Өлең, жыр, ақындар

Арман

  • 02.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2726
(оратория)

Бірінші бөлім
Желбіреген жібек ту
Жиырылып барып құлады.
Жер тебіренткен ұлы шу
Жел тынғандай тынады.
Жалынды батыр жаралы,
Жоғалды сөніп шырағы.
Жүрегінен атылып
Жосыды қанның бұлағы.
Жәрдем етер дәрмен жоқ,
Жылады жұрт, жылады.
Сұңқар тасқа ұрынды,
Қайта ұшатын күн қайда?
Тұлпар жарға жығылды,
Қайта тұрар күн қайда?
Санақтан найза үзілді
Сапталар қайта күн қайда?
Алдаспаннан жүз кетті,
Қайралар қайта күн қайда?
Ақ білектен әл кетті,
Ол жияр қайта күн қайда?
Жер кетті, Ер кетті.
Ел зарлы Ер мұңлы,
Еңіретті - еңіретті.
Ойда өрт,
Көзде жас,
Айнала жалаңаш.
Күннің көзін
Мең басты.
Жер бетін
Сел басты, сел басты,
Шулады жұрт
Ұлардай.
Шұбырды жұрт
Құландай.
Мекенсіз,
Тұрақсыз,
Шуласты. шуласты.

Ана
Өрттен қалған тақырды
Өрнектесем оңар ма?
Өзегі солған өзенді
Жас ағызсам толар ма?
Қанға батқан батырды
Құрбандыққа айналсам,
Қыран құстай қайрылып
Тұғырына қонар ма?
Қайта қару сұрар ма?
Қайта бастап шығар ма?
Жатпасын жерде тірегім,
Кір шалмасын денесін.
Жұртың сүйген жүрегін
Құрт - құмырсқа жемесін,
Көтеріңдер биікке,
Болсын құрмет ақырғы.
Күйдірмейік күйікке
Көзін жұмған батырды.
О, дариға батырды
Көтеріп шығар жол қайда
Қол талғанда батырды
Арулап қояр жер қайда?

Хор
Мерт болған ерді көтердік,
Тұла бойын көмген қан.
Еңсені езді ауыр жүк,
Егіледі жылап жан.
Жүректі қанжар тілгендей,
Күйрегендей жер-жаһан,
Өкпе-бауыр күйгендей,
Ән қашқандай айтудан.
Енді қайда жүреміз,
Бастайтын кім жақыннан?
Түсер тыңнан қандай із,
Үміт қайда шақырған?
Сәуле қайда сөнбеген,
Бор ма, жоқ па айтар кім?
Арман қайда өлмеген?
Білетін жан берсін үн.

Ақын
Жаралған жан жүрегім халқым саған,
Ән бар ма сен дегенде айтылмаған.
Өрт шалам, ұшқанымда қанат талып,
Салмағы сұм заманның түсті маған.
Күрсінтіп көкіректен шыққан арман,
Күтесің күйік емін домбырадан,
Секілді шұбырған бұлт қозғаламыз
Тартынбас ән мен өлең көш бастаудан.
Күн сөнбей, көңілден де сөнбес жалын,
Ән өлмей, тынбас арман талпынғанын.
Домбыра құлағыма сыбырлайды,
Алыстан жарық үміт шақырғанын.
Ақын айтты адалын, үміт алда,
Қанатты жыр қасіретті жықпас жарға.
Алыстағы сәулеге бет түзейміз,
Қайғы менен кекті ашу бірге қайна!
Кетпес босқа аққан қан, кеппес текке,
Ер атағын ел жоқтар келешекте.
Ақын жыры сол күнде болар куә
Дерт үстінде демігін айтқан сертке.
Жарық үміт сәулесі жанған алда,
Біз жеткенше мүлгіме, сөнбе, талма.
Жылағанды жұбатқан ақын дауысы
Жетекші бол арманға, қалма - қалма.

Екінші бөлім
Ана
Қосылған ұл мен қызым тойым қандай,
Қайғысыз қызық думан, ойын қандай.
Ай жүзді албырт жастар ортасында
Қарт көңіл қайрат жинап тойынғандай.
Көзден жас кеусерменен жуылғандай,
Бел бекем болдырмасқа буылғандай,
Қиялды ойын-думан шарықтатса,
Өртеген отты қайғы суынғандай.
Басылмас көңіл күйі ән шырқалмай,
Өрлетіп өрге қарсы есіп алмай.
Айтыңдар, жас жарлардың жар-жар әнін,
Үндерін, кең даланы кетсін шарлай;
Жар-Жар

Хор
Сүйгеніне қосылған қыз бақытты жар-жар.
Сүйіп алған сұлуды ұл бақытты жар-жар.
Жас жандардың тойында өлең айтқан жар-жар,
Құрбы-құрдас, дос-жары біз бақытты жар-жар.
Махаббаты достардың берік болсын жар-жар,
Өшпес бақыт әрдайым серік болсын жар-жар.
Жапырағы жайқалып өсіп-өніп жар-жар,
Айналасы арылмас көрік болсын жар-жар
Тойы тойға ұлассын еліміздің жар-жар,
Тарқамасын қызығы жеріміздің жар-жар.
Қасіретсіз, жылаусыз әндетейік жар-жар,
Салтанатты тойында теңіміздің жар-жар.
Сүйгеніме қосылған қыз бақытты жар-жар,
Сүйіп алған сұлуды ұл бақытты жар-жар.
Жас жандардың тойында өлең айтқан жар-жар,
Құрбы-құрдас, дос-жары біз бақытты жар-жар.
Дуэт
Күйеу жанды шымылдыққа
Кіргізіңдер, келіншектер,
Көп тұрмасын күйеу сыртта,
Көрсін жарып кідіртпеңдер.
Көрімдікке алтын шашсын,
Жеңгелерін көрмей арзан.
Балдыздарын ұмытпасын
Шашсын маржан, төксін маржан.
Жомарт күйеу білсе жолын,
Ат пен атан, болмас қалау:
Соқса сараң, ашпай қолын,
Қайтарамыз елге жаяу.
Күтіп отыр шымылдықта
Жас күйеудің күндей жары.
Жомарт болса тоқтатпаңдар
Жеңгелері, балдыздары,

Жаршы
Ат келгенше бәйгеден
Айтарым бар, қалың ел,
Жаржақ болған жаршыңды
Жамандама, қалың ел.
Басталғанша күресті
Айтарым бар, қалың ел.
Хабарыма қайғырып
Қарғай көрме, қалың ел.
Жарлық келді патшадан.
Жігітіңді бер деген,
Той-думанды тый деген,
Соғысқа бар, кір деген.
Ақ патша үшін өл деген,
Әміріме көн деген.
Той аяғы қайғыға
Қосылар деп қорқамын.
Қайғыменен көзден жас,
Жосылар деп қорқамын.
Жас жігіттің сапары
Қан болар деп қорқамын.
Жас сұлулар жарына
Зар болар деп қорқамын.
Қызын жесір қалдырған,
Ұлын жауға алдырған,
Елдің сәні болар ма!
Көгін өртке жандырған,
Гүлін жатқа жұлдырған,
Жердің сәні болар ма?
Жылай-жылай жасудан,
Жылап көңіл басудан.
Жан сақтарлық жол қандай?!
Қозғамаса өзін ел,
Қозғалмаса ой, жігер,
Ашылар ма сор маңдай;
Атқа қонсын азамат,
Айтсын жаршы ғазауат,
Аянарлық, болмас жан!
Жарлығына көнбейміз,
Жалғыз жігіт бермейміз,
Қалғанынша қасық қан;

Үшінші бөлім
Ақын
Шырылдаған боз торғай,
Үн беруге жарамай,
Сабалады қанатын,
Ұясына қарамай,
Жарты жолда шөкті пар
Күшін жиып ала алмай.
Талғаурады тарландар
Табан жолын таба алмай !
Ердің түсті еңсесі,
Еңкейіп қамшы ала алмай,
Егесіп найза сала алмай,
Састырған бір күн туды.
Осындай кезең тұсында,
Жан түскенде қысымға.
Айналаға қарасам,
Сонау көздің ұшында
Екі батыр келеді.
Бір-біріне тең екен,
Ерткен қолы көп екен.
Мінгендері қажымас,
Қанатты тұлпар - жел екен.
Құтқарары, қорғары
Қиналған кілең ел екен.
Есімдерін естісем:
Ел арманын орындар
Ленин менен Фрунзе
Егіз алып, ер екен.

Хор
Сап түзеңдер, азаматтар,
Жығылған ту көтерілсін.
Қарға ілінсін көк найзалар,
Қажығандар атқа мінсін!
Қос батырға қосылайық,
Ат тізгінін ағытыңдар.
Көрісейік құшақ жайып
Айтылсыншы ақырғы зар,
Қос батырға қосылайық.
Қан орнына төгілсін қан.
Қызсын майдан бір ғажайып,
Орындалсын ойдағы арман!
Алыстағы әлсіз жарық,
Жарқырады ай мен күндей.
Арманына жеткен халық,
Бас майданға, бас іркілмей;

Қарт ата
Сақал, шашым ағарғанда
Сағынышпен іздеп тапқан;
Аталардың ай мен күні
Мәңгілікке болсын мақтан.

Хор
Қараңғылық әлемінде
Алтын арай таң боп атқан;
Ұлы Ленин нұр сәулесі!
Мәңгілікке болсын мақтан
Ақ патшаның таж бен тағын,
Алып күшпен аспанға атқан:
Ұлы Ленин партиясы
Мәңгілікке болсын мақтан;

Апа
Арылғанда бойдан әлім,
Көзімнен нұр жарқыратқан.
Ардақтаған аналарын
Алыптарым болсын мақтан!

Хор
Бұзып құлдық бұғауларын
Жер бетіне бақыт шашқан:
Ұлы Ленин, партиясы
Мәңгілікке болсын мақтан
Жадыратып адам жанын,
Жаңа дүние кілтін ашқан;
Ұлы Ленин данышпаным
Мәңгілікке болсын мақтан?
Асқар шыңға қисаймайтын,
Күндей ыстық, ту орнатқан
Ұлы Ленин партиясы
Мәңгілікке болсын мақтан;

1939



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көзіңді аш

  • 0
  • 2

Кедейлер топ болып отыр,
Топтанып көп болып отыр.
Бәрі де газетке жазылған
Не пайда - жоқ болып отыр.

Толық

Ұмытпа, сен

  • 0
  • 0

Біз соғыстық, төктік қанды,
Жауды да біз қақтық жерге,
Тамсандырдық мырзаларды
Табынатын немістерге!

Толық

Біздің үйде

  • 0
  • 0

Ұйқы шіркін қандай тәтті,
Жаңа тұрдым төсектен,
Ұйқы жанға тым ләззәтті,
Кетпесе асып есептен.

Толық

Қарап көріңіз