Өлең, жыр, ақындар

Адам — мәңгілік

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 6274
Бұл жалғаннан
Басқаным кейде шоқ болды.
Бұл жалғаннан
Құшқаным кейде от болды.
Қуанышым сөйтсе де
Қасіретімнен көп болды.
Автор

«Қаздар, қаздар
Барады қайтып тізіліп.
Қараймын мен,
Қараймын кеп қызығып.
Қиқулары еміс-еміс естіліп
Кетеді кілт,
Кетеді кілт үзіліп.
Өкінемін
Біткендей ерте қызық той...
Сол бір сәтте
Маған мұңлы түседі ой,
Қоштасуға қимайтын мәз өмірің
Қайырылмайтын қайтқан қаздай екен ғой!..
Сенсің өмір,
Бар байлығым, дәулетім.
Тастарын, бар, неге сонша әуре еттің?
Бірақ ойлап бақытты еткен шағымды,
Қызық көрген күндерімді тәубе еттім.
Сарсаң өмір,
Ол — дүние дозағы,
Әсіресе қайғысы мол ұзағы...
Бірақ өзің жай боп жарды жара біл.
Адамсың ғой,
Тамшы да тасты бұзады...
Тіршілігің
Келсе мәнсіз не етесің?
Қысқасында —
Үлгермей қапы кетесің...
Ұзағы да кейде тіпті керексіз,
Өтсе адам
Жөндей алмай қатесін.
Дүние, сені
Неге сонша сүйдім мен?
Сонша неге
Өрт деміне күйдім мен?
Өйткені сен
Балдай тіпті тәттісің.
Әттең... әттең...
Тастан кейде қаттысың.
Дүние, сені
Неге сонша сүйдім мен?
Сонша неге
Қызығына күйдім мен?
Өйткені сен
Мөлдір күміс бұлақсың
Әттең.. әттең...
Мен бейбақты аямай,
Биігіңнен
Сан мәртебе құлаттың!
Бірақ мен де
Қарсы саған тұра алдым,
Өйткені сен
Маған қатты ұнадың.
Ыстығында —
Майдай балқып ерісем,
Суығыңа —
Мұздай қатты шыдадым.
Және сен деп
Өзім талай қуандым.
Азыңнан да
Оңай талай уандым.
Өйткені мен
Барын базар ете алар
Азға да мәз
Осындай боп туа алдым.
Әйтсе де осы
Дүние атты бұлақтың
Шөлі қанбас
Ғашығымын тұрақты.
Сондықтан ба,
Бердім талай өзіме
«Немен қымбат Өмір?»—деген сұрақты...
***
«Лұқпан төре мың жыл өмір сүріпті»
Деген аңыз біздерге де білікті.
Жасамайды кісі мың жыл, әрине,
Екі жүз жыл — оның да өзі күдікті.
Екен Лұқпан қайырымды шын, санатты,
Әр жылға бір жақсылығын балапты.
Сөйтіп барып, күні шағын болса да
Мың жыл өмір сүрдім деп ол санапты.
Өмір мәнін, осылай ұққан кісіге:
«Басқаға еткен жақсылықты ісінде!
Өз басынан аспаса адам бар қамы,
Ондай жанды бақытты деп түсінбе!»—
Деп осылай қадірлі бір жолдасым
Бастап еді сол күні бір жыр басын
Уыздай ұйып тыңдап едім мен оны,
Келістіре білгеннен соқ сөз нәшін...
***
Болды бірге полкта бір жас өрен,
Жамандыққа, қорқақтыққа шын керең.
Жанып тұрған от, еді ол лапылдап,
Қиындықты етпейтұғын тіпті елең.
Қандай іске жұмсаса да баратын,
Әкел десе, «тілді де» әкеле алатын.
Қайғырса жұрт қайғыра да білетін,
Қуанса жұрт шын қуанып қалатын.
Жау шебіне жұрттан бұрын тиетін,
Өрт қаптаса жұрттан бұрын күйетін.
Дүниеге өшіккен бір жан - сынды,
Жоқ, жоқ о да өмірді шын сүйетін.
Арамызда осындай жас жүретін,
Батырлығын бүкіл полк білетін.
«Көз тимесін ерлігіңе!» деп күлсек
Сылтау айтып, ол да жай бір күлетін.
«Артымда еш қарайлайтын қарам жоқ,
Қаза болсам аңсайтын бір алаң боп.
Ата-анамды жастайымнан жұтқанмын,
Жұрт тәрізді сүйген жарым, балам жоқ!
Ал өздерің үйлі-күйлі жансыңдар,
Бір-бір үміт артқан кілең нарсыңдар.
Отпен ойнау тұл басыма жеп-жеңіл,
Туса жағдай намыс сынар, ар сынар».
Десе де ол, білетінбіз бәріміз —
(Жасымыз да, дүние көрген кәріміз)
Өмір қымбат екендігін. Сондықтан —
Жүр ғой оған жұмсалып бар әліміз.
Әлі күнге бір оқиға есімде:
Мезгіл еді жақын қалған бесінге.
Окопта едік... Ұрыс кенет басталды,
Жауды оқтар тынбай бір сәт есіле...
Соғыс деген қанға тоймас жалмауыз,
Оны қостар фашистен асқан жоқ жауыз.
Жеңем десең, оған қарсы тұра біл,
Қасқырларға қасқырдай бол қанды ауыз!
***
Соғыс! Соғыс!
Таныс сұсты келбетің,
Кеше қанға, бояғансың жер бетін.
Ойыншықсың,
Теңер болсам соғыспен
Жойғалы тұрған адамзаттың әулетін!
Соғыс! Соғыс!
Бар қайғының сен басы.
Бар зорлықтың
Сенсіз жауыз жолдасы.
Сені жеңер,
Жеңер сені сонда да
Қарғысы ана,
Сәбилердің көз жасы!
Соғыс! Соғыс!
Сенсің қанқой қара түн.
Сені қостар
Қорқау, құзғын, қарға, жын.
Сені жеңер,
Жеңер сені сонда да —
Әлсіз құсым,
Бейбіт құсым — көкаршын!
Соғыс! Соғыс!
Сенсің жоқтық
және аштық!
Өн бойында —
Бар араздық, бар қастық!
Сені жеңер
Жеңер сені сонда да —
Ұлттар ұққан
Достық пенен жолдастық!
Соғыс! Соғыс!
Сан ракета сұм қолды.
Самолетсің,
Гүрсілдеген сен бомбы.
Сені жеңер,
Жеңер сені сонда да —
Халық сөзі
«Жоқ!» деп айтқан ең соңғы!
***
Сәл шыдаңдар... Аздап тағы тоқтайын,
Бір адамға, басқан өңін мұң - уайым.
Солдат еді ол бір жуас, абайшыл,
Кештеу білдім мен де оның көп жайын...
Үйі толған, шуылдаған арадай
Бала екен... Сол себептен қарадай —
Жүреді екен көрсетпей ол өжеттік,
Жүреді екен арт жағына қарайлай...
Әлгі жаспен, ажалменен таласқан,
Жолдас еді нағыз ауыз жаласқан.
Түйір нанды қақ бөлісіп жесіскен,
Достықтары бір-біріне жарасқан.
Бір ыдыстан ішіп бірге тамақты,
Бір-біріне жүрді түймей қабақты.
Сабырлыққа баулап жасты үлкені —
Ерлікте одан алып өзі сабақты.
Дегенменен, бірі — мосқал, бірі — жас,
Бірі — жуас, бірі — нағыз ашутас.
Тұстас емес тез ұғысар, көп жанға —
Достықтары жұмбақ еді шеше алмас...
Қаулап өскен тоқтата алар кім нуды?
Тулап аққан тоқтата алар кім суды?
Достық деген қасиетті ұлы күш,
Сол достықты сынайтұғын күн туды.
***
Сөйтіп ұрыс кетті қызып бесінде,
Әлі күнгі бәрі менің есімде.:
Тас-талқан боп жатты күйреп жермен көк
Ерлік деген шырқады тұлпар көсіле...
Жұтатын нақ айдаһардай ысқырып,
Біздің жақты барады жау тықсырып.
Қалды кенет қоршауда әлгі жас батыр
Барлаушы боп алда жүріп, тыс жүріп.
Көріп тұрмыз (емес бізден онша алыс):
Он қорқаудың ішінде бір жолбарыс!
Атқан оқтың кімді алары белгісіз,
Мылтық жұмсау... болмас тегі тым дұрыс...
Қайдан шықты? Қалай жетті?— білмеймін.
«Жау қолына жолдасымды бермеймін».
Деген мосқал болды пайда сол тұстан,
Мұны енді кезсіз батыр, ер деймін!
«Абайшыл ол, жуас» деген сөз қайда?!
Көп баласы түспеді ме әлде ойға?!
Достық деген сондай асыл күш болар,
Бәрін - бәрін ұмытқызар мұндайда!
Қазағымның қаһары ма жебеген,
Жау қолынан мен өлемін демеген,
Жетті мосқал, мылтығымен немістің
Бірін атып, бірін ұрып төбеден.
Осы кезде біз де бердік жауға тап,
Алға ұмтылдық, айқай салып уралап!
Шегінді жау, қосылды енді екі дос,
Қанды айқаста бір ажалдан аман қап!
Міне достық, айлалыға шалдырмас,
Күштілерге бермес өзін, алдырмас.
Әсіресе, мықты солдат достығы
Жау қолына бірін-бірі қалдырмас!
***
Ұялғандай кек аспаннан қыз алып,
Күн де батып бара жатты қызарып.
Ұрыс тағы кетті қайта басталып,
Зеңбіректер гүрсілдеді жер жарып.
«Алға!» деген бұйрықты естіп тұрды ұшып,
Мосқал бір сәт... құлады бірақ жер құшып.
Жатыр, әне... Жаралы ма?.. Белгісіз,
Біз шегіндік. Барады енді жау қысып.
Осы тұста бордан11 күнгей беттегі
Алып танкі бізге қарай беттеді.
Келе жатыр қаруынан от төгіп,
Мосқалды да жолай басып кеткелі.
Күшіміз аз оған қарсы тұратын,
«Қырық бес»22 те жоқ, қақ маңдайдан ұратын.
Бар қалғаны жалғыз «чашка»— гранат
Кім бар оны алып қайрат қылатын?
Келіп қалды танк та мосқал қасына,
Сол бір кезде жатқан жасым қасымда —
Жүгірді кеп гранатты ала сап,
Танк атқанша... құлады кеп астына!
Қас қаққанша гүрсіл шықты жер жарған,
Танк күйреді, сол минутте өрт алған.
Өлді жігіт, жау үрейін ұшырып,
Көп балалы жаралы мосқал қалды аман.
Неткен ерлік! Неткен асқан ер қылық!
(Айтсын ақын мәңгі өлмес жыр қылып!)
Батыр жігіт ақтады өз борышын
Жақсылыққа қайтарып ол жақсылық!
***
Өлді, жігіт,
Өлді, өлді, өлді ол.
Амал қанша
Соғыс сондай қанды қол,
«Тоқта!» деп біз айта алмадық, өйткені:
Соғыс сондай!
Інім, енді
Бақыл бол!
Тоқта десең,
Тоқтамас ол бәрібір.
«Тоқта!» деуін
Тілек қой жай
Ол бір құр.
Өйткені оның жүрегінде борыш боп
«Отан!» деген
Өзі берген бұйрық тұр!
Жігіт сондай
Ер еді ғой тау жығар.
Қаны тамған
Сол бір жерге гүл шығар.
Өкінбес ол, өкінбес ол: Елінде
Даңқы қалған,
Өзіндей сан ұл туар!
Өлді жігіт
Өлді, өлді... Бақыл бол!
Амал қанша,
Соғысқа сондай қанды қол.
«Тоқта!»—деп біз айта алмадық, өйткені
Батыр еді
Өз жолынан
Қайтпас ол!
***
Міне, осылай, жігіттің сол ер жүрек
Хикаясын тауысты да, бір мезет
Үнсіз қалған жолдасым кеп қайтадан,
Сөйлеп кетті көзілдірігін сәл түзеп.
— Айтайын мен, жан шошырлық сұм жырды,
Жырды емес-ау қараң қалған тұл - сынды.
Әңгімені, — деп бастады ол — көршім бар,
Сыры көпке су қараңғы түн - сынды...
Қарасаң сен — адамға ұқсас құр сырты,
Дүңк етер тек дүрдиген түр, сом мұртты.
Ішінде бар қыңсылаған бір пәле,
Қара қасқыр, қара түнек, қанды ұртты.
Көз алдауға... кигені ескі керзі етік,
Көне картоз, тозған пальто, күн өтіп.
Білем анық: соғысқа да бармаған,
Алыс жүріп, орман-тоғай күзетіп.
Сөйтсе - дағы байып алған күйі бар,
Көк шатырлы, бес бөлмелі үйі бар.
Қорасында тайыншадай шынжырлы ит,
Көшірмесі дерсің ұлын... Өзі дәл!
Жерге қарап, тұнжырайды да жүреді,
Не ойлайды? Тәңір ғана біледі.
Бойы шағын болғанымен, төртбақ. бір
Сом темірдей түкті шомбал білегі.
Мен Мәскеуде жүргенімде өткен қыс,
Көшемізде болыпты бір сұмдық іс.
Жас жігітке жабылыпты үш бұзық,
Тепкілепті демей басы, демей іш...
Аямапты, өлтіргенше ұрыпты,
Осы кезде сыртқа көршім шығыпты.
Арашалап алудың ол орнына
Басын шайқап, қызыға қарап тұрыпты.
Бұзықтар кім? Жасқа неге өшікті?
Неге өлтірді? Бәрі колға түсіпті.
«Көрдің бе сен? Неге арашалап алмадың?»
Деп тергеуші көршімді де қысыпты.
«Көрдім!»—депті сонда көршім сұрланып,
Көзінде бір суық ызғар зіл жанып.
«Менің балам емес қой ол, өзгеде
Шаруам қанша?!»—депті тағы сызданып.
Көрдіңдер ме, қандай қатал мәліғұн,
Адамдықтан тіпті ода жоқ ұғым.
Өз басының қамымен тек өлшейді
Бұл дүниенің баға жетпес бар құнын.
Мұндайлар көп. Емес олар құр пасық,
Жамандықты істеуге бар тіпті ашық.
Халқы үшін өлгендермен теңесең
Қақтары жоқ жүруге бүгін жер басып.
Мұндайларды көрсе де жұрт — көрмейді,
Мұндайларды білсе де жұрт — білмейді.
Үнсіз - сөзсіз қоштауымен олардың
Қанша қылмыс істеледі... Білгілері келмейді!
Сонда қалай, неге біздер алыстық?
Жауларымызбен жан аяспай салыстық?
Әлгі сұмдар білдірсін деп қоғамды
Төгілді ме майданда ерлер қаны ыстық?!
Осындайда түседі ылғи есіме,
Қанды оқиға басталған сонау бесінде.
Әлі күнге көз алдымда өлген жас,
Халық үшін сол күнгі ұрыс кешінде».
Деп осылай айтып сөзін жолдасым,
Тастағандай үстінен ауыр мұң тасын
Қалды тоқтап, біз де отырмыз үн-түнсіз,
Құлағандай жерге келіп ой - лашын...
***
Ойға қалдым... Неден шықты сөз басы?
Паш етеді немен тарих, тұстасы —
Адамзатты? Әрине, жақсы ісімен!
Өйткені адам өз ісінің ұстасы.
Қаздар, қаздар,
Қаздар қайтып барады...
Жүдетіп бір,
Қоштасып ән салады.
Дейсің сонда:
Өтер бәрі.
Тек қана.
Жақсы ісімен
Адам мәңгі қалады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір түнде

  • 0
  • 0

Лап еткен бұл өте ұқсас түнгі өртке
Қанды оқиға болған еді Жаркентте.
Жаңа орнаған өкіметін советтің
Берік деуге мезгіл еді тым ерте...

Толық

Құлпырады жасыл көктем

  • 0
  • 1

Гүл жамылған жатыр дала
Қиқу салып құстар келген.
Көлде. ойнаған ақ шағала
Қанатына шаттық ерген...

Толық

Ақ қайың

  • 0
  • 0

Ектім мен ұлыма арнап тал шыбықты,
Елемей күзгі суық ызғырықты,
Еккенде ұлыма арнап тал шыбықты,
Дедім мен ақ қайыңдай өссін мықты.

Толық

Қарап көріңіз