Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен – Мұқағали Мақатаев

Бұл бетте «Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен» атты Мұқағали Мақатаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.04.2015
  • 2
  • 2
  • 27445
Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен,
Кейбіреуге қарыздар емеспін мен.
Пейілімді теңізбен таластырып,
Тереземді аспанмен теңестірем.
Досқа сыйын, заһарын шашар жауға,
Қарыздармын халқыма қашаннан да.
Қабырғасы қайысып қарт әжемнің,
Қалай тұрам, көзіне жас алғанда.
Қайғы түссе басына бір ағаның,
Қалай ғана шыдап мен тұра аламын.
Жасын сүртіп солардың, бірге жылап,
Бірге күліп солармен, жұбанамын.
Ести тұра шырылын жас баланыц,
Қалай ғана алшаңдап, мастанамын.
...Тік көтеріп сәбиді уатпасам,
Сәби-халқым, саған мен масқарамын.
Сәби-халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,
Сенің ойың санамда тұрақтаған.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (2)

Арука

Өте кереемееет

Осы автордың басқа өлеңдері