Тәжірибе – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Тәжірибе» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1826
Аңғармай өз әлімді,
Қинап босқа жанымды;
Түсе кеттім күреске
Көрінуге қарулы.
Алыстым да жығылдым,
Күресуден түңілдім.
Ақылыма қарамай,
Білерімді санамай,
Түсе кеттім айтысқа
Түпсіз терең данадай.
Айтыстым да ұтылдым,
Қашып әрең құтылдым.
Міндім - дағы намысқа,
Түсе қалдым жарысқа.
Әзір емес екенмін
Жүгіруге алысқа.
Жарыстан да қалған мен.
Жұртқа күлкі болған мен.
Мәңгі кәрі бір адам
Жоқтан бар ғып құраған;
Мәңгі сәби бір адам
Тәй, тәй басса құлаған.
Донкихоттар көп екен
Соның бірі мен екем.

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері