Сұлтанмахмұт монологы
«Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма,
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен
Жасыратын жүректің іші бар ма?»
Талпындым құрсауында өмір жұтаң,
«Екенін білдім де өмір бір-ақ тұтам.
Аз өмірді ақындық жолға бердім»,
Аузыма түкіргенсің молда Мұқан.
«Я, сәт!» — деп жыр тәңірден үш тіледім,
Үш сүрініп, үш тұрып, үш түледім.
Өмір, өлім — екі егіз арпалысқан:
«Соқшы, соқ!» — деп жұлқынды жас жүрегім.
Бақыттымын өмірге келгеніме,
Бақытсызбын бір күні сөнгенімде.
Бақыттымын алдағы ғасырлардың
Жан жырым қақпасынан енгенінде.
Біреулерге: заманның тентегімін,
Біреулерге ай мен күн тентек үнім.
Арманым не, елімнің ар-арманын
Жарқылдатып өте алса тентек ұғым.
Келген екем өмірге жарық күнге,
ЗАГСіне тіркепті тарих түнде.
Егізім — ең қас жауым: өлім — ажал,
Бір күні кетуі хақ тарпып мүлде.
Туыппын тұманында қараңғының,
Жарық күнге құштар боп жаралды үнім.
«Жарық керек адамға — өмірге!» — деп,
Он екімде жар салып таралды үнім.
Қарысып қараңғылық өшікті де,
Бүркеп сап шаңырақты, есікті де,
Басқа жұрт өнер, білім тауып жатса,
Біздерге бітеп сапты тесікті де.
Баянтау — туған жерім — жер шуағы.
Арманым: қалың қазақ елдің бағы.
Сол үшін суырылдым той ақ алмастай,
Қолдай гөр, ата-баба аруағы!
Жасау үшін саналы казак болып,
Жасамасқа басқаға мазақ болып.
Кең дала, керуен өмір ант еткенмін,
Не өмір жүру деген мазақ көріп.
«Айқапқа» ақ ниетпен өлең ектім,
«Дәні мол, дәмі бол, — деп, — келешектің».
Кер кеткенді қылтықтып кеңірдектен,
Шегіншектің ұртынан уын тектім.
Салдым ұран: «Сен даты қала бол!» — деп,
Салдым ұран: «Егінді дала бол!» — деп.
Салдым ұран: «Құл болмай надандыққа,
Сілкін! Оян! Сәулелі сана бол!» — деп.
Нажағай, нажағай ма тас жармаған,
Қазақта менен бұрын басталмаған.
Әйелді бастық етіп «серіктік» аштым,
Сайлап ап бес кісіні басқармамен.
Даланың кірмеген іс түсіне де,
Қалың жұрт түсінбей ме? Түсіне ме!
Байларды, би, болысты шошындырды ол,
Енді олар көмектесіп күш бере ме?
Құлады қаражатсыз «серіктігім»,
Көтертпей қараңғылық «серік» үнін...
Аттандым ілім-білім жинау үшін,
Қараңғы ел-жұртыма сыйлау үшін.
«Орыс тілін білемін әм хатымен», —
Деп ант етіп кетіп ем Алла атымен.
Тарих пен жағырапия пәнді біліп,
Сап құрдым ілім-білім санатымен.
«Кәпір бар, мұсылман бар — барлығы адам,
Оларды алалайтын қандай надан?
Өнер, білім, әділет кім қолдаса,
Қай ұлт болсын — бәрі де бауыр маған», —
Деп жырлаған жүректен жан сөзімді,
Жан болған жоқ «теріс» деп ауырлаған.
«Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутыммен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен әдетті мен жаттадым.
Ен бірінші сол тілмен сыртқа шыққан,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным».
Айттым солай күмәнсіз турасын деп,
«Туған тілден безгендер тумасын!» — деп.
Туған тілді қорлаған адам болса,
Тілін тәңір қаһары турасын», — деп.
Салдым ұран: «Қазақпын, мақтанам! — деп,
Ұранға қазақ деген атты алам! — деп.
Өзге жұрт өнер, білім боп жатқанда
Мен қалай ол бақыттан жат қалам?» — деп.
Жүрсем де аш-жалаңаш жүдеп, шаршап,
Күнім жоқ арман еткен байлық, мәнсап.
Ауылын шындықтың іздей бердім,
Сәулесін жарық күннің көруді аңсап.
Салса да он екімде бұталықты,
Тайсалмай айтып өттім туралықты.
Бұзақы десін мейлі, түзік десін,
Тағдырдың өзі берер куәлікті, —
Дедім де алған беттен бір таймадым,
Демей-ақ қойсын ешкім пайғамбарым,
Армансыз өтер едім бұл дүниеден
Теткілсе байлық, мансап сайқалдары.
Арманын арман етпей қос ғасырдың
Арманы арман боп па оз басымның:
Халқымның, заманымның зарлы халы,
Қайда осы, қайда сенің жанашырың?
Қайдасың, қайда әулие адамдылық?..
Қаптаған қара бұлттай қараңғылық
Халқымның санасынан арылтсам-ау,
Өтсем де өмірімді тәмәм қылып.
Басымды тасқа ұрсам да, тауға ұрсам да,
Дұшпаным аяғыма ау құрса да,
Махмұт — алған беттен таймақ емес,
Тамағымнан орғалы жау тұрса да.
Ал кеттім! Сол бетімнен шегінбедім,
Күн болмаққа ойымды өрімдедім.
Жығылдым, қайта тұрдым, кайта
ұмтылдым,
Алысып жеңгенім мен жеңілгенім.
Сілтендім жаным төзбей қиянатқа, —
(Жеке батыр сияқты қияпатты).
«Қамар сұлу» қайғысы жанымды өртеп,
Жар салдым жаралы «күң» махаббатқа.
Жүрегім жыр атқылап жарқыл қақты,
«Қамар сұлу» қайғысы махаббаттың
Өзегіме ерт болып түсті дағы,
«Кім жазықты» жайында ой бораттым.
Сұмдықты — адамды адам көгендеген,
Жан ба едім не естіп, не көрем деген?
Босаттым қырық кісіні қылғынудан,
Жеттім де атпен емес, төбемменен.
Жерім жоқтал қармаған суға кетіп,
Лапырып дауылдатып, өлеңдетіп,
Өрге айдап, өр көңілді сілтей бердім,
«Қайдасың?» «Қайдасың?» деп уа,
кем-кетік?!
Алыстым байлармен де, байшылдармен,
Түн жортқан Алпамыстай Тайшұбармен,
Ту ұстап, тура шауып бара жатып,
Тұра қаппын аз бұрын ай шығардан.
Сол жолда идеямнан адастым ба?..
Сонда мен бақ-дәулетке таластым ба?!
«Халықты бақытты етер осылар» деп,
Ұранын жаздым сонда «Алаштың да»,
Ақ туын алтын Күнге жанастыра.
Арманын жалау етіп алыс жылдың
Келді де жер мен көкті табыстырғым.
«Алаштың» көш бастаған көсемдерін,
Халыққа өлеңіммен таныстырдым.
Көңілім істеріне толмағансың...
Шындықтың ауылы шын болмағансың,
«Алаштан» ат құйрығын кеттім кесіп,
Жас совет арманымды қолдағансын.
«Жоғалсын бұл сенікі, менікілік» —
Осы той адамзатқа жойқын бүлік.
Қарсы алдым «қызыл күнді» қыр астынан,
Жарық күн, хош келдің деп, нұр тіршілік!
Ауылын шындықтың сенен таптым,
Күн сөнгенше сөнбейтін махаббатпын.
Жасай берер өмірім жоғын сезіп,
Кейінгіге қолғабыс етіп бақтым.
«Ақынның арманы» боп қалсам мәңгі,
Халқымның арманымын мен де заңды.
Отыны таусылғанша от жүрегім,
Жалғанның жарығы боп күйді-жанды.
Мен көрмеген «жан азап» жоқ-ақ шығар,
Мен дегенім — қалың ел қазақ шығар.
Көрлерінде өкіріп жатқан анау,
Кеше көпке тарттырған азап шығар.
Абай ішкен ащы уды мен де іштім,
Қасіреті еді ол тарттырған қара күштің.
Жалын жүрек жас ұрпақ, терең ойла,
Бір сәтке «лепілдегіш» бола қойма,
Өтер, кетер баянсыз кейбір ұшқын.
Махмұтпын!
«Ақынның арманымын!»
Мұнда жоқ жалған бояу, жалған ұғым.
Жасырынды білмейтін нажағайдай,
Жарқылымен өзі айтар жалын жырым.
Өшпейді әрпі, бір сөзі егесең де,
Еріктерің: «Е» десең, не десең де.
Беріп өттім асылын жүрегімнің,
Жүрегіңмен сырласып кеңесерге.
Жырладым махаббатты, елімді де,
Сұлуларды әм... хор қызы көрінді де.
Жырлап өттім босаға, төріңді де,
Жырлап өттім өзіңді әм көрінді де.
Жырлап өттім көздегі жасынды да,
Жырлап өттім алдағы ғасырды да.
Жырлап өттім жасықты, асылды да,
Жырлап өттім тауыңды әм тасынды да.
Жырладым «Сарыарқаның жаңбырын» да,
Шал алған ақ бикештер тағдырын да,
Жырладым: «Асыл сөзді Абайды оқы», —
Арнаған ақыл-кеңес барлығыңа.
Жырладым «Ақ сәулені» құндыз қабақ,
Аққудай үлбіреген мамықтамақ.
Ертеңгі еріксіздік күңісің-ау,
Қалың мал деген қанды қасқыр талап.
Жаздым мен: «Қарағай да қайғырғанын»,
Қаршадай бұтақтары майырылғанын.
Жаздым мен жапырақтар сарғайғанын,
Қызыл гүл бояуынан айырылғанын.
Азғынын ағайынның мінедім де,
Адамдық нәр іздедім жүрегіне.
Күндеу, өсек, қызғаныш мерездерді
Сылып тастау керек деп тіледім де.
Оқудағы мақсат не? Шен-шекпен бе?
Шен-шекпен ғана арман кер кеткенге.
Кімге қажет ол оқу, ол оқыған? —
Алдынан қойдай үркіп ел кеткенде.
Менің тәңірім шынды көмір бойғы,
Лақтырып тастаймын басқа ойды.
Жұдырықтай жүрегім, ақыл-есім
Басқаның біріне де баспай қойды.
Аямадым жемтікшіл «Қарақұсты»,
Аяладым жас қанат бала құсты.
Болайын неге осал деп жырладым да,
Тұрғанда мен туған жер дала күшті.
Сонда да... сол жерімнің үстіндегі:
Күшсізді езіп-жаншып күштілері,
Күрсінтіп, көкірегін шерменде етіп
Қанды біз жүрегіне піскіледі.
Байларға қайдан келді «байлық» деген?
Момынның еңбегі ол зорлық жеген.
Жалаңаш келген о да дүниеге...
Байда — сәулет, кедейде — құлдық көген.
Осынша әділетсіз өмір неден?
Кедейге: «анау—сенің көрің»—деген.
Шаншылтып шаңырағын көк тіреген,
Байлыққа «сенің ғана төрің!»—деген.
«Жас жүрек, қайда сенің ыстық қаның?
Тап мұндай мұздауыңның айтшы мәнін,
Қызған темір жатқандай көкіректе
Сыймайтын мезгіл қайда тәнге қаның?»
Бұл менің арманымның заңғарынан
Құлайтын кезім бе екен: құсып жалын?
«Тұр, Махмұт, серпіл, ұмтыл бұрынғыша,
Құтылмас, бір жеткізер арман таңың», —
Дедім де атып тұрдым, қайта ұмтылдым,
Аламын деп аспанда айға ұмтылдым,
Ай түгіл ақ шарпыдай гүлдер қайда,
Сасқанымнан саясыз сайға ұмтылдым.
Сая іздеп кезгенім жоқ өзім үшін, —
Өлген күн оранатын бөзім үшін.
Халқымның бақыты үшін жалын атқан,
Сарқыла көрме арман, төзім күшім.
Кейде мен мезгіл сырын құптадым да,
Кейде мен мезгіл сырын ұқпадым ба?
Камалға қарсы шаптым өрт боп жанып,
Өмірді қасіреттен құтқаруға.
Қазандай қайнаған іш қара түтін,
Қайтсем де арылтсам деп жүрек жұғын.
Ал кеттім арманымның майданына,
Жер мен көк, ай мен аспан тұрса бүтін.
Далақтап олай шаптым, бұлай шаптым,
Мұхаммедтей тауында Ғарафаттың,
Тәңірменен кездескім келген шығар,
Әурелігін қараңыз өр қазақтың.
Уақыттан өмірде жоқ қой мықты,
Құлатты да, тұрғызды, қайта жықты.
Арманымның тұсауын қайта кесіп,
Ұмтыл!—деген дауысы қайта шықты.
Тағы да арман жолын шарлап бақтым,
Шындықтың аулын іздеп сандал қақтым.
Түбінде бір табармын дедім дағы,
Үзбедім үмітімді, қайта шаптым.
«Уа, дүние, берсе қанат тәңір маған,
Бүл жерден ұшып барсам көкке таман.
Ай, күннің аймағынан үстін шығып,
Әлемге көз жіберсем сол арадан!»
Деп жыр боп жарқ еткен, уа, алыс арман,
Кейінгі ұрпақтармен табыс, арман!
Мен көрмей-ақ өтермін... Келешекте,
Өнерлі ел арманымен жарыс, арман!
Дерсің сонда: «Ақынның арманымын»,
Жоқ мұнда жалған үміт, жалған ұғым.
Қашан сен ғарышқа ұшсаң, ей, жас казак,
Менің бүл сені бастап барғандығым.
Деп жырлап өттім, мүмкін өткен жоқпын,
Ай, күннің аймағында сөнбес отпын.
Арнаймын арманымның жарқылдарын,
Қабыл ал, келе жатқан көп жыл, көп күн!
Баянтау, туған жерім жалғандағы,
Таланттың, берген талай тарландарын.
Жабыққан қараңғыда қайран елім,
Арманым өздеріңнің армандарың.
Сол үшін дауылдаттым, жауындаттым,
Бірде — сор, бірде — рахат тауып жаттым,
Өрт мінез өлең-жырым өрнегіне,
Күн нұрын күндіз-түні сауып бақтым.
Болсын деп қол табысым кейінгіге,
Аманат еттім барлық пейілдіге,
Сенемін туарына небір талант,
Жасаған тасырынан зейінді де.
Өмірдің жасамаймын ермегі үшін,
Жасадым қараңғыны жеңбек үшін,
Жасаймын,
өзім қызық көрмесем де,
Қолғабыс кейінгіге бермек үшін.
Аз өмірде қолымнан келгенді еттім,
Хош болыңдар! — дермін-ақ, ал мен кеттім,
Құрт ауру құртпай қоймас болғаннан соң,
Асығыс, жан ұшырып жанып өттім.
Хош бол,хош!
Махмұтыңды сөкпе, жұртым.
Арманымның тұсауын қайта кесіп,
Тапсырдым асылымды өздеріңе,
Тарих баба, жас ұрпақ, туған ұлтым.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі