Тұрмын мен құшақтап – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Тұрмын мен құшақтап» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.03.2019
  • 0
  • 0
  • 3283
Айқайлап немерем дүниеге келгенде:
– Мен? - деді ол, - иесі бұл жарық ғаламның,
Ризамыз, боташым, біз сені көргенге,
Жасасын, ұрпағы шаршаған адамның!
Көтеріп шықтым мен оны алғаш далаға,
Күліп ол, сәулелі күн болып қарады.
Байланған өзендер босанып бұғаудан,
Аппақ қар балаша жүгіріп барады.
Қайыңдар сілкінді, емендер сілкінді,
Босанды сірескен сүңгіден, қыраудан,
Ауырған бұтақтар көгере құлпырды
Айығып алды да қыстайғы тымаудан.
Тұрмын мен құшақтап көктемнің сәулесін,
Апырым-ай, мен неткен адаммын бақытты,
Тұрмын ғой көтеріп әлемнің иесін
Жасарта, жаңарта алатын уақытты!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері