Өздеріңе бердім сөз
(Бабалар, ағалар, замандастар сыры)
1. Бұқар жырау боп:
Толғадым заман жайын,
Елдің жайын.
Сарыарқа өңіріне
Өмір жайып,
Орыспен жауласпасқа
Іргедегі
«Аллалап»,
Абылайды еттім дайын.
2. Махамбет боп:
Исатайдың батыры
Махамбетпін—
Адамдық ақ найзасы
Айтқан серттің!
Хан, сұлтан,төрелерін
Кіші жүздің,
Өртімен жалын жырдың
Опат еттім.
3. Абай боп:
Адамдыққа шақырған ағайынды,
Рақмет, қадірлейсің Абайыңды.
Адалдық, елдік, достық, өнер-білім,
Құдіреті жеңбегі хақ жабайы үнді.
4. Ахмет Байтұрсынов боп:
Білімнің ен бірінші құралдарын,
Бәйгеге жараттым да тұмарладым.
Нәрімді «Тіл кітаптан» дәмденіңдер,
Ана тіл біліміне құмарларың!
5. Сұлтанмахмұт боп:
Шындықтың аулын іздеп өз алдыма,
«Менікі», «сенікіне» төзе алдым ба?
Жолында арманымның көктей солдым —
«Социализм» елестеп көз алдыма.
6. Жаяу Мұса боп:
Жаяу жүріп... аттыдан қалғаным жоқ,
Шорманнан кегімді алдым,—жалғаны жоқ.
«Қаулауды», «Ақ сисаны», «Гауһар қызды»
Заулатқан жүрегімнің арманы жоқ!
7. Мәшһүр Жүсіп боп:
«Үйрендім қайдан өнер, көп білімді?» —
Кессем деп кесе алмадым мен тілімді.
Сайтанмен, надандықпен сайыс жасап,
Өткіздім хикая етіп күн-түнімді...
8. Сәкен Сейфуллин боп:
«Экспресс», «Тар жол», «Қызыл сұңқарым»,
Қайдасыңдар, саңқылдаған сұңқар үн!?
— Сақталғанбыз жүректерде
Білгенсін
Сізді құртқан бізді дағы құртарын.
Рақмет, ақ жаныма сенгенге,
Жүрегіңнен орын берген сендерге!
9. Жүсіпбек Аймауытов боп:
Шақыршы «Күнікей» мен «Ақбілекті!»
«Қартқожа» бастап берші ақ тілекті.
Шалқиық Ақ Ертістен кең далаға,
«Оян қарғыс» - пен оятып төңіректі!
10. Мағжан Жұмабаев боп:
Өлген ем... міне кайта тірілтті жыл,
Мен кіммін? Сыршыл сезім, нәзік жырмын.
Келші, сәулем, тірілші сен де бүгін,
Әлдилеп күнді алдыңа әкеп тұрмын.
11. Міржақып боп:
Жатқанда даламызды басып тұман,
«Оян, қазақ, оян!» — деп салдым ұран.
Жазықсыз жазаланып ғазиз басым,
Ұлтым-ау, сендер үшін болдым құрбан.
Екінші өміріммен ортаңдамын —
Табасыңдар мен жазған өлең-жырдан.
12. Сәбит Мұқанов боп:
Мен —Сәбитпін! Кәдімгі Сәбит Мұқанов,
Романдарым да, өзім де көргеміз жоқ жұқарып,
«Сұлушашым», «Ботакөзім», «Адасқандарым»,
Ұтқызбайды деуші болса: ұталық.
13. Ілияс Жансүгіров боп:
Бекерге атанғам жоқ құйғын ақын,
Қайдасың, «Құлагерім» құйғытатын?
Қайдасың, толасы жоқ толқын жырым,
Маржан боп кең далаға құйылатын.
14. Бейімбет Майлин боп:
Достарым, білесіңдер Мырқымбайды,
Мырқымбай «Он бес үй» боп қанат жайды.
Жолдадым «Раушанды» келешекке,
Осылар өмір сырын жасырмайды.
15. Сәбит Дөнентаев боп:
Жырта бөлеп өмір жайын, ел жайын,
Өрнектедім, сіздерге арнап, ағайын!
«Ұсақ қылық» көрінгенмен кей мінез,
Сипат алды өлеңімде әрдайым.
16. Иса Байзақов боп:
Барымды кұйып өттім «Құралайға»,
Тайгада жыр өрмегін құрдым айға!
Желдіртіп «Желдірмесін» ұйтқытатын,
Іздеңдер, дауыл мінез Иса қайда!?
17. Ғали Орманов боп:
«Ақбасты Алатаудың Ғалиымын» —
Сезімсіз өлең-жырға жариды кім?
Тәтті тіл, тәтті сезім шумақтарым,
Құдай-ау, бөбегі той әр үйіңнің.
18. Тайыр Жароков боп:
Көкте күнге тіл қаттым шалқып барып,
«Тасқынға тосқын» жасадым тау қопарып.
Жеңіс туын тіксем де Берлинің де,
Шапқан жоқпын ойрандап жау Отанын.
19. Жақан Сыздықов боп:
Көп күрсініп жүрдің де, жүзің салқын,
Менен бұрын өлген ең, «Әлі қартым»,
Қайдан келдің?
— Басқа бір «көрден» келдім,
Шытарды уақыт кеп жүзі жарқын.
20. Ғалым Малдыбаев боп:
Ризамын кызметіңе «Балға — орағым»,
«Доң таладым», сен де жөн доң таладың.
«Қырым қызы», «Ақ келін» елге кетті,
Тау самалға желпуге орамалын.
21. Ыбырай Алтынсарин боп:
«Кел, балалар, оқылық» боп бастадым,
Қырда мектеп қиындықпен ашқамын.
Десе де жұрт «Алтынсарин шоқынды» —
Орыс тілін үйретуден қашпадым.
22. Мұхаметжан Сералин боп:
Басымызда тұрған кезде азап күн,
«Тіл ашары» бүкіл сорлы қазақтың
Жалғыз «Айқап» — үнім, күшім, дәрменім,
Тұманынан құтқарыспақ мазақтың.
23. Жұмағали Саин боп:
«Күләнда,», «Шәрбан», «Ақ Айдар» - адал
сырым,
«Қатал, қатал партизан» - жалынды үнім.
Он сегіз жыл өкпемде жатқан оқты
Рақмет, бір хирург алды бүгін.
Отаным, риза бол Саиныңа,
Жалтақсыз сілтеп өткен жалын жырын.
24. Әли Есмамбетов боп:
«Шолпан! Шолпан» шағын, тұңғыш дастаным,
«Бомба!», «Бомба» сақтану сыр ашқаным.
Қан майданда қайсар жастық қайратпен,
Жауды қырдым, өзім де өлім жастандым.
25. Мұхтар Әуезов боп:
Қаймықтырды мені талай қатал күн,
Сонда да мен ұлы Мұхтар атандым.
Көкжиегім алтын арай тұмансыз,
Жолшысымын алдағы ұзақ сапардың!
26. Баубек Бұлқышев боп:
Мен туралы «Махаббат тағдыры» дастанын,
Өттім, кеттім, бір бетін де ашпадым.
Қияйын деп қидым ба жас жанымды, —
Отан үшін ойламадым бас қамын.
Кешір өмір, үлгермедім — аз жаздым
Арманымды... Армандарын басқаның.
27. Ғабит Мүсірепов боп:
Тоқтаңдар, сабырменен салмақтаңдар,
«Қыз Жібек», «Ақан сері» ардактар бар,
Тек қана серішіл боп өткенім жоқ,
«Оянған өлке» сырын тармақтаңдар,
Қазақтың ұлдан артық «Ұлпан» қызы
Өмірді бірсыпыра қармап талғар.
28. Ғабиден Мұстафин боп:
Мен әртінге бармадым, бертінді алдым:
«Шығанақпен» далада егін салдым.
«Дауылдан соң» — ауылдың жаңа өмірі,
«Миллионер», «Қарағанды» туды заңды.
Саспадым, асықпадым «сыбағама»
Күндемедім сыйлықты алғандарды.
29. Бауыржан Момышұлы боп:
Батырмын қан майданда от-су кешкен,
Мені кайтып шығарар бүл жұрт естен?!
Найза менен қаламды катар ұстап,
«Москва түбінде» алғаш тағдыр шешкем!
30. Шолпан Иманбаева боп:
Махаббат, тендік деген ауыр сынды,
Бірінші жырта қосқан дауысымды
Өрге айдап, өмір көгін көкте түспей,
Қайтейін, қайран үнім таусылды.
31. Жұбан Молдағалиев боп:
«Мен қазақпын», қазақ болып жаралдым,
Оғы астынан аман қайтқан тажалдың.
«Байқоңырмын», «Жыр туралы жырмын» мен.
Дей алмаймын сыба тамнан құр қалдым.
Деп жүргенде талай дастан жазармын,
Қасақысын көрдіңдер ме ажалдың?
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі