Өлең, жыр, ақындар

Қиял қанаты

  • 01.09.2018
  • 0
  • 0
  • 9786
(поэма)

Кел, мақұл, маған, жырым, кім кешеді,
Шықпасам жолға алып бірге сені?
Күтеді екеуімізден орамалын
Жарқ етіп жақсы өмірдің бір кесегі.
...Тұр бүгін уысымда отыз алты!
Отыз алты емес ол ойын карта.
Ол қилы қыс пен көктем – өз өмірім,
Республика құрдасы оның аты.
Демеймін оны өткен уақыт қана:
Сол мені өсірген де, оқытқан да.
Жинатқан жауқазынын жақсы жылдар,
Секілді көп перзентті бақытты ана.
Өмірлі оның жаңа әр сағатын
Жөнім бар жырға бөлеп қарсы алатын.
Жырдан ол жүрсін көріп жігіт күшін,
Ақылгөй даналығын қарт солдаттың.
Озған жыл жастық шақтың өтуі ме?
Жақсы өтсе, сөнсін оның оты неге!
Алып қал аларыңды, бер де оған,
«Қолыңды кеш сермеме», опық жеме.
Өзгелеу өтті менің балалығым;
Білгем жоқ гербарий деп дала гүлін,
Білгем жоқ жеті түгіл он жасымда
Пушкин мен Абайлардың даналығын.
Ол он жыл жаңа оянған далада өтті,
Ат қылып ақ таяқты ала кетті.
Әперген маған сатып кісі де жоқ
Ойыншық поездар мен самолетті.
Кем еді олар онда Отанда да,
Тұрғанда ол өмір менен от алдында;
Павлик Морозовты жау өлтірді,
Пионер жаңа ғана атанғанда.
Достарым сол кезеңді көре қалды,
Тарлыққа, тапшылыққа көне де алды.
Жұпыны, біздің марқа балалық шақ
Болған-ды кейінгіге өнер алды.
Ұрпаққа болса сол шақ өнер алды,
Бізге оның қызығы да он оралды.
Ойыншық емес, одан зор да келді,
Осы жыр – соның шағын орамалы.
1
– Ой, папа, жетеміз бе бүгін енді? –
Деп бала әлденеге түңіледі.
Еңсерген елулерді егде әке
Борпылдап борсаң-борсаң жүгіреді.
– Апажан, басшы сен де аяғыңды!
– Жә, қызым, қолыңдағы ая гүлді.
Жолыңа арнап мұны әжең тартты,
Аялда, болғанша бір саябыры.
Саябыр болар емес, ағын халық...
Алда тұр жасыл парк сағымданып;
Жасарған жаз күшімен қарт теректер,
Желегін табиғаттың тағып алып.
Бұраңдап Кіші Алматы қыз беліндей,
Сылдырлап ақ күмістің тізбегіндей,
Ағады, тастан тасқа секіреді,
Бетке ұрып салқын лебі құз деміндей.
Сәскеде, шаңқай түсте – жаздың күні,
Жамырап бала даусы, қаздың үні,
Осында думан болып жатушы еді,
Бала жоқ, жайлап жүрген қаз бүгінгі.
Естілді паровоздың гудоктері,
Жүгіріп өтті жұрттың жүрдектері,
Жеңімнен тартқылайды ұлым менің,
Жарысып жүрдектермен бірге өткелі.
Қылтыңдап жүзіп алда кепкі, қалпақ,
Толқыған торғындар да кеткен қаптап,
Жетелеп бөбектерін әйел, еркек,
Асығыс әлгі жаққа келеді аттап.
Қоршаған Алматының жарқын бағы,
Қақпаға ағылған лек жақындады.
Күтіп тұр жолаушысын жас Түркісиб
Павлик Морозовтың атындағы...
* * *
Есімде ол күн бейне кеше ғана,
Мен барғам газет үшін есеп ала.
Есімде талап ете, міндет арта,
Сөз алып сөйлегені неше бала.
«Айтылған пионерлер слетінде,
Кімдердің өте қояр сын етіне?» –
Деп ойлап мен самарқау отырғанмын,
Дәптердің шала түртіп бір шетіне.
– Қалада тай үйретіп мінеміз бе?
Темір жол! – керегі сол, міне бізге! –
Дегенде ду көтеріп жас түлектер,
Қарағам басшыларға елегізе.
Қайтеді, не айтады бүл балалар?
Театр, парк, лагерь – бәрі де бар,
Ол тұрсын ақ нан мен конфеттен де
Жүргенбіз бөбек кезде біз бейхабар.
Білмеймін, қызғаныш па, сүйініш пе?
Ойымды қойғам солай түйіп іштей.
Әйтеуір «жол» деген сөз сонда маған
Көрінді қол жеткісіз қиын істей.
Өзгелер менше бірақ ойламапты,
Десті: – бұл жақсы тілек, ой қанатты!
Сол сәтте «Болсын Кіші Түркісиб» деп,
Өздері бөбектердің қойған атын.
Келеді көз алдыма өзге сурет:
Өмірді жатты халық өрге сүйреп.
Ғаламат құрылыстардың жалаулары,
Картада қадалмаған жер де сирек.
Тек бір іс қалды үлессіз ол картадан,
Берсе де ақ батасын Отан оған.
Бұл Кіші Түркісибтің құрылысы еді,
Бесжылдық жоспарда аты аталмаған.
Сөйтсе де тікті биік ол да туын,
Қолымен бейбіт еңбек солдатының,
Жастықтың жалынындай қайнады еңбек,
Паркінде күн сәулетті Алматының.
...Орланып жал боп жердің топырағы,
Тартылып жол табаны жатыр әрі.
Жан-жақта тәжім етіп иіледі,
Жүз жылдық теректердің жапырағы.
Қаланып бала вокзал іргесі де,
Жолшының көңілімен бірге өсуде.
Жастық шақ, аға буын жомарт күшін,
Жапқандай осы бір жол, бір осы үйге.
Солардың жігеріндей үдеп істер,
Жарқ етіп төселгенде рельстер,
Желпініп алау қызыл галстуктар,
Кепкасын көкке атады ер жұмыскер.
Күлімдеп бурыл шашты инженер де,
Не айтып тұр жолды көре келгендерге?
«Түлеткем сонау ұлы Түркісибті,
Інісі мынау соның, кенжем дей ме?
Тұрғанда тамашалап жолды олар,
Радио беріп жатты «соңғы хабар».
Кенеттен диктор даусы күрт өзгерді...
«Пхеньян... қаланы сан бомбовоздар!..»
Инженер түршіккендей әлде неден,
Тыйылды бір ғанибет әңгімеден.
Думанды парк те тез тына қалды,
Әркімді ән-күйімен әлдилеген.
Жолшы тұр оймен көріп есіткенін:
Қағып жүр Кореяда есікті өлім.
Аналар құшақтайды, күңіреніп,
Қаңырап қалған босап бесіктерін.
Үзіліп рельстер, көпір қирап,
Қаңқасы вагондардың жатыр қурап.
Құшақтап ойыншығын бөбек жылап,
Өліктен ақ мамасын отыр сұрап.
Бір кезде болған үйде жыр базары,
Сорайып қалыпты тек тұрбалары,
Бір парақ күйген қағаз тұр ілініп,
Өлеңнен тігілгендей ту қаралы.
Боямақ болса жаулар жырды қанға,
Жауынгер Те Ги Чен1 де жүр майданда.
Келеді алғы шепте өлмес өлең,
Оқ атып озбырларға әрқайдан да.
Қамалдай қарсы тұрып қатуланып,
Күреске шықты батыл батыр халық.
Оқ тасып жүр окопта баласы да,
Партизан жаудың ізін жатыр бағып.
Кеткенше акырғы ұлын қақтап оттар,
Солтүстік Корея жоқ оқтан тоқтар!
Дәрменсіз американ бомбалары;
Бұралқы штыктар мен автоматтар!..
Радио тынып қалды. Тарады ел де,
Ойлы көз инженер тұр қарап өрге,
Бұл жерден жол көрсетіп жол салғандай,
Торабы ортақ барлық параллельге.
– Қайда да жолшы ойында жол жатады,
Көсіліп көктеп өтіп жон-жотаны, –
Дейді ол үзген сөзін қайта жалғап.
Жолшы – өзі, жолшы – халқы, жолшы –
Отаны.
– Қандай жол, көр, инженер, сенің жолың,
Әнеки! – деп тұр біреу сермеп қолын.
Отырды қонақтап көк көгершіндер,
Басында «жасыл көше» – семафордың.
2
Көңіл күй шалқып жатқан дария бір.
Бала – гүл, жайраң қағып қария жүр.
Гүл бал бұл, вокзал – шаттық жәрмеңкесі,
Аспан – күн, апайтөсі жазира нұр.
– Көрдің бе, бәрінен де асты бұл жол,
Қызығы, қуанышы, жастығы мол! –
Деп күліп бурыл шашты инженер жүр,
Қазірде осы жолдың бастығы ол,
Балама вокзал – көп жол торабындай,
Ал маған – сіреңкенің қорабындай.
Сөйтсе де көзіме ыстық көрінді ол
Жолдасы жас шағымның – Оралымдай.
«Жолаушы азаматтар!
Перронға шық...»
Соңғы сөз айтылғандай жерден қашық,
Үзіліп, көкте ілініп қала барды,
Көп дүбір кетті оны селдей басып.
Бет қойды вагондарға «азаматтар»,
Қарасаң не бір арыс азамат бар!
Үш тоқтап, алты басып кейбіреуі
Шығады баспалдаққа бір-ақ аттар.
Сонда да олар бұдан қымсынбайды,
Жас өсер – болсын қайдан бұл сын қайғы!
Бар олар самолетпен ұшуға да,
Жатаған, жетер жерде тұрса ыңғайлы...
Келіншек қарақат көз бір перизат
(Жанында қыз баласы, кемпір мен қарт).
Вагонға маңғаз басып өтіп кетті.
Поезді тамашалап мен тұрмын шат.
Жағалап бүлдіршіндей вагондарды,
Перронда жүр сайрандап балам да әлі,
Бір түрлі паровоз да бөбекке ұқсас,
Бөбектей көрінеді маған бәрі.
Бала қыз басып тұрып баспалдақты,
Күледі: – Таянды, апа, «қош сағаты».
Қолда гүл, шашындағы қызыл бантик
Секілді көбелектің қос қанаты.
Біткендей уақытым да, тағатым да,
Вокзалдың қараймын мен сағатына:
– Қазір, – деп өтіп кетті кезекші қыз,
Қосылған жолшы халық санатына.
Жұмысы жасырғандай бала жасын,
Байсалды, жай кісі деп қарамайсың.
Көтере киіп қызыл фуражканы,
Түйіпті желкесіне қара шашын.
Слетте сонау жылы бұл бала қыз,
Деп еді: – біздерді де бағалаңыз.
Кезекші, машинис те, кондуктор да,
Үйретсе, өзіміз де бола аламыз.
Бола алды! Мұны бүгін әр көз көрді
Ой өсті, өмір өсті – бәрі өзгерді.
Көтеріп бөбектерді, қартты сүйеп,
Вагонға кіргізіп жүр әрі өздері.
Қайран ғып бар ананы, бар әкені,
Жүр олар, жұмыс қандай берекелі!
Ақы емес, қуантады алғыс сөздер,
«Көп жаса», «Зор рахмет», «бәрекелді!».
Қоңырау! Шыныменен «Шүу» деді ме?
Қараймын қалың жұрттың дүрмегіне,
Естілді бала қораз дауысындай,
Кішкене паровоздың гудогы да.
Сол екен дүрліктіріп балаларды,
Перрон да ысырылып қала барды,
Тілеңіз оң сапар жас жолаушыға,
«Жол көріп, жер танып», сау оралады.
3
Кезердей жер-жаһанның кең көлемін,
Жайғасып бір вагонда мен келемін,
Секундта жүйрік қиял жүз орайды
Жай басқан паровоздың дөңгелегін.
Тұр неге толқын тулап жүрегімде,
Сапырып сан сапарда жүрмедім бе?
Құлаққа келмеп пе еді жорық үні,
Іңгәлап жатқанда да жөргегімде?
Қусырып қалса дағы жас қырықты,
Әлде мен аз көрдім бе жақсылықты?
Ғафу, дос! Бір басыма жетіп жатыр,
Өткем жоқ ат қылып тек ақ сырықты.
Мен кердім өмір қалай жаңарғанын,
Ақталған алғаш рет жан арманын.
Жайықтың толқынының жалында ойнап
Мен жүздім айдынында жаңа арнаның.
Мен сонау азат Орал аймағының
Жүрмеп ем саясында қай бағының?
Соқтырған өліп жатқан жер жүрегін
Мен тұңғыш трактордың айғағымын.
Мен көрдім оның қалай қопарғанын
Тайпақтың жазығы мен жоталарын.
Көкке ұштым, кеме үстінде өлең жаздым,
Патентті бір жүгімін «отарбаның».
Мені, рас, жаяулық та жиі іздеді,
Аз емес табанымның мүйіздері.
Ол – табы Европаның тас-тауының,
Гүл құшып жатыр бүгін бұл іздерді.
Бізді өмір ез еткен жоқ қысқа адымға,
Мен оның мақтан етем қыстарын да,
Біз тоңсақ жел бетінде жүріп соның,
Ел-ана көкірегіне қыспады ма?
Келді сол қыс арқылы көктемдерім.
Қысты да, көктемді де көппен көрдім.
«Көппен бол, кім болсаң да» деп дір еткен,
Әке боп ұлымды алғаш өпкенде ерінім.
Демесем «Данышпанның бер салымын,
Сондай-ақ ғұмыр жасын жер шарының».
Разымын тағдырыма, табыма да,
Тұрмын мен аясында дер шағымның.
Әйтсе де қалай таңды маған өзін
Жүректе толқын ұрып жаңа сезім?
Бір жауап бұл сұраққа іздегендей,
Тыңдаймын аға сөзін, бала сөзін.
Бергендей әдейі уақыт ой ойлауға,
Келеді поезіміз баяу ғана.
Вагондас, жанымдағы жақын көрші –
Жаңағы қария мен аяулы ана.
Қарасам мен олардың жүздеріне,
Қарайды, олар бала, қыз, келінге.
Көне рең көз алдында жасаң тартып,
Әжімнің азайғандай іздері де.
Білмеймін қалалығын, далалығын,
Қайтемін сұрап оның дәл анығын.
Бейне бір іздеп шыққан адамдардай
Баяғы ұмыт қалған балалығын.
Есіне сол сұрықсыз жылдарды алып,
Кәрі ана ойлы көзі ылғалданып:
– Көрдің бе, біз де, шалым, – дейді
ақырын –
Қызықты балалықтан құр қалмадық.
Қарт болса, етті беті күреңденіп,
Қанғандай қызыл шайға түрі өңденіп.
Қалай? – деп күлім қағып, мәз болады,
Қолына әр бөбекті бір өңгеріп.
– Дедушка, қойыңызшы салдырламай,
Бұл жолды сізге арнап салдырғандай –
Жас әйел осыны айтып тұрып кетті,
Құлағын қарттың сөзі талдырғандай,
– Мұндайды жүргенім жоқ жаңа көріп, –
Деді ол есік жаққа бара беріп.
Тигендей күйеуге де, төркінінен
Меншікті Түркісибін ала келіп.
Манағы «перизатым», қара көзім,
Өзі екен нағыз бәле ала көздің,
Ойы оның: «Мені ешкімге елетпеді,
Қызығы құрысын жол, паровоздың».
Жоқ, сұлу, жол жасасын, өзің құры!
Ол – халық мақтанышы, көздің нұры.
Сен біздің қуаныштың ұрысысың.
Сендегі жүрек те ұры, сезім де ұры.
Сол үшін сенен ғафу өтінбедік,
Кетті деп жанымыздан өкінбедік.
Табиғат қате берген ажарыңнан
Ақылсыз, алдамшының бетін көрдік.
Бір қазақ іздеген ғой «жар сұлуын»,
Іздемей жан сұлуын, ар сұлуын,
Ұққан ғой дарияның толқыны деп,
Көпірме көбігін де қар суының.
Сұлулық ата-енеңде мына отырған,
Кітапты сен білмейтін мың оқыған.
Ол кітап – бейнет, еңбек, өмір жолы,
Бар сенің мұндайлардан нең тоқыған?
Қайда ұғу саған жанын өзгелердің,
Өзіңнен ұмыт қалса өз бөбегің?
Қуантып оны атасы, қуанса өзі,
Сен оған «салдырлама, езбе» дедің.
Көрдік біз: мещансың сен бүгінгі;
Сүйетін тек жексенбі, сенбі күнді.
Ішінде гүл бағының жабайы өскен,
Кім тағар кеудесіне сендей гүлді...
Осы ойды түйіп қалдық ішімізге,
Көргендей бұл елесті түсімізде.
«Перизат» карантинге бөлінгендей,
Шошайып тұрды оқшау, ісіміз не?
Секілді шалқып жатқан көл мекені,
Шарлады көңіл тағы кең өлкені,
Шытылған қарт қабағы қайта ашылды,
Бір сілкіп секундтік сәл көлеңкені.
Алтыншаш қыз бен жігіт ана арада,
Күлімдеп қарап қойып балаларға,
Күбірлеп екеуара сөйлеседі,
Вагоннан тар болды ма бақ оларға?
Қайдам, мен – бұл жастарға бөтен кісі,
Әркімнің бар бүгіні, ертеңгісі.
Жарасқан екі еріннің арасына
Кім түсер, келмесе тек өртенгісі.
Серттесіп, бәлки, бұлар бүгін ғана
Әдейі мінген шығар бұл вагонға,
Пәк жүрек бөбектердің қуанышы
Болсын деп махаббатқа бұл да куә.
Өзінде өз қызығы балалардың,
Бірінің бірі сөйлеп орап алдын,
Терезе-терезені тұр қаумалап,
Орынды одан жайлы таба алар кім?
– Жарысса оза ма бұл трамвайдан?
– Он есе жүйрік шығар бұл ондайдан?
– Осыны, білемісің, салдырған кім?
– Кім болсын...
– Москва!
– Ол бұған қайдан?..
Бөбектер айтысады, таласады,
Таласып табысады, жарасады.
Топшылау, жұмбақ, сұрақ – бәрі осында.
Әйтпесе болар ма еді бала сәні!
Уралап, гүл лақтырып, қол бұлғаған
Жол бойы жас пен кәрі – толған адам.
Тұрғандай қошаметтеп батырларды,
Бейнебір жаңа ерлікке жолдама алған.
4
Бес минут! Уақытым ол аңсамаған,
Сонда да ләззат берді қанша маған.
Бес минут – көптен бергі бір кезеңім,
Баладай мен де өзімді жан санаған.
Бес минут әлі де жол жүреміз біз,
Вагонда күй өзіміз, жыр өзіміз.
Кіргендей кеудемізге бір қытықшы
Күлеміз, күледі жан-жүрегіміз.
...Ұқпаймын қалай ізін қалдырғанын
Бейкүнә сөзі әлгі балдырғанның.
Тіліме ауық-ауық оралады:
«Осыны, білемісің, салдырған кім?
Кім, бәсе? Кім – бұл іспен қанаттанған?
Қалайша, қашан туды қанатты арман?
«Қалайша?» дегендей боп жаңа ғана
Ильич те портреттен қарап қалған.
Қалған жоқ, жүрегіммен бір келеді,
Ойыма бірге үңіліп, бірге енеді.
Тарихтың шымылдығын ашып жатыр,
Жылдардың ысырылып іргелері.
...Жас аға жем боп кетті қорқауларға,
Жақсы оймен албырт жаны бұрқанғанда...
«Жоқ! – деді, – жүреміз бе біз өзге жолмен!»
Кешегі бұйра шашты бейқам бала...
Түретін туырлығын түн-түнектің,
Тұрғандай жасын ойнап, күркіреп күн,
Ұшқыннан шығып жатыр жалын лаулап,
Жалыны ол жасымайтын ер түлектің.
Қайда, кім жас Володя Ульянов?
Ол – жалын, дана Ленин, ол бір алып.
Ол – көсем, ол – атақты Бесінші жыл,
Жеңімпаз Ұлы Октябрь, ұлы халық.
Жеткізіп партияны, елді ерлікке,
Шықса да шырқап даңқы ең биікке,
Ол міне жүр бөрене көтерісіп,
Алғашқы коммунистік сенбілікте.
Ол міне, екі қолы қалтасында,
Үңілді ГОЭЛРО картасына.
Ол міне, жаңа жылғы елка күні,
Кіл жетім бөбектердің ортасында.
Сол кеште ұл-қызының ол жанында,
Қызығын келешектің шолғанында,
Жыр етіп ертегідей ертеңгіні,
Айтпады дейсің бе осы жол жайында?
Кім біздің Ильичтей қиялдаған?
Не оның қиялына сыя алмаған?
«Қиялдау керек» десе, міне бүгін
Шындық боп жатыр қанша қиял-арман?!
Десек біз өмір қандай, жастар қандай,
Қонғандай қолымызға аспандағы ай!
Мен үшін бүгінгінің барлығы да,
Ильичтен, Октябрьден басталғандай.
Октябрь таңын тұңғыш көргенде елім,
Баурында болмаса да ол күндердің,
Дүниеге сонда келді деп білемін,
Өзімнің азды-көпті өлеңдерім.
Өмірге ерте кеп, кеш қанаттанған,
Атақты анау аға, санатты адам:
– Болмас ем, Октябрьсіз мен де ақын, –
Дейді, – тек сонда бітті талант маған.
Тәңіріндей табы жолын тап басатын,
Жырынды жасамыс сол ақ бас ақын.
Өмірдің өтіп қатал мектебінен,
Алдында туған елдің ақтаса атын,
Ақтап жүр оның талай інісі де,
Жыр үшін жүз оянып түн ішінде.
Жырлайды пионерлер костерін де,
Тың жер мен Қызылорда күрішін де.
Толғады әке сырын, Торғай жерін,
Қарумен, қаламымен қорғады елін.
Балатон, Айдардағы жырларымыз
Ұласып жатты әнімен Қорғалжынның.
Айқаста Абдолланы қабір алған,
Біреулер айрылды қол, қабырғадан,
Олар да Қазақстан солдаты ғой,
Қалың жұрт өз ойындай қабылдаған.
Жүр солай қай өлкені қалам баспай,
Жүр кіммен жақын досша амандаспай!
Кітап боп сол арқылы Қарағанды,
Жасарып Абай отыр замандастай.
Білеміз мұны да біз әртүрлі лек,
Ильичтің, Октябрьдің тартуы деп.
Білеміз игермеген тыңымыз көп,
Керуенбіз сапары алыс, артуы көп.
Тартса олар ұрпаққа енді Түркісибін,
Жиендік тайы емес қой бұл қысырдың,
Тай міну былай тұрсын нағашымнан,
Өз басым жетім лақтан құр кісімін.
Мейлі өтер, мейлі өтпес өзге адамға,
Мен мұны неге айтпаймын өз балама?
Тап бассын, тәй-тәй ойы сүрінбесін,
Жел соқпай шөптің басы қозғала ма?
Жеткен жоқ жетелеусіз көшелі ойға,
Ардақты Зоя, Әлия, Кошевой да.
Кітаптан, ертегіден, көргенінен
Сусындап жүрді олар да кеше ғана.
Қалайша толқын ұрмай тұрар жаның,
Солардың көрсек міне, тірі арманын
Заманның салтанаты, ел еңбегі –
«Маңдайға жазғаны» емес бұл «алланың».
Амал не, әлгі әйелдей біреулер бар,
Бір ғана міндетсуді біледі олар...
Мың шүкір, олар емес жолдастарым
Адамзат ертеңіне бірге барар.
...Тынбайды самбыр-күмбір, күбір-сыбыр,
Күлкі де төгіледі сылдыр-сылдыр
Таныстай жұрттың бәрі баяғыдан,
Ортаға түсіп жатыр сан түрлі сыр.
Олжасы осал емес ұлымның да,
Жасының өткізгендей жылын мұнда,
Табысып талай жана достарменен,
Айтады білген тақпақ, сырын бұл да.
Дейді қарт: – қайран, шіркін балалық-ай,
Біздерге кеткенің бе бір қарамай!
– Бәлі – деп сүйеді әжей немересін,
Сүйе алмай қалатындай бұдан былай.
Жар салып паровоздың гудоктері,
Әлі көп айтар сырды үлгіртпеді.
– Келдік! – деп қоса, ескертті кондуктор да,
Қозғалды балалардың дүрмектері.
– Қалай тез! – дейді сұлу жігіт пен қыз –
Біз тіпті уақытты да ұмытқанбыз...
Қараймын мен де өкініп сағатыма:
Оралдық он минутқа жуықта біз.
Он минут! Маған мәлім қысқа-алысың,
Сенімен ертеден-ақ жүз таныспын,
Кір жуып, кіндігімді кескен сәтсің,
Жасымның ең алғашқы мысқалысың.
Он минут! Лезің көп есте қалған:
Кейде ерте, кейде сенен кеш те қалғам.
Бүгінгің жүрекке орнар махаббаттай,
Аз айтпан алғысымды еш баладан.
Ұмытпас мұндай күнді бөбектер де,
Оны олар өмірінен бөлектер ме!
Бұл да бір нұрлы жолдың беташары
Ертеңгі өрендерге, өзекті ерге.
Мінеки жолаушының жана легі,
Жасыл бақ, жарқын дүние, дала лебі.
Жатқандай ұрпақтарын ұлуғылап
Жеңімпаз Октябрьдің дана елі.
* * *
Өткізді жас жол талай бала жазын,
(Мен болсам бұл жырымды жаңа жаздым).
Сан әке, сансыз бөбек сапар шекті,
Ешкім жоқ көрдім деген «жол азабын».
Бір рет басына өзің барсаң оның,
Білесің тамашасы қанша молын.
Көресің жаңа вокзал үйін де сен,
Атақты жол ортасы – «Комсомолын».
Кондуктор, кезекшілер о бастағы,
Көп болды кең адымдап дөң асқалы.
Жүр олар тың даланың жолдарында,
Төбеде Сарыарқаның көк аспаны.
Кішкене жолаушылар алғаштағы –
Сол кеткен жолшылардың жалғастары.
Көшкендей эстафета қолдан қолға,
Кезекте – бұлардың да жолдастары.
Солайша жолаушы да, жолшы да өсіп,
Жүреді жолға олар жолды қосып.
Көсіліп жатыр Кіші Түркісиб те,
Жаз болса жас бөбекке жонын тосып.
Сондайда келсем тағы, ұлым қалап,
Жүр екен Индиялық ұлы қонақ.
Мына бір диалогты ұстап қалдым,
Өзге сөз айтылыпты бұрынырақ.
– Мұндай жол бар ма сіздің еліңізде?
– Жоқ, бірақ салдырамыз тегі бізде.
– Қай кезде?
– Оны қазір айту қиын...
– Неге олай, айту қиын дедіңіз бе?..
Бөгеліп қалды қонақ қымсынғандай
Оқыста көңіл сағы бір сынғандай:
«Балалар барға үйренген, жоқтың сырын,
Дегендей, – қапелімде білсін қалай?»
Жүзінде сол қонақтың арман кетті,
Кім білсін әлденені арманда етті.
Бөбектер тартты жаңа сапарына,
Аймалап шаттық нұры алма бетті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күз

  • 0
  • 3

Күндері бар қызуы әбден сөнбеген,
Гүлдері бар қызылы әлі сембеген.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Жаздар өтіп, қыс келер деп сенбеген.

Толық

Ана сөзі

  • 1
  • 1

Дүбірлетіп дауылдай
Долы майдан даласын,
Азат етті әскерлер
Бір белорус қаласын.

Толық

Айттым сәлем

  • 0
  • 5

Мен өзгеше жазамын,
Мен өзгеше назамын.
Көтеремін сен үшін
Жер-дүниенің азабын.

Толық

Қарап көріңіз