Өлең, жыр, ақындар

Катерина

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1366
I
Катерина неге солғын,
Ауру ма екен, әлде жаны;
Ойнамайды, неге бүгін,
Естілмейді салған әні?..
Әкесі де тіл қатпайды,
Терең қиял басқан зілдей,
Үйлеріне кірген қайғы
Катерина күрсінгендей.
Көзінен жас моншақтайды,
Бейне меруерт жауып бетін.
Уақытыменен дәм татпайды
Емес тағы іске бекім.
Сонша неге мұңлы сұлу
Қиналғандай ауыр дерттен.
Ойлай ма екен жан анасын
Өлгеніне үш жыл өткен?..
Жоқ, ол емес батқан қайғы,
Үйренді ғой оған көптен...
Ол кездегі төккен жасы
Болған ағып: құрғап кеткен.
Жұмбақтамай тым ұзартып
Баяндайын төккен жасын.
Солдатына кеткен алып
Туған бауыр - Миколасын.
Қайда ағасы, не күйде екен.
Қыздың ойы осы ғана.
Әлде қыршын әлді ме екен
Кең даладан таппай пана...
Деревняға кетті сыймай
Қан сасыған жаралылар:
Қыршындарды көзі қимай,
Күңіренеді кемпір мен шал.
Микола жоқ. Не болды екен?
Ілулі тұр тек суреті.
Құрғамайды ыстық жастан
Қарындастың балғын беті.

ІІ
Әлдеқашан күн батқалы...
Катерина отыр жылап,
Әлсіз ғана дірілдейді
Іргедегі жанған шырақ.
Тық-тық біреу есік қақты
Катерина ашты барып.
Көрсетпейді жігітті анық
Дірілдеген әлсіз жарық...
Асығыспын деді жігіт,
Қоштасуға тұрмын келіп.
Бас сауғалап қашты үкімет
Варшаваны қолдан беріп.
Тұншыққандай Катерина
Тіл қата алмай қалды, қатып.
Қоштасамын деген сөзі
Оқ тигендей кетті батып.
Әлден кейін алды демін
Жауап қатты жас жігітке.
− Сүйген жаным, не дегенің
Қосамысың дертті дертке.
Миколадан бір айрылдым,
Айрылам ба сенен жана?
Жарсыз және ағасыздық
Жазылып па маған ғана?
Басқа сөзге тіл келмеді,
Осыны айтып еңіреді зар.
Жігіт қызға тыңда, - деді,
Әлі, сәулем, айтпағым бар:
− Украинаның өз ұлдары
Қол ұстаса міндік атқа.
Қақты қанат қырандары
Жерін жаудан құтқармаққа.
Ат тұяғы тағалаулы,
Алдаспандар тақтық белге,
Талқандаймыз бұғауларды
Сөз бермеген туған елге.
Қол қарулы сыртта дайын
Жеткізбестей соққан желге,
Қош, Катюшам, жеме уайым,
Қайғыға бой бере көрме.
Үлбіреген жібек ернін
Сүйіп жігіт қысты қатты.
Аймалады алмай демін
Қыз жүрегін қалтыратты.
Сүйгеніңді шындап сүю
Неткен шырын, неткен тәтті.
Айтпай қалай отырарсың
Балдан тәтті - махаббатты!
Шықты жігіт, Катерина
Сол орнында тұрып қапты,
Сүйген жары мінді атына
Үзеңгіні бір-ақ қақты.

III
Шаршаған - ау Катерина,
Қараңдаршы бишараны.
Жатыр балғын тәтті ұйқыда
Үлбірейді ақ тамағы.
Терезеден күн сәулесі
Тесіле кеп қарағандай.
Ұйқыдағы қара басты
Оятуға аяғандай.
Тек бетіне нұр себеді
Сипап қою сүмбіл шашын.
Торғынымен құрғатады
Түндегі аққан көздің жасын.
Ерні кейде күбірлейді.
«Аға», - дейді әлсіз ғана.
Қол созады, күлімдейді.,
Түсте көрген Миколаға...
«Сүйші, тағы сүйші», - дейді,
Сүйеді өзі құмарлана...
Нәзік даусы дірілдейді
Дірілдейді бойы жана..,
Кейде ағасын, кейде жарын
Көріп сұлу түсінде анық.
Білмей неден шошынғанын
Бір мезгілде кетті оянып.
Тыста дүбір, у-шу дабыр
Катерина тосты құлақ.
Деревняны басқандай зіл
Жатқан сынды жұрт қансырап.
Түрлі қиял торлап ойды
Үйден шықты бебеу қаға.
Түршіктірді тұла бойды
Түскен тамұқ деревняға.
Бұл не сұмдық, бұл не құрбан
Көз жіберіп қараңдаршы!
Дарға асылған - салбыраған
Өліктерді санаңдаршы!
Бір келіншек офицерге,
Сөйленеді қарсы келін.
Құлағанша талып жерге –
Қамшыменен кетті көміп.
Қаңқылдаған қаз бен үйрек
Қалған аттың табанында.
Бір деревня жатыр күйреп,
Рақымсыз жау қамауында.
Сарғайған шөп, кепкен жапырақ.
Күздің желі ескектеген,
Жол қуалай ұшқан топырақ,
Жерді бейне жегі жеген.
Жол бойында шұбырған жан
Дірдектеген жас бөбектер.
Келеді айдан қан аңсаған
Қоршалаған пулеметтер.
Арқаланған кемпір мен шал
Көз жастарын топырақ көмген.
Еңірей, шулай қарасады,
Қоштасады деревнямен.
Деревняда өрт басталды,
Ойнап жалын соққан желмен.
От үйлерге шеңгел салды,
Бейне құйын дөңгеленген.
Шұбырған ел қалды іркіліп,
Толқындай-ақ соққан кейін.
Өшіруге өртке ұмтылып;
Лап беруге қалды бейім.
Ажал сөзін кетті сөйлеп
Аңдап тұрған пулеметтер.
Қаннан жаңа киді көйлек
Қарт аналар, жас бөбектер...
Болса жанып үндің бірі
Бәсеңдесе қызыл жалын.
Тағы бірі ілінеді
Аузына кеп аждаһаның.
Созылған қол жетілер ме
Алыс па үміт, әлде жақын?
Төгілген жас өшірер ме
Ойрандаған өрт апатын...
Желмен бірге күңіренеді
Ұясынан айрылғандар.
Күрсінеді, көз тігеді
Тек шықпаған шыбын жан бар ..
Катерина тұншыққандай,
Қимылдамай тұр сілейіп.
Күлге айналды көз алдында
Туған үйі, бітті күйіп.
Жер қозғалта шықты сарын
Сол минутта күншығыстан.
Тоқтатып жұрт шулағанын
Селт етпеген қалмады жан.
Ей, бауырлар, туысқандар,
Күңіренбеңдер, жыламаңдар,
Аққан жасты құрғатыңдар,
Күншығысқа көз салыңдар!
Қу орманнан қаптай шапты
Самсаған қол басты сеңдей.
Қызыл туды жарқылдатты,
Бостандықтың сәулесіндей.
Оқ жүйрік пе, ат жүйрік пе
Қараңдаршы тұлпарларға!
Жел жүйрік пе, ер жүйрік пе
Қараңдаршы сұңқарларға!
Қанат қаққан ер бостандық
Күн астынан жетті келіп.
Күйік тартқан сорлы халық
Жайды құлаш туды көріп.
Катерина күлімдейді,
Көрді көзі, жоқ арманы.
Бастап келеді сүйген жары
Жойқын қызыл армияны.
Сүрткенінше көзден жасын,
Келгенінше жармен тілге,
Ызғарланған офицерлер
Ұшқан күлмен ұшты бірге.
Бұлтты жарған бомбовоздар
Бостандықты төкті көктен.
Су сепкендей тыйылды ажал,
Із қалмады жанған өрттен.
Күлу, шаттық, мейрімділік
Күрсінудің, орнын басты.
Өрт сөнгендей бітті бүлік
Қос Украина аймаласты...

IV
Түн. Жел тынған, аспан ашық,
Қызыл ерлер кетті ілгері.
Жортуылға жолға машық
Жасымайды сенімдері.
Қара түнді қақ жарады,
Машинаның сәулелері.
Дірілдейді, шайқалады
Танкілердің жүрген жері.
Львов қайда? Қалды жақын,
Тарт колонна, кірпік қақпай!
Не бар жолда тоқталатын
Түнді күндей жарқылдатпай!
Катерина қалғыр емес,
Алған орын колоннадан.
Тыңдағаны қызық кеңес
Жаңа таныс - жас қыздардан.
Белде маузер асынғаны,
Қойған түйіп сүмбіл шашын.
Ойындағы бір арманы
Тапсам, - дейді, - Миколасын.
Гулеп мотор машинадан
Қара қасты тербетеді.
Тербетілсе Шевченконың
Өсиетін әндетеді.
Львов қайда? Жеттік міне,
Түн серпілді, ағарды таң.
Зеңбіректің естілді үні
Шығар күнді хабарлаған.

1939



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әке

  • 0
  • 0

Оңды еді-ау әке деген жасымызда,
Түскен соң енді білдік басымызға.
Шалды шал отыратын көкешім деп,
Болсайшы әлі де әке қасымызда.

Толық

Жеңеше

  • 0
  • 0

Терезесі күн бетте,
Жеңешемнің үйі кең.
Сырласады менімен:
«Жазбақ едім бір сәлем.

Толық

Өткеннен

  • 0
  • 0

Қойшы деп сөз бастасам кеңескелі,
Көремін алыстағы белестерді.
Керемін қисық таяқ күйкі шалмен
Сағымда сарғылт тартқан елестерді.

Толық

Қарап көріңіз