Таң атарда – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Таң атарда» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1967
Таң атарда шығыс жанып алаулар,
Алаулардан оралғандай аяулы ар.
Алатаудың шыңдарынан аспанға,
Желбіреген өрттей қызыл
Жалаулар.
Даладағы атқан осынау таң қандай,
Қалмассың-ау, таңдай қағып, таңданбай.
Жаңа ғана ұйқысынан оянып,
Ару жүзін бейне
Нұрға малғандай.
Таң нұры ма қиялымды тербеген,
Тау үстінде мұнар жатыр көлбеген.
Таң арайы әкелді ме әлде оны,
Көз тартады сұлулықтар
Көрмеген.
Таң арайы тау жүзіне өрілген,
Күй төгіліп кеткендей-ақ пернеден.
Дүркіреп кеп аққу кұстар қонғанда,
Дір-дір етіп толқын кетті
Көл деген.
Қандай сезім бұл жүректі кернеген,
Шабыт шіркін босағандай кермеден.
Кең даламды құшағыма сыйғызып,
Атқан таңдар алауында
Мен келем.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері