Өлең, жыр, ақындар

Дос туралы

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 4338
I
Бір еменнің бұтағындай,
Досымменен өстім бірге.
Жүректей ек соққан тынбай,
Бір кісінің көкірегінде.
Соққан боран, жауған карды
Жалаң аяқ, кештік жастан,
Тар жол талай кейін қалды,
Тарттық бірге айнымастан.
Есімде әлі, бетімізге –
Аққан жастан мұз қатқаны,
Беріп нанын екеумізге,
Қайыршы шал жұбатқаны.
Жатушы едік шаршап, талып
Жарасып жас балапандай.
Жатсақ – тағы тас жастанып
Тұрмаушы едік ұйқы қанбай.
Кейде отырып үлкендердей,
Кеңескенде күншуақта,
Деуші едік: біз, өссек өлмей
Кім болармыз болашақта?
Қиын еді ол күндерде,
Жауап беру бұл сұраққа.
Әйтсе де үміт ілгеріге –
Жетектейтін жарық жаққа.
Өтті күндер, өтті жылдар,
Көресінің көрдік бәрін;
Күйдірген от, батқан ызғар
Бір шыңдады достар жанын.

II
Есейдік біз өзгелердей,
Тани бастап кең жаһанды,
Доғардық біз дамыл көрмей,
Аунап шаңға ойнағанды.
Күні кеше қызыл гүлді,
Үзіп жүрсек ермек үшін.
Енді терер болдық гүлді,
Қыздарға арнап бермек үшін.
Таныдық біз туған жерді,
Туған жерді еттік мақтан.
Сүйдік дария, теңіздерді
Тербетілген, толқындатқан.
Ел екенбіз ерте күннен,
Қарлы таумен бір жасасқан,
Отты ақындар өткір тілмен
Төккен екен талай дастан.
Тыңдаушы едік мархабатпен,
Ұзақ жылдар жыршы қарттан,
Көзімізге елестеткен
Батырларды садақ тартқан.
Домбыраның қос ішегі,
Сыңсыған күй сыбызғыдан;
Дала толған мол ертегі,
Ақан сері қалдырған ән.
Күнге күйген, сарғылт тартқан,
Керуендердің көшкен жолы;
Бейне меруерт көкті жапқан,
Көп жұлдыздар аспан толы,
Бәрі бізге баяндасты
Тудыңдар! - деп зор халықтан,
Думан өмір қойнын ашты
Жас жандарға жалын атқан.
Біз де үйрендік домбыраға –
Қосып дауыс ән шырқауды.
Сүйген ел мен сүйген жарға
Сұлу жырлар бағыштауды.

III
Шайқағандай жер мен көкті
Шақырды Отан, дабылдатты.
Қоштасатын мезгіл жетті,
Ерттеді дос ақбоз атты.
Қимай cүйген қыз да теңін,
Қара көзін жаудыратты.
Құшақтатып қыпша белін,
Көзінен жас мөлт-мөлт ақты.
− Қой жылама, қарашығым,
− Не дегенің, кім жылапты?
− Мынау жас не мөлдіреген?
− Күтем! - деп қыз жауап қатты.
Сүйістік біз туысқандай,
Шіркін достық неткен тәтті!
Жөнелді дос ақтұйғындай, -
Қазақ деген ақтауға атты.
Тартты лек-лек зор майданға,
Аққан селдей атты саптар,
Қатарлана түсті жолға,
Алдаспандай жас қазақтар.

IV
«Болсаңдар бол, сол жігіттей»,
Деп бастады ертекші шал.
Жүзден бір жан қыбыр етпей,
Қалдық ұйып тыңдаушылар!
«Желді қуып жетеді екен
Астындағы ақ тұлпары,
Темірден де өтеді екен
Қолындағы зұлфықары.
Сан кіріпті мың сан жауға,
Бастап батыр құрбыларын.
Сағағынан малып қанға
Шығады екен зұлфықарын.
Бір күн дұшпан арсалақтап,
Қара құрым басып жерді,
Аянбай-ақ басты қаптап,
Алмақ үшін Еділді.
Күннің көзін басты тұман,
Сол соғыста ұшқан шаңнан,
Ат аяғын ала алмаған
Немістерден аққан қаннан.
Ақбоз атты жас қазақ та
Аянбады ұмытты өзін,
Еділін бермеу жатқа
Жанындағы жалғыз сезім.
Қашқанша жау жас жолбарыс
Өз жарасын елемепті,
Құлатпапты отты намыс,
Қолтығынан сол демепті.
Еділ суын ішті қанып,
Сөйтіп, кем - кем жұмды көзін.
Жолдастары естіді анық
«Қош, туған ел» деген сөзін.
Шағалалар шулап жылап,
Қанатымен су сабапты,
Аққулар да сұңқылдапты
Айнала ұшып ақ боз атты!»
Аяқтады әңгімесін,
Ертекші шал, маған қарап:
«Өлді осылай, - деді, - досың,
Тек жылама, бекін, қарақ».
V
«Өлді деген күйдіргі сөз,
Кетті қарып нәзік жанды,
Үлгірмеді жылап та көз,
Мұздап денем тас боп қалды.
Шын келмеске кеттің қайран,
Сенсің бүгін сынған арша!
Кетпес бейнең көз алдымнан,
Бойымнан қан сарқылғанша.
Тірлігіңде тірегім eң,
Мақтанушы ем өзгелерге.
Өлімің де көкірегімнен
Өргізеді өлеңді өрге.
Иілемін құбылам санап –
Өзіне мен бас ұрамын,
Барлық халық етер тауап,
Жас қабырыңның топырағын.
Жас ұрпағың көп тілдерде,
Болыпты дер сондай бір жан,
Дұшпаның да сол күндерде
Қорқар жалғыз атағыңнан!

1943



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Толқиды бидай

  • 0
  • 2

Толқиды бидай, шалқиды бидай,
Асады толқын толқыннан.
Толқындай толқып, торғындай шалқып
Шарықтайды біздің ән.

Толық

Ақын лепіргенде

  • 0
  • 0

Күркіреп үнім эфирде,
Оқыдым қыстай өлеңді.
Тыңдаушым жатты төменде,
Жырларым бұлт боп жөнелді.

Толық

Жастық туралы

  • 1
  • 0

Қызық қой жастың мінезі,
Қызу ғой оның жүрегі,
Әлемге жалғыз бір езі
Иедей болып жүреді.

Толық

Қарап көріңіз