Өлең, жыр, ақындар

Қалыңдық

  • 09.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1612
(Асыл әжем ЖИДЕГЕ ескерткіш)

Сөз басы

Түркпен досым Дүрді сен,
Айтшы білсең (білгіш ең)
Жау болмаған біздің халық дос болған,
Қонақасы жеген талай қостардан,
Аяқ-қолға түскен біздің бір кісен.
Түсіміз бір күн аптабы қақтаған,
Ісіміз бір тұлпар ұстап баптаған.
Даламыз біз — кең кесілген иенбіз,
Бірімізге нағашымыз, жиенбіз.
Айдап салса аттан салдық тек қана.
Сөз сөйлетіп обаларды тыңдатса,
Шертер еді-ау небір сырды қымбат сан...
Аңқау, адал қос халықтың арасын,
От салумен қансыратты жарасын,
Хорезм шах,
Бұхар ханы,
Сұм патша.
Досым Дүрді, көптен көрмей аңсаған,
Зерттелместен жатыр тарих қаншама?!
Бабалардың достығының куәсі,
Бір әңгіме айтып берем мен саған.
Тыңда досым, қажет нәрсе ол caған.

2. Мұз астына кеткен көш

Астамдықтан болды ма. лай сезім,
Алар деп кім ойлаған бұлай кегін.
Мұз үстінде абайсыз суға кетті,
Мал-жаны, бар көшімен Құдайкенің,
(Толған ба сұм ажалдың қу өзегі,
Дейді жұрт — «сол өңірге ну өседі».
Улап-шулап қалың көш батқан өзен —
Сонан соң атаныпты, Шу өзені).
Бұрып-бұрып Құдайке қандай еді,
Аймағына ататын таңдай еді.
Өзі батыр, өзі би, бір өзінің
Болатұғын
Он бес ұл
Төрт әйелі.
Құс тістеген ауызбен арман қайда,
Бәрі-бәрі бұлдырап қалғандай ма?
Ел тірегі — азамат ай маңдайлы,
Қас қағымда айналды сор маңдайға
«Төрт әйел — бірі нәзік, бірі ұяң еді.
Он бес ұл — келешегім риям ед,
Зарлады сақал жұлып, зарлады шал —
Баянсыз, тұрлауы жоқ дүния, — деп. —
Тұр аға, басың көтер елің келді, —
Деп жылады інісі Келімберді.
Жоқтауымен жаңғыртып кең даланы,
Әже келді,
Қыз келді,
Келін келді...
Ошағы өшіп, суалып ырысы бір,
(Болар бәлкім тағдырдың бір ісі бұл).
Жетпістен асқан кезде Құдайке шал
Қолына қарап қалды інісінің,
«Алға салған билеген сезімді ұдай,
Сонау «сонау жігіттік кезім бір-ай!» —
Күрсінеді осылай бейшара шал,
Кешегі деп санайтын өзін Құдай.

3. Келін тілегі

«Беркітем — деп — қотаным, кең іргемді»,
Жорықтан оралғанды Келімберді.
Еріне сыр аңғарта сағынғандай,
Баршын сұлу наздана керілген-ді...
Бәйбіше еріне тым батымды еді...
Ләззатқа қанған соң: — Батыр — деді.
Әз қызығың өзіңде, ал қайнаға —
Түніменен дөңбекшіп жатыр — деді.
Бәйбіше ойын солай жеткізгені,
Әлі алда базынасы, өткізбегі...
— Тәйт әрі, не қауқар бар кәрі шалда,
Төрінен көрі жақын жетпістегі.
— Жоқ, Батыр, қате олай ойлағаның,
Базына емес және де жай ғана бұл.
Ұрпақ сүйер әлі де бұл өмірден,
Бойында қуаты бар қайнағаның...
— Кәрілігің дауасыз ғаріп, ғаріп,
Қаңсып қалған метейдей жарық-жарық.
Қайдан білдің сен өзің айтшы кәне, —
Деп күлді Келімберді қарқ-қарқ.
— «Қазаны басқаның Қайғысы басқа»,—деген
Әйел-балаң жаныңда таспа дер ем.
Өтпеу керек ұрпақсыз дүниеден,
Ол да бір кез ер болған асқақ ерен.
Батыр ойлан, өзіңнен әлі өтінем,
Өтінемін осы үйдің әулетінен,
Тым тереңде көп жатар көбіктеніп,
Үміттенем
қайнағаның кіші дәретінен...

4. Тосын байлам

Ертесіне, ие, ертесіне,
Сәлем бере ауылдың серкесіне,
Ақсақал, қарасақал, түбіт мұрттар,
отырды ақ боз үйде кең көсіле.
— Уа!— деді бір кезде қарттың бірі, —
Кетсін солай көңілдің, дерттің кірі.
Құдайкеміз ағайын ортасында,
Бірақ көріп жатқаны жаттың күні.
Осы елден бір қыз таңдап алғаны жөн,
Бір атадан бір ұрпақ қалғаны жөн.
Сол қызды ризашылықпен ата-апасы,
Қойнына Құдайкенің салғаны жөн.
— Дұрыс!
— Дұрыс! — шy етті отырғандар,
Жауға талай жебе боп атылғандар.
Су түбінен талайды шығарып ап,
Су түбіне талайды батырғандар.
— Таңда қызды!
— Кім болмақ қалыңдығың?
— Қай сұлуды дер едің: «жаным, гүлім
Келімберді құдаға санап бермек,
Қалың малын бүгін...
Бір күрсініп Құдайке
Сақалын саусағымен салалады
Салалады...
Жанарына шық тұрып балалады:
— Тұстастарым, інілер, балаларым,
Келмейді бір-біріңді алалағым.
Бір кезде болмад менен асқан ешкім,
Ал қазір қыз таңдайтын жаста емеспін.
Құлаған шаңырағымды көтерсеңдер,
Ие бола алмастай бос та емеспін.
Рахмет, бердіңдер қалауымды,
Көтерген — деп бір кезде жалауымды.
Бір әйелді әйтеуір жылыта алам,
Айтсам егер іштегі алауыңды
Қайғысы жоқ бәріңіз байсыңыздар,
Сендер үшін соқпай-ақ қойсын ызғар.
Таңдағаным сол болсын соны алайын,
Қане маған қыз берер-қайсыңыз бар?
Келімберді:
— Ағам айтқан бәрің де байсыңыздар,
Осы елде бетке ұстары Айсыңыздар.
Қалың малын екі есе айдатамын
Желіге жетпіс бие байлатамын.
Қыз берер қайсыңыз бар?
Кімде қыз бар әркімге аян еді,
Әрқайсысы өзінше Баян еді,
Құдайке «Бәленшенің қызы» —десе,
Бәрі оны көндіруге даяр еді.
Көктем менен қосылу күз дегенің,
Осы сәттің әркім де іздеді емін.
Бірақ, бірақ амал не өз қолымен,
Дей алмады ешкім де «қыз беремін».
Шешілер деп кім күткен бұлай керім,
(Қайтаруға жиналып құдай кегін).
Қамшымен жер шұқылап кеткендерді,
Селк еткізді дауысы Құдайкенің.
- Жә!
Қайтемін бір қызды қимасаңдар,
Бұлай болмас еді ғой сыйласаңдар.
Өзім табам шығатын жолымды да.
Қайғыма қайғы қосып қинасаңдар
Жара бітпес қара су бүріккенмен,
Мен үрікпен, ал сендер үріккенмен.
Досым бар аты оның Қожанәпес,
Қыз алам сол досымнан — түрікпеннен
Қиямет қайымдағы досым еді,
Тар тағдыр табыстырып қосып еді.
Бір берсе қызын маған сол береді,
Құда түс Келімберді
Өтінішім осы менің!!!

5. Гөзел сұлу

Әлқисса, Келімберді Құдайке ағасының айшылық алыстағы түрікпен досына құдалар аттандырды. Бір кезде Құдайке, қолға түскен Қожанәпесті кепілдікке алып, ажалына ара түсіп, астына ат мінгізіп еліне қайтарған болатын.

«Құдайке, қарызымды тірі жүрсем бір өтермін», — деген сонда досы аттанып бара жатып.

«Еліңе аман-есен жет. Үйлен. Қатының қыз туса ұлыма құда түсем», — деген Құдайке де әзілдеп.

Борыштың аты борыш. Құдалар енді түрікпен жамағайынының қызын баласына емес Құдайкенің өзіне айттыра бара жатыр. Өйткені басын әдемі бастап, аяғын қожыратып жіберген еліне өкпелі Құдайкенің қалауы солай. «Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын» ағайын осы.

Қазақ досының елінен келген қонақты Қожанәпес құрақ ұшып бір күн күтті, ешкім бұйымтайын айтпады, екі күн күтті ешкім бұйымтайын айтпады. Үшінші күні Қожанәпес: «е-е қонақтарым бұйымтайларың болса айта отырыңдар, Құдайке досымның отбасы аман ба?» — деді. Қонақтардың да күткені осы сұрақ болатын. Сыр түйіні ағытылды.

Қожанәпес үнсіз отырып қалды, өңі қуқылданып кетті. Көп отырды. Сосын «шаруаларыңның жауабын үш күннен кейін аласыңдар» деді де тұрып жүре берді.

Содан бір күн өтті, бұларды елеген ешкім болмады, екі күн өтті бұларды елеген ешкім болмады, үшінші күні Қожанәпес келді: «Уа, құдалар құдай алдында берген уәдемді жұтпаймын, Құдайкенің басына іс түскен екен, бауыр еті баламды оның түтінін түтетіп, орнын оңалтуға көндірдім. Тек бір тілегім бар. Қызым Гөзелден туған ұрпақ өз қарымына менің де қарымымды қосып атаса болғаны. Қызымның көші анау төбенің бауырында бара жатқан, ал аттаныңдар, — деді.

6. Сөз соңы

Солай досым,
Жал бітеді арықтаса жалдыға,
Кермек жұтқан көп асайды балды да,
Арқасында қиын кезгі достықтың,
Жүре берді сөнген ошақ,
Қайта лаулап жанды да.
Солай досым,
Өмір көлін кешеміз,
Бірде қайтып, бірде қайтпай есеміз.
Екі ұл тапты жетпістегі әкемнен,
Он бестегі жап-жас Гөзел шешеміз.
Жанды талай, сөнді талай сан арман,
Ұшқын атып, жалын атып жанардан.
«Түрікпен Адай» аталады қазірде,
Өнген ұрпақ, өскен ұрпақ солардан.
Солай досым,
Түсіміз бір күн аптабы қақтаған, ,
Ісіміз бір тұлпар ұстап баптаған.
Даламыз біз — кең кесілген иенбіз,
Бірімізге нағашымыз, жиенбіз,
Айдап салса аттан салдық тек қана.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серт

  • 0
  • 0

Қылыш бол алмас жүздi, асыл жiгiт,
Түсiрер қас жауының басын жұлып.
Бiздерге жасық болу жараспайды,
Исатай,

Толық

Ақ Жайық - Ару

  • 0
  • 0

Ақ Жайық – Ару, сылдырап әсем ағасың,
Өзіңмен тартам безбенге тірлік бағасын.
Қондырар шөлді бал суың,
Сондықтан сенен жоқ асыл.

Толық

Бәтіңкі

  • 0
  • 0

Бәтіңкі,
Бәтіңкі,
Бәтіңкі,
Тері ғой дейміз біз затыңды.

Толық

Қарап көріңіз