Жарапазаншы
«Қазақта ақын бар ма Сүйінбайдай!
Сөздері таудан тасқын құйылғандай.
Білмеймін қайда барын күшті аруақтың,
Пір тұттым Сүйекемді сыйлағандай.
Үйіне әдейі іздеп келіп тұрмын.
Сағынған сәлемімді беріп тұрмын.
Сүйекем жақтыра ма, жақтырмай ма,
Сөзіне не десе де көніп тұрмын.
Жақтырса маңдайымнан сипар менің,
Бұрқырар бұлтша қайнап онда өлеңім.
Елемей жанған отты, жауған оқты
Жаңғыртып cap даланы жөнелермін,
Жаңғыртып жөнелермін cap даланы,
Сарқылмай домбыраның сарнағаны.
Сүйекем ақ батасын бере қалса,
Басқанын, бұйым ба екен қарғағаны.
Сүйекем қуар мені жақтырмаса,
Кісі деп кесепаттау айтар халық,
Қанатын бала құстың қақтырмаса.
Сонда да үзбеспін мен күдерімді,
Кетпеспін кесіп тастап шідерімді.
Келер жыл оразада қайта оралып,
Тағы да білдірермін тілегімді.
Қараса сонда қыран баласына,
Түсермін сөздің майдан таласына.
Көгермей қыршынымнан қиылсам да
Жырыммен жармасармын жағасына.
Ішінде қалың топтың қарқындатып,
Өлеңді ақ семсердей жарқылдатып.
Ұстанын күшпен иген теміріндей
Алармын ақ батасын әнмен тартып» -
Дегенде жатқан қария қарқ-қарқ күліп,
Жастықтан басын кенет алды жұлып,
Жаққызып кемпіріне май шырағын:
– Үйге кір, жетер енді, ей шырағым, -
Деді де даусын ғажап күмбірлетіп
Отырды жолбарыстай күр-күр етіп.
Кеуделі қара кісі, орта бойлы,
Сүйекті қолдары да ойдым-ойдым
Ат жақты, дән маңдайлау, мұрны қоңқақ,
Балуан, тұтас біткен тіп-тік мойны.
Мұртындай сақалы да селдір біткен,
Кірпігі көрінбейді көзге тіптен.
Қазақтың бір ақыны ардактаған,
Әр сөзін корғасындай салмақтаған.
Осы еді Жетісудың Сүйінбайы –
Намысын хан, төреге қорлатпаған.
Жан еді от ауызды, орақ тілді,
Жырлайтын кейде ерлікті, кейде мұңды.
Іркілмей өлең айтқан үй сыртынан
Баланың батыл сөзі ұнады оған.
Жоқ әлде Сүйінбайды сынау үшін
Жаттатып жіберді ме бір антұрған,
Осылай салғастырып әртүрлі ойды,
Жымиып үнсіз ғана күліп қойды.
Сол кезде бала мейман кіріп келді,
Әндете әдеппенен сәлем берді,
Сәлемін саспай берген қабыл алып,
Қарт ақын тереңдей бір көз жіберді.
Қонағын отырғызып дәл қасына,
Қадалды қаршығадай тұлғасына.
Көреген отты көздер жалт ете қап,
Атылған ұшқынына болғанда тап,
Қорыққандай, я болмаса ұялғандай
Көбіміз күйбеңдейміз төмен қарап.
Кездескен сондай көзге мына кеште
Шыдаса бала мейман ер емес пе!
Сүйінбай үңілді де ұқты бәрін,
Таныды тамашалап жастың жанын.
Жайнаған жанарынан анық керді.
Өзіне құмарлана қарағанын.
Достықты, ыстық таза махаббатты
Сезбеп ед көптен жырау бұл сияқты.
Бетінде дуылдаған қуаныштың
Жүрегі көрініп тұр алып ұшқан.
Елігіп, ардақтайтын ақын сөзін,
Елінің қасиетті бір мінезін
Көріп ол бейнесінен жас ұланның,
Таңданып соған өзі қарай қалды.
Жайдары ашық жүзі бұлтсыз күндей,
Күлкісі нәрестенің күлкісіндей.
Қысылмай, қымтырылмай, отыр дарқан
Үйреншік осы үйдің бір кісісіндей.
Көп болса он бес пенен он алтыда
Күнәсыз балбыраған тұр қалпында.
– Шырағым, өзің айтшы қай баласын?
Біреуге ұсағандай көз қарасың.
Отырмын шырамытып, тап баса алмай, -
Деп қария сипап сөзбен көрді жасын.
Ақсиып жас қонақтың ақ тістері,
Жай ғана жылы ұшырай жауап берді:
– Жабаның баласымын.
– Жамбылмысың?
Атыңды кім қойғанын білемісің?
– Білемін, сіз қойыпсыз.
– Бәрекелді.
– Келдім мен сәлем бере соның үшін.
Елестеп бір көрініс сондағыдай
Шұқшиды соған кенет қарт Сүйінбай.
– О да бір күн екен-ау бастан кешкен,
Көз жұмбай, көрге кірмей шығар ма естен.
Қақаған ұйтқып қары, қара боран,
Көшкен ел, артта соғыс кескілескен
Үрей жұрт үрке қашқан қуған жаудан,
Түн еді түнеп өтер Жамбыл таудан.
Қоқанның қан жалаған жендеттерін,
Қаптатпай қайсарлықпен бөгеп жолын,
Елім деп қалың жауға еңірей шауып,
Жан берген сол түнде сан ерлерім.
Сол түнде туып аман, тірі қалдың,
Ұмытпа ерліктерін құрбандардың! –
Дегенде шошығандай әлденеден,
Тоңазып тұла бойы дірілдеген.
Сұрланған, қашып қаны жас Жамбылдың,
Көзі де суи қалды күлімдеген.
Ынтыға тыңдай берді тіл қатпастан.
Жыраудан естігендей тыңнан дастан.
Жамбылдың жаны ауырып шошығандай,
Көзіне кек жалыны қосылғаны
Лап етіп сезімінде от тұтанып,
Қомдана ұшатындай отырғаны.
Жырауға соның бәрі ұнап қатты,
Атқанша сарғайып таң әңгіме айтты
Аюдай жүнді балақ Құдиярдың,
Қазақтың қан сорпасын ішкен ханның,
Қосақтап бота көзді жас қыздарын
Айдатып күңдігіне алдырғанын,
Құлағын кесіп ұлдың құл қылғанын,
Ұясын өртеп жұрттың күл қылғанын,
Балаға баяндаса бәрін жырау
Болады естілгендей сыңсу, жылау.
Елестеп қара бұйрат қаптаған бұлт,
Тұрғандай тұншыққаннан күрсініп тау.
Жамбылдың толып жасқа екі көзі,
Жыраудың барады өртеп айтқан сөзі.
Тозбаған тұрағынан шерлі күнде,
Мақтай кеп қазағының елдігін де.
Тақпақтап, тамашалай кетеді айтып
Белгісіз біреулердің ерлігін де.
Қонағын бір жылатып, бір күлдіріп,
Алды әбден арбап еркін еліктіріп.
– Қимылы Айбаланың аңыз болған
Кетпейді кәзіргідей көз алдымнан.
Бар еді-ау не саңлақтар, не боздақтар, -
Жау десе жайнаң қағып, аласұрған, -
Деп бастап, бөгелді де ойлағандай
Отырды шырағданнан көзін алмай.
«Жаз еді, бала кезім, жайлауда ауыл,
Хан қатал, қайырымсыз заң, заман ауыр,
Сау етіп түсте ауылға келді кіріп
Қарулы, қылшылдаған жүз жасауыл.
Төлейтін салығың деп ханға мұны
Қосақтап қойды матап жүз жылқыны.
Естіртті - әкелдік деп қызға салық,
Күңіренді, қорланды да соған халық
Малды алып, малға қоса жанды да алып
Қазақтың жазығы не осыншалық! –
Деп жылап, кемсеңдеген кемпір мен шал
Мұң-зарын шағып жатыр тәңірге олар.
Ұлардай зар қақсатып ата-анасын,
Ағызып көздерінен қанды жасын,
Айбала деген қызды алып шықты
Аяулы біздің елдің қиғаш қасын.
Үн қатпай, жалбарынбай, жалғыз ғана,
Сазарып тұрып алды сонда Айбала.
Кең маңдай, бойшаң келген, дөңгелек көз.
Болушы ед аса әдепті, сынық мінез.
Ақ көйлек, қынамалы қызыл қамзол
Киетін келістіріп дәл осы қыз.
Соғатын қос бұрымы тілерсегін,
Салатын ете әдемі әннің көбін.
«Ата-анам, күңіренбеңдер, жалынбаңдар,
Елім деп өткен жоқ па не бір жандар.
