадым?!
Жылатпас ем ешқашан мұнша сүйген қызды мен!
* * *
Жүрегімнің жеткізем ғажап үнін,
Есіңе алсаң, атады ойыңда таң.
Саған деген жанымның тазалығын
сағынышты жырлармен мойындатам.
Біз де атармыз уақыттың қиын шегін,
Бәрі де өтер,
Су құйған өрттей тынар
Жасаураған көзіңнен сүюші едім,
Тек сол сурет жадыңнан кетпей тұрар.
* * *
Гүл көп керім!
Гүл ішінен ұшырам жыр кептерін!
Ашхабадта — ғашықтар қаласында
Күні бойы ойымнан бір кетпедің!
Қонақ үй айналасы —
Мәжнүн сырын айтқан «Ләйлі ағашы».
Түнімен нәзік сазбен сыбдырлайды,
Бәлкім, бұл да мен сені ойлағасын?!
Нанасың ба?!
Ашхабадта — ғашықтар қаласында
Сенің ыстық бейнеңді
Ұйықтағанда
Сақтап жаттым көзімнің шарасында.
Шыршаға шық
Қонған кезде әйнекті тұрсам ашып,
Атыңды атап бүкіл құс ән салып тұр,
Болдым екен мен неге мұнша ғашық?!
Сезім қайнап —
Бұл менің — сүйетұғын кезім ғой нақ.
Ашхабадта — ғашықтар қаласында
Үш күнде үш жыл өтті өзіңді ойлап!
* * *
Жұмыр жердей жүгі көп бұл жүректі
Күтуде өткен күндерім шын жүдетті.
Көзім талып шаштарым ағарады,
Көрмегелі тағы да жүз жыл өтті.
Жүз жыл өтті жолыңа қарағалы,
Қарағалы құруда бар амалым.
Гүл кезімде ұлғайып жараларым,
Күн кезінде сарғайды орамалым.
Жүз жыл күту сыймайды мүлде ұғымға,
Жүз жыл күту тозақ қой шындығында.
Неге, жаным, сонша ұзақ күттіресің
Қас-қағымдай қып-қысқа бұл ғұмырда?!
* * *
Сүйетінің ақиқат қой, таң өңдім.
Керек етпес дәлелді.
Кетемін деп ұшырмашы зәремді.
Екеумізге дос, ескерткіш еменді,
Сол жердегі оқылатын өлеңді,
Қолың тисе, өртенетін денемді
Қалай ғана ұмытасың сен енді?!
Көз жасымды жұлдыздардай шашылған,
Көңілімді ақ гүлдердей ашылған,
Сәби құсап сәл еркелеп басылған
Кездерімді қалай ғана ұмытып,
Сипаламай күн иісті шашымнан,
Кете аласың қасымнан?
Күн нұрынан,
табиғаттан қоршаған,
Жерден қалай кете алмайтын болса адам,
Сен де менен кете алмаушы ең соншама,
Менің ерке қылығымды аңсаған,
Кездеріңде немесе ойдан шаршаған
Мейрам болып жетуші ем ғой мен саған.
Күлкімменен шығушы ем ғой шыңға алып,
Біз қуансақ бүкіл гүлдер ырғалып,
Біз келмесек, бақ та жырдан құр қалып,
Жүруші ек қой, ал ендігі күнде анық
Балалық деп барлығын ұмытқан боп қойғанмен,
Таңғажайып түстермен,
ең қызықты ойлармен
бірімізге біріміз байланамыз шырмалып,
Байланамыз, ақиқат ол, таң өңдім,
Керек етпес дәлелді,
Сәл ауырсаң іздейтұғын бар емді,
Нәзік жанды және мәңгі өлеңді,
Саған таныс, жұртқа жұмбақ әлемді,
Сағыныштан дір-дір етер денемді —
Қалай ғана таппай дұрыс бір ақыл,—
Көк теңіздің толқынына сұрапыл —
Лақтырып кете аласың сен енді?!
* * *
Хабарласпай кеткенің дұрыс болды,
Көңілі таңғы судай салқындасын деген шығарсың.
Оңашада қамығып ән тыңдасын деген шығарсың...
Менен басқа өмірді де есіне алсын деген шығарсың.
«Егіліп жыларсың да, басыларсың» деген шығарсың.
Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың.
(Сүйетіні шын болса, іздеп келсін деген шығарсың.
Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың.
Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың —
Менің әлсіз жанымды күйретейін деген шығарсың,
Қаталдыққа осылай үйретейін деген шығарсың.
Бәрі де солай болды, жылаймын мен
Ерісе деп ертерек мұз боп қалмай мұң.
Бәрі де солай болды,
Тек қана іздеп бармаймын.
