Өлең, жыр, ақындар

Толғау

  • 02.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3169
Ердің аты ермен тең,
Ездің аты жермен тең;
Еңіреп туған ер болса,
Ен жайлауы елмен тең.
Егескенді алатын.
Екпіні қатты селмен тең.
Ердің көңілі күнмен тең,
Ездің көңілі түнмен тең,
Езге айтылған асыл сөз
Құмға сіңген сумен тең,
Ерге айтылған асыл сөз
Суға шыққан нумен тең,
Ер жігіттің еңбегі,
Өз еліне ем болар,
Ез жігіттің еңбегі
Өз жауына жем болар.
Ел басына күн туса,
Жүректі батыр толғанар,
Ылашын құстай қомданар,
Ақ алмастай жарқылдар,
Жолбарыстай долданар
Жортып - жортып жон асар,
Жолында қалар қар асар,
Көшкен бұлттай қаптаған
Қарулы қолы жарасар.
Күндіз күнмен жарысып,
Аймен түнде таласар
Жауына жетіп болғанша,
Жөңкіген жолын шаң басар.
Жауына жетіп болған соң,
Жортқан жолын қан басар.
Жолдасым бар, досым бар,
Жолымды тосар - қасым бар.
Достасқанға достық бар,
Қастасқанға қастық бар,
Сойқандарға соққым бар,
Содырларға тепкім бар.
Асауларға бұғау бар.
Бұғауменен бұрау бар.
Алысқанға белім бар.
Жарысқанға жолым бар,
Елеулі елмін тегім бар,
Егескенге кегім бар.
Елмін десем еңселі
Ескергісі келместей.
Ексімдеп келіп тиген жау
Есемді тегін берместей.
Егесе келіп соқтықты,
Өліспесе көнбестей.
Тартынбасаң, тартынба
Арсылдасаң - арсылда,
Қорқатын біздің ел емес,
Үркітпек болған тарсылға,
Ертектей ерлік сақталған
Ормандай менің халқымда.
Теңей білгем топырағын
Туған жердің алтынға.
Талай жебір шапқанда
Еділдің суын сарқуға.
Еңіреп туған батырлар,
Еге боп қайтпас қарқынға.
Қасқайып түскен майданға,
Қаһарман халық артында.
Қасық қаны қалғанша,
Көк сүңгуір сүңгітіп,
Қанды жебе тартуға,
Жендеттен жерін аршуға.
Басынба, дұшпан, басынба,
Бар болса миың басыңда!
Басынбақ тұрсын сасарсың,
Кездессең асқар асуға.
Арғы атаңды білемін,
Аруағын жалған асырма!
Мүйізді батыр қашаннан
Болатын бейім қашуға.
Ерте күнді еске алсам,
Еліме сырын ашуға,
Елестейді көзіме
Болған бір қырғын қызығы
Айдын мұздың басында,
Неше заман бауырында,
Сор айдаған жылымда.
Сораңдаған немістер
Күнәсіз елді қыруға
Темір сауыт жамылып,
Қара кірес тағынып.
Қараған орыс жеріне
Қадаған туын жұлуға
Мастанып дұшпан қағынды,
Қағынбаса неғылды.
Жеңемін деп жауымды
Аузынан шашты жалынды.
Құмырсқадай қалың қол.
Қара жерді теңселтіп
Аттанды судай ағылды.
Қанқорларды қоздырып,
Гүрсілдетті дабылды.
Өтпесін деп аттарға оқ
Темірден жапқан жабуды
Сауыттардың салдыры
Шығарды сұмдық сарынды,
Қалқандары болаттан,
Қамсыз алған қаруды.
Еңіреп туған ер көсем
Естіп мұны толғанды,
Толғанды да долданды.
Кеудеден кегі қайнады,
Көзінен жалын жайнады,
Жолбарыстай жынданды,
Төңірегіне көз салды.
Жас қырандай қомданды.
Ақбоз атты ойнатып,
Ауыр гүрзі колға алды.
Алтынды күмбез ордасын
Алты рет батыр айналды,
Алдырмасқа қорғанды;
Аттан деп халқым жар салды.
Найзасы тастан таймаған,
Семсерін жалаң қайраған,
Жеріне жау тигенде
Қаһары сарқ-сұрқ қайнаған.
Батырдың дауысы шыққан соң
Бес көтерді сүйген ел,
Бес қаруын сайлаған.
Қарағайдай қаптады,
Қара жерде аңдаған.
Шақырса неге бармасын.
Атқа қонса батыры,
Отанын ғана ойлаған.
Батыр көзін салады,
Төңірегіне қарады.
Төңірегіне қараса –
Толқыған қара теңіздей,
Толқып кеткен алабы.
Түйілген қабақ, зәрлі бет,
Құрсандырған даланы,
Қалың нудай батырлар,
Халқының берік қамалы,
Қаптай келіп тұр екен
Қорғауға ана, баланы.
Александр сөйледі:
Туған балаң мен, - деді.
Қайырымсыз жау келеді;
Ұлы орыстың жеріне
Өктем баса енеді.
Ортадағы ордаңды
Өрт қойнына береді.
Ұл, қызыңа арнаған
Құрсаулы темір көгені.
Қылыштан қан төгеді.
Өлімнен ұрық себеді.
Мал, жаныңды талайды.
Орманыңды отайды,
Орындалса дегені.
− Сен не көрсең көреміз;
− Сен өлген жерде өлеміз! –
− Орыстың туы еңкеймес,
Еңкеймес туға еге біз.
Туған жердің топырағын
Жамылғанша денеміз,
Тап басқан табан тапжылмай
Соққыға соққы береміз.
Баста - баста батырым,
Бас тартпаймыз, ереміз,
Тәңірідей саған сенеміз
*∙*∙*
Елінің серті батырды,
Ерлікке биік шақырды.
Егеулі найза өңгеріп.
Тұлпарға басты тақымды.
Найзағайдай жарқылдан,
Ақ бедеуі атылды.
Жауатын күндей күркіреп,
Жау қайдалап ақырды.
Жұлдыздан қалың жасағы,
Жорта-жорта түн асып,
Көзден таңды атырды.
Ертемен тұрған ақ боран,
Ексімдеп ызғар шашқандай,
Екі теңіз толқыны,
Екі жақтан тасқандай,
Бірін-бірі басқандай,
Екі жақтан қалың бұлт,
Егесіп араласқандай,
Екі жақтан екі тау,
Соғысқа майдан ашқандай.
Сәске түстің шағында
Соғысқан сендей кездесті
Бірінен-бірі жасқанбай.
Бірінен-бірі қашпастай
Қамды жастық жастанбай,
Қырқылып жерде бас қалмай;
Әні-міні дегенше,
Ашып көзді жұмғанша,
Найзамен найза қағысты,
Семсер мен семсер шабысты.
Жағаға қолдар жабысты.
Жыртылғанша алысты.
Күдері жалды күреңдер
Күш түскенде беліне
Төрт тағандай қалысты.
Ұлы орыстың ерлері
Жібермеске намысты.
Жолбарыстай қимылдап,
Қабысқан жерде қарысты.
Күш шығар ма сасқаннан,
Кек алар ма жасқанған.
Тілерсектен ақты қан,
Қардың бетін жапты қан.
Ат пен жаяу сүрінді,
Қағылып түскен бастардан.
Мүйізділер аса алмай,
Алдын тосқан асқардан,
Әлденеше ұмтылды
Дәметіп жаншып тастаудан.
Өте алмады сонда да
Тас қорғандай тосқаудан,
Күн төбеден туғанда,
Кіші бесін болғанда,
Қайнаған қанның ішінде,
Александр от жүрек,
Қайыспас болат пішінде,
Маңдайдан тері сіркіреп,
Қойға тиген бөрідей,
Көзіне жан көрінбей,
Бетіне жауды қаратпай,
Көк шөпке тиген орақтай
Орып кетіп барады,
Айналасы өлікке
Толып кетіп барады.
Тіресем деген дұшпанның
Басын доптай қағады.
Ақ семсердің ұшынан,
Шүмектеп қан ағады.
Ұйыған қанды семсерге
Ат жалына сүртіп aп,
Тағы да қайта шабады.
Бір мезгілдер болғанда.
Жалт бұрылып қырандай
Оң жағына қарады.
Оң жағына қараса,
Арқыратып ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Көк кіреуке киінген;
Гүрзісін оңай үйірген.
Төсіне кірес тағынған
Шойыннан қалғам жамылған,
Құтырған иттей қағынған,
Орыстың бір топ қолына
Омыраулай шабынған,
Жау басшысын көреді,
Көріп қаһар төгеді,
Атының басын бұрып ап,
Ақырын соған келеді.
Екі батыр ұмтылды.
Егеудей қолдар құлшынды,
Тұяғынан тұлпарлар
Жер түбіттей жыртылды.
Қағысқан найза қадасып,
Сіреуге шыдамай
Екеуі де бір сынды,
Найза сынып қалған соң
Шоқпарға салды салмақты,
Алма-кезек соққанда
Қалқаннан шыққан жалындар
Жалындатты жан-жақты.
Үгітілген мұздай боп.
Қалқаннан тамтық қалыптар.
Намыс қысты сол кезде
Орыстан озған саңдақты,
Алды жауын жағадан
Асырмаққа қайратты.
Алыстырмай көп ұзақ,
Аударғандай бір төбе,
Атынан жерге аунатты.
Аунап бара жатқанда
Ұлы жүзді қанжарын
Қақ желкеден орнатты.
Жау батыры сұлады,
Жаудың туы құлады.
Құлаған тумен қосыла
Қолдың да сағы сынады.
Неміс - қамыс, орыс - өрт
Аямастан қырады.
Алтынды діңгек шатырын
Дауылдай екпін жығады.
Асқақтап келген арсыз жау,
Қасқырдан қашқан қой сынды,
Қашуға бет бұрады.
Қалғанына қарамай,
Қарасуға жарамай,
Бас қамдарын қылады.
Күн еңкейіп шөккенде,
Күндізгі қырғын өткенде.
Көл толқыны тұнғанда
Кек толқыны тынғанда,
Өлігіне дұшпанның
Қарға, құзғын қонғанда,
Қандарына тойғанда,
Көздерін үңгіп ойғанда,
Кеуделерін жарғанда,
Жүректерін қарайған
Жұлып-жұлып алғанда,
Жыртып тұмсық салғанда;
Ойлаған қамын қоныстың
Қажырлы қолы орыстың,
Александр алдында
Тағдырын шешкен соғыстың,
Қалаға кайтты шерумен,
Дабылын соғып жеңістің,
Қосақпен топтап байлады,
Жалаң аяқ айдады,
Қалғанын тірі немістің
Сонда орыстың атағы
Желмен бірдей жайылған
Таңдантты барлық жер үстін.
Ежелден жаумен - ел болып,
Дес бермеген халықты.
Жапырақтай жерін жауына
Бос бермеген халықты.
Албасты сынды патшаны,
Тымақтай жұлған халықты,
Ашылмастай тұманды
Түбіттей жыртқан халықты.
Отанына бақыттың
Ордасын салған халықты,
Ордадағы досына
Олжасын салған халықты.
Ойсыратын салам деп,
Өткеннің кегін алам деп,
Жалмауыз Гитлер жанықты!
«Аттан!» деген ұранға,
Аттанбай жігіт тұрар ма?
Аттанып бір алған соң,
Айтқанға жетпей тынар ма?!
Атқа қонды ұлы ұрпақ,
Жаңбырдай оғын жаудыра !
Жеті басты жыланға.
Қазбек пенен Арарат
Қайта тақты қанжарын.
Қаһарға мінді құрсанып.
Көзінен атып от жалын.
Майданға кірді шерумен
Майқандай жаудың бір жағын.
Жауынгер өжет түрікпен
Жеңістен қайтып келгенше,
Қалдырып кетті жан жарын.
Тайбурылдың тұқымы,
Талмай шапқан жері осы.
Қобыландының тұқымы,
Қайтпай шапқан жер осы.
Иілмейтін ерлікпен
Белін буған жері осы.
Тебінгімен терлікті.
Терге жуған жері осы.
Құдіретті туған ерлердің
Көрдің бе қимыл ашқанын?
Миллион - миллион доңыздың
Қанын судай шашқанын.
Жібермейміз біз тегін,
Күнәсіз акқан жас қанын,
Жібермейміз біз тегін,
Жұлынған гүлдің бастарын.
Қан орнына қан алмай,
Жан орнына жан алмай,
Ордасына өрт салмай,
Ойран ботқа дерт салмай,
Жеріне ойып жол салмай,
Қолқасына қол салмай,
Кеңірдегін суырмай,
Шыжытып майын қуырмай,
Қара жермен тең қылмай,
Қарақұсқа жем қылмай,
Дегеніне елдің жеткізбей,
Кегіміз қайтты демейміз!

1941



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айтыс

  • 0
  • 1

Taп кеше - біздің елде - сонау Сырда,
Атақты «Бірінші май» колхозында.
Той жасап, жаңа жылды құрметтеген,
Келелі ұлы думан жиынында.

Толық

Еңбекшілер тезіне

  • 0
  • 0

Сын күшейсін, мін түзелсін,
Сыннан өтсін сан жұмыс.
Сыналансын кемтік жері,
Мінсіз болсын бар жұмыс.

Толық

Қыз бен күйші

  • 0
  • 0

Көрген бір айналып қарардай,
Сұлу қыз қылықты ерке еді
Талайлар маңына бара алмай,
Көбінің жанын ол өртеді.

Толық

Қарап көріңіз