Жетектеп жүрер жылқы емеспін,
Біліңдер, бір жігіттей менде де ар бар.
Қош, жұртым, егілмеңдер, жыламаңдар,
Қорланып, жаудан тілек сұрамаңдар», -
Деді де киіп шықты ақ желеңін,
Әсемдеп асықпастан буды белін.
Әкеліп жылқы ішінен ерттеп мінді
Өзінің енші басы көк дененің.
Қарасып атқа қонған қызға бәрі
Қаптап тұр ханның қасқыр сарбаздары.
Әркімнің жүрегіне басқандай мұз,
Тұншығып тіл қата алмай біз де тұрмыз
Туған жер, ескен елін көзбен шолып,
Салмақпен ақырғы рет «қош» деді қыз.
Содан соң «шүу, жануар, көк дөнен!» - деп, -
Сытылып қалың топтан кетті жөнеп.
Күтпеген қыздан қимыл бұл секілді
Жау тобы іркіліп еді, түсінді енді.
Ат қойды аңдай шауып, улай - шулай,
Жер кенет шошынғандай дірілдеді.
Қуғандай жүз ит бірдей ақ маралды,
Ойымнан сол көргенім өшпей қалды.
Ұядан ұшқандай бір қанатты қыз,
Қалт етпей қалғанымыз қарап тұрмыз.
«Апырым-ай, тауға тартпай, ойға тартты - ау!»
Деген сөз әр жүрекке қалады біз.
Жазықта ұстамай жау құтқарар ма?
Ұсталса қиямет қой бейшараға.
Бір кезде шұбалған шаң шумақталып,
Будақтап бір орында тоқтай қалып,
Сәлден соң дөңгелене қайта оралды
Қабырды сол жердегі шыр айналып.
Ұққандар еңіреп кетті осы сырды,
Мөлтілдеп көздеріне жас іркілді.
Ол қабыр, қабыры еді кеп елдердің –
Жауынан жерін қорғап өлгендердің.
Сонда екен қыздың туған әкесі де
Бірі боп қан майданда жан бергеннің.
Қоштасып шықты айналып зияратты,
Сүйтті де тауға Айбала бір-ақ тартты.
Есімде: құйындатып көк дөненмен
Өткені батыр қыздың көлденеңнен.
Есімде, аққу құстай жөнелгені
Жалтылдап үстіндегі ақ желеңмен.
Ұядан ұшырғандай қанатты қыз
Біз енді сүйсініп-ақ қарап тұрмыз..,» -
Деп ақын кідіріп қап, тағы азғантай,
Отырды жанған шамнан көз ала алмай.
Кішкене дірілдеген сарғылт жалын –
Елестеп өзіне бір жақын жандай.
Мінеки, көрініп тұр ап-анық боп
Шапқаны Айбаланың қияға өрлеп.
«Не болды арты?» деуге әлі келмей,
Жамбыл да селт етпестен қалды үндемей.
Сипаты сол шақтары Сүйінбайдың
Көрінді ертектегі әулиедей.
Кеудеде толқып, шулап жыр теңізі,
Күмән жоқ соны тыңдап отыр өзі, -
Деген жас Жамбылды селк еткізді,
Қорықты ма, қуанды ма, нені сезді?
Бетпе-бет бірінші рет көруі еді,
Ақынды шабыт буған - мұндай кезді.
Жасаурап екі көзі, тітіркенді,
Жалтаңдап қарт жырауға қарай берді.
«Содан соң» деп Сүйекең жинап есін,
Бөлінген жалғастырды әңгімесін.
– Заулап қыз заңғар тауға кете барды
Кемітпей қуған жаумен бәсекесін.
Ұзамай көзден ғайып болып кетті,
Қалды жұрт көтерді де қайғы-дертті.
Елемей өрге шапқан таудың тасын,
Білген соң көк дөненнің ұстатпасын.
Бір мерген көзі шыққыр жіберіп оқ
Жүйткіген жануардың көздеп басын.
Оққа ұшып қайран қыздың құлап аты
Қапыда қырқылыпты қос қанаты.
Көрген соң құтылмасын қуған жаудан,
Көз тартып, төңірегіне биік таудан.
Тұрып ол тұңғиыққа атылыпты
Баурына бұлт бөгелген тіп-тік жардан,
Қағып ап әкетіпті құлама су,
Жөнепті кең жазыққа жүзіп аққу...
Қысқа айтты әңгімесін, тез бітірді.
Оп-оңай аяқтады ұзақ жырды.
«Жөнетіп кең жазыққа жүзіп аққу»
Деген сөз Жамбылды да еліктірді.
Кетпеді қыз тұлғасы көз алдынан
Басынан Найзатастың қарап тұрған...
Жалтырап көз ұшынан көл көрінді,
Үйрек, қаз көл бетінен көтерілді.
Жалғыз-ақ жаралы аққа ұшпай қалды.
Естіліп еміс-еміс даусы мұңлы.
Ұмтылып ұшпақшы боп жайса қанат,
Барады қанатынан қан сорғалап...
Өлді ме Айбала қыз? Жоқ, өлген жоқ.
Сөнбейді көзінде оның маздаған шоқ...
Елестеп кейде таудан, кейде көлден,
Тұрады ел аузында әңгіме боп.
Атағын сақтап қалған Айбаланың
Тауымның тасынан да айналайын.
Осы оймен судай толқып жел тебіренткен,
Ішінен тамашалап ерлерді өткен.
Қызыға ақынға да қарайды жас
Ерлікті сүйіп жаны әңгіме еткен.
Ұйықтатпай шаршаттым - ау Сүйекемді
Деген ой бөле берді көңілін енді.
Бір кеңес бастайтындай тыңнан тағы,
Керіле кеңнен демін алды - дағы.
Ақырын сипап қойып селдір мұртын.
Қарады қонағына алдындағы.
Сәлден соң кішірейтіп екі көзін,
Жамбылға жауап болар айтты сөзін:
– Ешкімге бата сұрап барма, балам.
Я сатып, я қорқытып алма, балам.
Жігітті оңай олжа көгертпейді,
Қиыннан қиналсаң да, қалма, балам.
Ақындық батырлықпен бір туысқан.
Жарамас жауға шаппай, жайға шапқан.
Ел безбен әр жігіттің өлшер ісін,
Алтыннан алыс ұстар жез бен мысын
Қарғысын, алғысын да тура айтады
Ездігі, я қымбатты еңбегі үшін.
Бергенше алғысын ел әбден сынап
Ешкімнен әуреленбе бата сұрап.
Ел дәйім өзі сүйген мақтайды ерін,
Сақтайды оның асыл ақ семсерін.
Елейді өзі түгіл мінген атын,
Әлпештеп туған жерін, өлген жерін,
Сүйеді ерлігі үшін ақынды да,
Ұмытпа соны, балам, тұт жадыңда.
Сөз бітті, ақын тынды, болды жым-жырт.
Әлсіреп. шырақ оты, тартты күңгірт.
Басқа бір жұмбақ сырға сүңгігендей
Қалт етпей қадырлы қарт қалды мүлгіп,
Аздан соң жастығына жантайды да,
Аңғартты жатқандығын жайлы ұйқыда.
Май шамның біткен кезде оты жанып,
Бір нәрсе таңдандырды Жамбылды анық.
Осынша тастай қара қою түнді
Қалайша көтереді екен әлсіз жарық...
Сәуле өшті, қулағандай тіреуіші –
Көмілді қараңғыға үйдің іші.
Отырған орнында ол да жата кетті.
Көрінді бүгінгі түн кереметті.
Тұғырсыз, тоқыраусыз балапан ой
Ұшырып ойға әкетті, қырға әкетті.
Қозғалмай жұмып қана жатыр көзін
Бір ғажап билеп жанын жылы сезім.
Қайдағы жақсы күй мен әдемі әндер,
Ызыңдап құлағында естіліп тұр.
Жұлдыздай жылтылдаған жанды сөздер
Айтады әлденені сыбыр-күбір.
Тамаша жыр сөзінің тірлігін
Жас Жамбыл тұңғыш рет көрді бүгін.
«Атандың осы күні Тезек төре!
Қоймаған елден жылқы, кезеп төре.
Теліні тентекпенен тияд десе,
Қыласың өзің ұрлық әттегене!»
Семсердей бұл сөздерді жекпе-жекте :
Сермеген қай батыр ед хан Тезекке.
«Сүйекем, иә Сүйеке!» - деді ішінен.
Кем емес ақын күші хан күшіпен!
Самсаған сансыз қолға тең емес не,
Әр сөзі от боп ұшқан кеудесінен!
Осылай өзі қостап өз пікірін
Жатты да кірді ұйқыға өте шырын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі