Өлең, жыр, ақындар

Қыздарға

  • 28.08.2018
  • 0
  • 0
  • 5273
Шақырып алдан шың-құздар,
Бәйгеге қосты мені елім.
Саламатсыңдар ма, жан қыздар,
Жаныма тілектестерім!
Сағындым, ауыл аман ба,
Аңсаумен жаным жаншылар.
Өртеніп жүрген маған да
Өкпелі жандар бар шығар.
Адамда түрлі тілеулер,
Көтерер қалай жер-мекен.
Мұңды жыр жазсам, біреулер
Мұнысы несі дер ме екен?
Айналып өмір сәніне,
Қосса да үлес ұлы іске,
Аяулы қыздар, әлі де
Әйелдің жолы жіңішке.
Көрдім де кейде жолды өзге
Әйелді төрге шақырған,
Сөйлегім келді сол кезде
Сендердің бүкіл атыңнан!
Сендерше ұғып мәністі,
Оянған ашу, өкпем де.
Жігіттер жігер, намыстың
Жалауын төмендеткенде...
Құлпырған кезде төңірек,
Бастасам дедім ілгері.
Қуаныңдаршы көбірек,
Жан қыздар, дала гүлдері!
Жүргенде сендер тамаша-ақ
Қазақтың ғажап даласы.
Өздеріңсіңдер болашақ
Ұрпақтың ұлы анасы!
Білінбей жырдың жігі тым,
Тапсын деп емес жұрт ермек, —
Әйелдің шаттық, үмітін
Келемін нәзік шілтерлеп.
* * *
Суларға сулар қосылып ағып көктемде,
Бұлттарға бұлттар ілесіп көшіп кектен де,
Желдерге желдер желбірей ұшып жеткенде
Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.
Аққуға аққу айналып жүзсе ақ көлде,
Әріпке әріп жалғасып түссе дәптерге,
Әуенге әуен ұласып кеткен сәттерде
Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.
Ағашқа ағаш бұта-қолдарын бұлғаса,
Гүлдер мен гүлдер билесе, бірге жырласа,
Құстардың тілін құстар ұйып тыңдаса,
Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.
Жұлдызға жұлдыз жарығын төгіп жанғанда,
Тамшыға тамшы қосылу үшін тамғанда,
Тауларға таулар сүйеніп тұрып қалғанда
Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.
Жүрегім сені іздесе сонда мұңайып,
Сезімтал жанға сен емес пе едің лайық?!
* * *
Жаныңда еркелеген көктем ем мен,
Мәңгілік көктем болып өтпегенмен.
Бұйығы, күйкі істермен тұмшаланбай,
Тыңдайық буырқанған Бетховеннен.
Кеш түссе, ашық түстен мұнар басым,
Өмірдің оймен кешіп ұлы арнасын,
Алапат толқындарға араласып,
Тыңдайық ұлылардың шығармасын.
Бейуақта беймәлім бір толғанда мұң,
Тыңдайық өткендердің армандарын.
Шулатып Чюрленистің өр теңізін,
Тербелтіп Штраустың ормандарын.
Игерсең сезімнің де тыңын игер.
Шынайы сезімдерден жылыр үйлер.
Ұсақ сөз, жеңіл әндер желмен ұшып,
Ойнасын дүр сілкініп ұлы күйлер!
* * *
Қарашы бұлттарды! Ауып барады.
Қанаты күн көзін жауып барады.
Қаласа, жаңбыр боп жауып та алады.
Өтеді сонан соң. Бәрі де өткінші,
Адамда үміт пен қауіп қалады.
Тағдыр — бұлт тар жерде тауып та алады.
Кетуге асықпа, жаным!
Жетеді күттірген автобустар да,
Өтеді біртіндеп жат, таныстар да...
Мәңгілік қалмайды бақта құстар да,
Бәрі де келеді, сонан соң кетеді,
Кетеді ілесіп қатты ағыстарға.
Өмір толы ғой қозғалыстар мен аттаныстарға.
Кетуге асықпа, жаным!
* * *
Ақ көйлек киіп сол күні саған жеткенде
Алдымнан шықты жат әлем.
Ақ боран соқты-ау алма гүлдеген көктемде,
Апыр-ай, неткен қатал ең!
Шаттана алмадым шашқанда көктем әтір-нұр,
Алманың гүлі-ай төгілген!
Ақ көйлек киіп, төгіліп бара жатырмын,
Гүлден де нәзік едім мен.
Көктемгі бақта жұрт та көп жүрген, із де көп,
Үмітті болам жалғамақ.
"Жыл бойы түгел жайқалмаймыз ғой біз де", — деп
Жұбатып тұрды алма бақ.
* * *
Көктем келіп кек гүлдерін санасаң,
Көтерілсе көк таулармен таласа ән.
Көлбей ұшқан көк бұлттарға қарасаң,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы.
Кешір, барлық сырымды да жоқ ашқам,
Жол да бөлек болған екен о бастан.
Мөп-мөлдір боп көзді тартса көк аспан,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы.
Торын құрып ой деген бір өрмекші,
Көз алдыңда көкшіл теңіз дөңбекшіп,
Көктеміңді есіңе алсаң сен де өксіп,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы.
Қайда сол қыз жаны мөлдір, шуақты?..
Тапты өзінің босағасын тұрақты.
Жеткізбеген көкжиегің сияқты
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы.
* * *
Аппақ гүлдер жолдапсың себетімен,
Сенің сері сертіңе сенетін ем.
Аппақ гүлдер солады күн өтпей-ақ,
Өзің аппақ көңіліңмен кел, өтінем.
Аппақ гүлдер жолдапсың көк себетпен,
Айта алмадым сырымды көп себептен.
Іңкәр болған қазақтың қыздарынан
Мен ғана ма арманын көксеп өткен?!
Мен күтермін өзіңнен дерек, хабар,
Аппақ гүлдер төгілер, себет қалар.
Себет қалар, сені ойлап қарағанда,
Бір күліп, бір жылауға себеп болар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым

  • 0
  • 0

Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым,
Ұқсамайтын бақытына басқаның.
Жұлдыздардай жарық әрі биік тым,
Сол бақытты іздеп жүріп жиі ұқтым:

Толық

Өлең

  • 0
  • 0

Несіне осы өлеңді жазамын мен,
Тарттым қой жетерліктей азабын мен.
Білмеймін қалай еріп кеткенімді
Муза кеп сыбырласа ғажап үнмен.

Толық

Шілтер

  • 0
  • 0

Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,
Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған,
Ана, сен ғой естімедің ешқашан.

Толық

Қарап көріңіз