Мен — нәзік гүлмін,
Сен — құламайтын шынарсың,
Бірақ мен шыдаған дауылға сен шыдамайтын шығарсың
* * *
Қонғанда күздің баққа тұманы,
Қоштасар құстар тәтті етіп әнін,
Есіңе аларсың сонда жырларын
Ахматованың емес, Ахметованың.
Түсер-ау талай жыр-шынар сынға,
Шынайы сезім бір шығар шыңға.
Қағазға түскен қалың ойлардан
Қараңғы түнде тұншығарсың да.
Қауіпті ойлардан қалғанда алып таң,
Айналарсың сен жанған жарықтан.
Жырларым сені мазалап өтер
Өзіңе ғана арналғандықтан...
* * *
Батысқа жүйтки жөнелген,
Поезбен қаштым сенен мен.
Еске алмаймын-ақ деп ем мен,
Артымнан қудың өлеңмен.
Айналып сиқыр елеске,
Шақырып ыстық кеңеске —
Сағыныш болып жетесің
Самолетте де сен еске.
Санамда мықтап тұрып ап,
Босатпайсың-ау бір уақ.
Далаға безіп кетіп ем,
Жел болып жеттің зымырап.
Қуам деп ойды жаңғырған
Саздары бөлек салдым да ән.
Самалдан озып кетіп ем,
Сағым боп шықтың алдымнан.
Ізіңді таптым жал, құмнан,
Шашыңды көрдім шалғыннан,
Даусыңды естіп бар қырдан
Жасыңды жұттым жаңбырдан.
Тағдыр екен ғой сүю де,
Құтылу қайда тағдырдан?!
* * *
Жүрегімде сақтаймын атыңды, әніңді,
Көздеріңді сағынам батыл да мұңды.
Бармаймын-ақ десем де,
бала құсап
Құлай сеніп
Қоймайсың шақырғаныңды.
Орындалмас ойлармен астаса арманым
Осы күні түсірді басқа салмағын.
Қоштасайын деп едім,
Көздеріңе
Көзім түсіп кетті де
Қоштаса алмадым!
* * *
Өзгеріп талай елес-күн,
Үстінен жазық белестің,
Қаншама жылдар зымырап,
Қаншама, мейлі, жел ессін,
Махаббатым,
мен сені
ұмыта алмақ емеспін.
Айтамын кейде желге сыр,
Айтамын кейде көлге сыр,
Сенің маған сыйлаған
Қуанышың көл-көсір.
Махаббаттың оты өрбіп,
Қанша азабын көтердік,
Сенің маған ұсынған
Қасіретің де жетерлік.
Сен сыйлаған бақытты,
Сен сыйлаған қайғыны
Іздесең де қай күні,
Жаутаңдаған жанармен
Айтып бере алам мен.
Сен сыйлаған дауылды,
Сен қалдырған жауынды
Жабырқау бір өлеңмен
Жазып бітпей келем мен.
Зырлаған мынау уақытта
Қайғы да, ой да, бақыт та
Болмауы үшін соңғы рет
Күтемін сені мөлдіреп!
* * *
От-жалыны өзгеше лапылдаған,
Шабыттанса, аумаған ақын-далам,
Таулар,
сулар,
тоғайлар —
ортақ бізге,
Дала, бірақ, бәрінен жақын маған.
Өз орнында тұрады тауларым да,
Өз орнынан жылжымас орманым да.
Далам ғана бірге еріп отырады
Мен жүргенде туған жер жолдарында.
Жақын маған туыстар, достарым да,
Қуанды олар асудан асқанымда.
Бірақ,
жаным,
бәрінен бұрын маған
Сен жетерсің қиналсам,— қас қағымда.
Дидарынан даламның шуақ көріп,
Алға ұмтылам,
гүл теріп,
бұлаққа еріп.
Далам мені көтеріп,
өзің сүйеп
Келесіңдер бақыт пен қуат беріп.
Сүйем сені,
даламды —
мекенімді.
Білесіңдер мәңгі іңкәр екенімді,
Қалай ғана бақытты етсем екен,
Еркелеткен далам мен екеуіңді?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қызыл алма

  • 0
  • 0

Су суыған октябрьдің соңы бұл,
Алма бақтан қайда әкеткен толы гүл?!
Жасырынып жалғыз алма қалмап па,
Жапырақтардың тасасына мол үңіл.

Толық

Жеңеше

  • 0
  • 0

Бар ғой орны тағдырға да өкпенің,
Еркелетер туған ағам жоқ менің.
Көз алдымда жүрмегесін айтамын,
О, жеңеше, айып көріп сөкпегін.

Толық

Қала экологиясы

  • 0
  • 0

Өзгерісті байқармыз талай әлі,
Басы болған нәрсенің бар аяғы.
Түнде жауған аппақ қар
Алматыда

Толық

Қарап көріңіз