Өрт пен дерт
Маймұрын Әлкебайды "Әуке" десіп,
Әлкебай Маймұрынды "Мәуке" десіп,
Қол алысты, шұрқырасты,
Әңгіменің кілтін ашты.
Жүз грамнан тастап та жіберді,
"Ақмағамбетті" бастап та жіберді.
Жатып қалған өсек бар ма,
Жаңарып жатқан төсек бар ма?
Кімге - кім қас қағып жүр,
Кім бұғып бас бағып жүр?
Кімге - кім шай бермеді,
Төсінен қыстау,
Төбесінен жай бермеді.
Сөз арасында бұл да кетті,
Әңгіме енді сайлауға кетті.
Сайлау десе арқасы қозатын,
Сайлаудың жырын алты күн созатын.
Біреуді алып,
Біреуді орнына салып жатса,
Біреуді сайлап,
Біреуі қалып жатса:
Жаны кіретін жағымпаздар мен достар,
Істейтін іс жоқ, қолдары бостар.
Екі жүз грамм қатарынан қақты,
Өсек сорғалап судай ақты:
— Біздің райисполком кететін бопты,
Бүгін маған Солтақбай жолықты.
— Қайда, кім болып? — деп ол шошып қалды,
— Завком! —деп ол бөсіп қалды.
— Жоқ профсоюздық обком.
— Жоқ менің естуімше завком.
— Жоқ менің естуімше нағыз обком...
— Мен оны туған күйеуінен есіттім.
— Мен оны туған жиенінен есіттім.
Екі дос сөзбен тіресіп қалды,
Біріне-бірі көнбей сіресіп қалды.
Бірінің көзі бұлдырады,
Бірінің көзі тұнжырады.
Осындай бір қарбаласта,
Осындай бір сөз таласта,
Рюмкаға тағы құйылды,
Ашудың бәрі сонда жиылды.
Екеуі бірден рюмкаға жабысты,
Рюмка үстінде қайта табысты.
Мәуке мен Әукең жұтып тастады,
Әңгімені қайтадан бастады:
— Тісіңнен шықпай ма бұл секрет!
— Қай сөзіңді айтып, жайылып кетіп еді?
— Ал ендеше тыңда,
Көп сыр жатыр мұнда.
Әлгі біздің Бәкең бар ғой,
(Пах! Пах! Өзі де нар ғой!)
Облаткомға бастық болатын болыпты.
Кеше маған Жәнділда жолықты.
Дегенде көзі жұмылып кетті,
Томпиған ұрты басылмай қалды.
Жұмылған көзі ашылмай қалды.
Тағы бір жүзді жұтысып алды,
Арағы бітіп құтысы қалды.
Нанды иіскеп, танаулап тұрды,
Мәукең мен Әукең бір аунап тұрды.
— Сен бар ғой, Мәуке, жоқты көкисің,
Маған келіп нотация оқисың.
Бөкей шірікке қайдағы бастық,
Ол әншейін бастықтарға жастық...
Болады десең, онда әңгіме басқа.
Түк түсінбейсің - ау қасқа!
— Қасқаң не, сенің оттап тұрған...
Баяғыны жоқтап тұрған...
Тура келіп ұмтылды:
— Мұртыңды, ұртыңды...
Шәлтиіп тұрған тұрқыңды!., —
Мәукең тура жұлқынды.
— Сен ит завхоздығыңды біл!
— Сен ит водхоздығыңды біл!
— Сендей, мен кеңсені тонағаным жоқ!
— Сендей, мен терезеден құлағаным жоқ!
Сонымен сөйтіп екі "батыр ",
Құлағын жұлдырып, тісін сындырып —
Ауруханада емделіп жатыр.
Өсек дегеннің өрт екенін,
Өтірік дегеннің дерт екенін,
Жанына бұлар батқанда білді,
Ауруханаға барып жатқанда білді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі