Өлең, жыр, ақындар

Жолдас, Навои

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1546
«Жолдас» десем жолдассыз, әрі ақынсыз,
Тірі жанды өлді дер қай ақылсыз!
Һәм өзбексіз, тілі бір, туысқансыз,
Бірге жасап, бізбенен бірге жүрсіз.
Өмірге өлшеу емес уақыт қазір,
Өздігінен ештеңе ол етпейді әзір.
Мың жыл бойы жасауы әбден мүмкін
Бүгін бір снарядтай атылған жыр.
Сіз келдіңіз алысты жақындатып,
Жатпай жолда, уақытқа, шаңға батып
Келдіңіз жеңіп қайтқан қолбасыдай
Кернейлетіп, гулетіп, дабылдатып.
Жүз мың жолдық жырларың – жүз мың әскер
Секілді, алдымызда сап түзеп тұр.
Әрбір сөзің баһардың бұлбұлындай
Бейнет, ләззат жайында шертеді сыр.
Арқалап інжу, маржан ойдың кенін,
Ғасырдың сілкіп тастап бөгеттерін,
Жеттіңіз, жабырқаусыз жарқын күнге
Тас түйін мұңлы заман шер-шеменін.
Қайырыммен қараңызшы, сүйікті ақын
Бүгін әлем иесі - жұрағатың!
Көтерді көк күмбезін жаңа дүние
Тазартып мәжнүндіктен адам атын,
Бүгін Фархат көздері атып жалын,
Орындап жүр еркімен ой, арманын.
Бүгін ол зор тауларды ығыстырып,
Жаңартты ағысын да Сырдарияның.
Атанған «Шөл - баябан» далаларды
Өзгертті; орнатты зор қалаларды.
Қиялда жоқ гүлдерді өсірді ол,
Қиял жетпес туғызды көркем әнді.
Фархат бүгін ұмытқан қайғы затын,
Қосты бақыт, шаттыққа махаббатын.
Арап, Иран, Үндістан қызыққандай
Жасады Өзбекстан мәмләкәтін.
Біздерде миллион Фархат өсті жастан,
Боларлық әрқайсысы бір-бір дастан.
Тек қана Навоилар жатыр жетпей
Оны біз мойындаймыз, жасырмастан.
Сөкпеңіз аз дегенге сіздей ақын,
Болатын, көбейетін мезгіл жақын.
Күші бар дәуіріміздің сондай ғажап –
Әр Фархатқа бір ақын тудыратын.
Күтіп тұр алда тағы талай ғасыр
Ұрпақпен, болашақпен боласыз бір.
Сол үшін бердік сізге жаңа паспорт,
Есігі ертеңнің де ашулы тұр.

1948



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ашықтар

  • 0
  • 0

Барады жосып қосын жол қуалап,
Барады жөңкіп қаңбақ жел қуалап.
Қанша рет жер ағарды, жер көгерді,
Қанша рет жыл ауырлап жеңілденді?

Толық

Кішкене портрет

  • 0
  • 0

Өзгергіш бояу секілді,
Осы бір адам қызық - ақ:
Жап-жаңа жүзі жылы еді
Сұрлана қалды бұзып ап.

Толық

Осы бір қарт

  • 0
  • 2

Осы бір қарт ұнайды тіпті маған,
Дүр секілді кәдімгі жұрт аңсаған.
Тарта берер түрі бар тарланымның,
Күні қашан жеткенше күрт қаусаған.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар