Арман
Поэмадан
1
Іленің бойында
Табиғат жайған кілемін,
Жағасына Іленің.
Қала бар сонда Құлжа атты,
Тербейтін адам жүрегін.
Бау-бақшаға оранған,
Айнала таумен оралған.
Өседі соңда көп гүлдер
Алуан түске боялған.
Өзені бар Іледей,
Суы сарғылт кілегей.
Жәй татқан бір күні жоқ,
Толқыны дауыл тілемей.
Сол өзеннің қасында,
Өсіппін мен жасымда.
Ол ыстық маған басқадан,
Сүйемін оның тасын да.
Тергенмін талай гүлдерін,
Сүйгенмін мақпал түндерін.
Алыстап сонда қалыпты,
Балалық албырт күндерім.
Өрнегіндей кестенің,
Көргенмін гүлдер өскенін.
Сағына күтіп алушы ем,
Таңғы самал ескенін.
Жүгірсе бұлақ ентелеп,
Барғанмын суға ертелеп.
Сыбырлап құрақ қалатын,
Толқындарға еркелеп.
Жаздың салқын кешінде,
Іленің шалқар төсінде,
Ойнаушы ек біздер жиналып,
Сол күндер әлі есімде...
Есімде тұлым өргенім,
Тозыпты сонда жөргегім.
Өмірдің ащы тұщысын,
Мен алғаш сонда көргенмін.
Емес бұл аңыз-ертегі,
Қозғамайды ертеңі.
Кешегі Шыңжаң қызының,
Өмірінен сыр шертеді...
Япырау, бүгін ерте ай батпады,
Жел тұрды, бұлтты ысырып, айдап тағы.
Ойында үміт күдік тай таласып,
Неліктен қыз жүрегі ойнақтады.
Құлағын тосты өзен гүріліне,
Қарады жасыл құрақ діріліне.
Алдында қаңдай тағдыр күтеді оны,
Қалғанда ата-анаға сыр біліне.
Қарады түн бүркенген жасыл бетке,
Өзіңде қуаныш па, жасу көп пе?
Неліктен күрсініп ол, жалтақтайды,
Кезінде келсе жақсы-ау Асылбек те.
Лүпілдеп қыз жүрегі алып ұшты,
Жас жанын лапылдатып жалын құшты.
Асылбек арашашы бола алар ма,
Ата ызғары, ананың зары күшті.
Қанатын қарақошқыл түн жаяды,
Тапжылмай ай орнында тұр баяғы?
Самал жел талықсып кеп жер құшады,
Белгісіз кімді іздеді, кімді аяды?
Айнала сыр білдірмей сұрланады,
Жұлдыздар әлденеге ұрланады.
Дүние ішін тартып тымырайды,
Қарағай күндегідей шуламады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі