Мен үшін өмір деген – Ақгүл Тұрсынбай

Бұл бетте «Мен үшін өмір деген» атты Ақгүл Тұрсынбай жазған өмір туралы өлең берілген.

Мен үшін өмір деген...

Күндерім жоқ сағынып, езілмеген,
Түндерім көп аңсаумен көз ілмеген.
Сағындырған, сарғайтып сабылдырған –
Осы ма, сезім деген?

Жақындаса жаныма балқып денем,
Жәудіреген көзінен жақұт көрем.
Сүйе білген, сүйдірген, сүйсіндірген –
Осы ма, бақыт деген?

Ішім жылап, өтірік күліп келем,
Сол жан үшін өмір де сүріп келем.
Ұмтылдырған, сүюге құлшындырған –
Осы ма, үміт деген?

Жамиғатқа жақсылық тілеп келем,
Мейірімді – осы ма, жүрек деген?
Жүректерден сақтасын тасқа айналып,
Қуаныш пен қайғыға дір етпеген.

Ойларым бар әлі де өрілмеген,
Жырларым бар түйдектеп төгілмеген.
Ғашық жүрек, пәк сезім, шалқар шабыт –
Осы екен ғой, мен үшін өмір деген.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар