Өткен ғасырда өмір сүрген ақын әйелдің айтқаны
Тірлік, тірлік, тіріде қол босар ма?
Жағдайыңа қарайлау болмас онда.
Қөңілі түссе біздерді ақын ғой деп,
Ерлер сапқа қосады анда-санда.
Көңіл бөлсе бізге де егер ерек,
Жайқалар ек, жас талдай көгерер ек.
Еркектері мақтаншақ, жалқау қазақ,
Ақын әйел сендерге неге керек?
Жүру керек басынан азабы асып.
Мақсаты боп таза орын, таза қасық.
Қонақ келсе, қолдары күйе-күйе,
От тұтатып ошаққа, қазан асып.
Бала қамы, ер бабы болар талап.
Сосынғы ойы қазанға салар тамақ.
Өлең ойлап отырса, кім жүреді
Киіз басып, кір жуып, қап арқалап?
Сыпайы өмір келеді, келеді әлі,
Сыйластықтың болады жаңа мәні.
Алынады әйелдің орамалы,
Өзгереді тұрмысы, саналары.
Сезімге ой жол аша ма?
Сыртқа шықсам, бақытты сияқтанып,
Жылап-жылап алсам да оңашада.
Жүдесем де жыр — інжу жиямын деп,
Талпынса да жетпеске қиялым көп.
Таңданбаңдар кезіме түсініксіз,
Шынымды айтсам, ешкімге зияным жоқ.
Кездерім жоқ қаралап, жамандаған,
Сезім — әділ,
Сынасам адал — бағам.
Іздегенім бар еді, таба алмағам.
Бақытты ете ала ма адамды адам?!
Өмірімнің суреті өлеңімде,
Мәселе жоқ ұйқас пен көлемінде.
Ешкім мені ұқпаған кездерімнің
Аша алмаспын ешкімге себебін де.
Таулар жатыр жанымның тереңінде...
Ақиқатты аз айтар көзге адамдар,
Нәзік көңіл әр түрлі сөзге алаңдар.
Ащы сырым төгілсе, кім жұбатар,
Менің мұңды жанымды қозғамаңдар!
Болашақта әйелдер теңдік алар,
Көрер жаңа елдер мен жерді де олар.
Қара шаштар отырар ел басқарып,
Қара өлеңнен жасалар мол мұралар.
Бүгінгідей қалмайды оқымай ел,
Отағасы...
Сөйлемес шатынай ол.
Әйелдердің жүктері азаяды,
Кітап басып шығарар ақын әйел.
«Болмайды деп әйелге теңдік алмай»
Шығармыз да, амал бар енді қандай?
Теңдікке де қол жетер, бірақ орта
Біраз заман жүреді ау көндіге алмай...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі