Ана мен бала
Төлеген Тоқтаров туралы
БАЛАСЫ
Қасқырдай аласұрған қамаудағы
Жанығып жаудың жаны тұрған шағы.
Сартылдап отты қамшы сойып жонын,
Барады қанға бояп қашқан жолын.
Темірдей тегеурінді, жүректілер
Бермей жер дұшпанына табан тірер.
Айдады сары аязда алдырмай дем,
Тay жасап фашистердің өлігінен.
Ішінде сол ерлердің - ер Төлеген
Жан емес қабақ шытқан, қайғы жеген.
Жалтылдап жалын атып екі көзі,
Ұрады қатерлерге өзін – өзі.
Сан рет жаудың тобын жалғыз іреп,
Ат қойған дивизия – жолбарыс деп.
Отырса айналасы ойын, сауық,
Достарын күлдіреді ебін тауып....
Бір күні қырғын соғыс болды қатты.
Сөйлетті сонда батыр автоматты.
Келген жау бетпе – бетке Төлегенге,
Қазықтай тоқпақ соққан кірді жерге.
Күркіреп кейде жауар күн сияқты,
Күшімен жерді, көкті таңырқатты.
Қоспастан бір-біріне дұшпан тобын
Майданда әзірейілдей ойнатты оғын,
Денесі өзінің де қанға батқан,
Құлады - оқ біткенде автоматтан:
Құлады - қырылып жау қашқан кезде,
Қалың қол тағы ілгері басқан кезде...
Қоршаған достары тұр көз айырмай.
Ыстық, қан oт жүректен атты тынбай.
Белгілі бетінен - ақ қиналғаны;
Сонда да күңіренбеді, ыңыранбады.
«Аһ!» - десе, моншақтаса көзден жасы
Еңіремей қалар еді қай жолдасы.
Сезді де жас жолбарыс соның бәрін,
Бекіді білдірмеске жылағанын.
Содан соң «қош, достарым!» деген сөзін
Антты да, қос шырақтай жұмды көзін.
Саспастан сабырменен жанын берді,
Тапты екен қандай ана Төлегенді!?
АНАСЫ
Айнала Алтай тауы заңғар - заңғар,
Өрімдей омырауында қарағайлар.
Айқайлап ағын өзен етегінде,
Шулайды жарысқандай кетерінде.
Басынан күн қызықпай өткен емес,
Тасынан жел де сүймей кеткен емес.
Мен емес, сұрасаң да қай қазақтан
Сөйлемес тау ғажабын етпей мақтан;
Сақталған ел аузында сан ерлері;
Осы еді Төлегеннің туған жері.
Балбырап балғын жастан жайнап өскен,
Арқардай шыңда жортып ойнап өскен...
Тұрады осы арада анасы да
Сағынып сәлем жолдап баласына...
Көктемде, гүлдер өскен, кешке жуық
Бір хабар тау еліне жетті суық.
«Мерт болды жас жолбарыс» деген хатты
Анаға естіртіп жұрт көңіл айтты.
Өзегін өртегендей у аралап,
От жалын өкпе - бауырын кетті жалап.
«Аһ!» десе, деміне тас балқығандай,
Қанатын ұшқан құстың шарпығандай.
Зарласа, сорғалаған ақса жасы,
Қосыла күңіренер еді тау саласы.
Сезді де қайсар ана соның бәрін
Көзінің буды жасын, жинап әлін.
Басты түн. Ана жанын жеді жегі
Елестеп көз алдында Төлегені:
Кетерде бетіне бет тигізгені,
Маңдайын шөпілдетіп сүйгізгені...
Таң атты. Қоршағандар шайқады бас.
Анада ағармаған қалмапты шаш.
Аттан ел, құрсаң қуат, аттан, ерім,
Алуға ағарған шаш - ана кегін!
1942
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі