Өлең, жыр, ақындар

Шәкірттерге

  • 18.04.2019
  • 0
  • 0
  • 5464
Балалар, бос болмасын сабақтарың,
Жарқырар, жаттасаңдар қабақтарың.
Жастықта жатпай-тұрмай жаһат етіп,
Жыртықтың жаңартыңдар жамап бәрін.
Аударып дариядан дүр, кеннен гауһар,
Көңілдің толтырыңдар қанаттарын.
Олжаға ортадағы қол ұсынбай,
Құр қою ұят болады шанақтарын.
Өнерден өмір серік болса қалған,
Біле алмас кімге қарай алақтарын.
Ерте-кеш біз сендердің сейістерің ,
Жазатын жондарыңның жалақтарын.
Ұстазың үгіт айтып отыр осылай,
Кетсе де тарс айырылып талақтарың.
Аларсың төрден орын төмендікпен,
Кішіктік — көлеңкелі дарақтарың .
Шырын тіл шарбат суын бұрын ішер
Секілді әдеп — сақал тарақтарың.
Жат түгіл, жақының да жаратпайды,
Жау жоқта жүрсе асулы жарақтарың.
Ешкім де абыройлы көрінбейді
Ізіне ертсе иттің барақтарын .
Мұнымды менің мақұл көрмегенің,
Жөндей ғой жұрт біткеннің сабап бәрін.
Ілімге ықыласты шын қойсаңдар,
Аз болсын ұйқы менен тамақтарың.
Ілімнің құлпын қолға ұстасаңдар —
Басқаның байқарсыңдар бар ақпарын.
Ата-анаң бәріңнің де мәз боп отыр:
"Қалды, - деп, - молда болып қарақтарым".
Сандалып сабақ білмей сендер жүрсің,
Ішкендей сарттың боза - арақтарын.
Шықсаңдар ана - ананың ойларынан,
Тартылар тойда толған табақтарың.
Сөз таппай отырсаңдар, ұстазыңа
Кітаптың құр аударып парақтарын —
Күндердей көпке күлкі боларсыңдар
Суықта салмайтұғын балақтарын.
Жинақты мұнан былай болмасаңдар,
Сал бөксе толып жатыр салақтарың.
Ақылмен аңдасаңдар: ілім - ікімат —
Секілді сауыт-сайман, садақтарың.
Бақ қонып, бастарыңа ықпал орнап,
Әркімнен ауыр болар қадақтарың.
Көркейтіп күңгірт тартқан көңіліңді,
Ойлатар жаратылыс жанаптарын 24.
Иншалла, өздеріңе ертерсіңдер
Халықтың не бір маңғаз манаптарын!
Опа жоқ қой, түйеде, құдық қазып,
"Қу-һай" деп көбейткенмен "сораптарын".
Демеңдер: "Жиған малым жүдә көп боп,
Айдынның алып жатса алаптарын!"
Ілімнің келуіне Алла гүлін ексе,
Байлардан боларсыңдар толық танаптарың.
Сүбі - шам, бәлки - дауам дұғадамын,
Бәріңнің болғай да, - деп, талаптарың.
Мінажат мұстажан боп осы қылған,
Дариядай тассын пазылы шараптарың.

1905



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлы Сұлтан Аяповке айтқаны

  • 0
  • 2

Ағаң ем отыратын тілегінде,
Ойынды отырамын білемін де.
Қамқорлық қай уақытта қылғаннан соң,
Марқайып мәз боламын күлемін де.

Толық

Болыңдар сау-саламат үй мен ішім

  • 0
  • 0

Болыңдар сау-саламат үй мен ішім,
Туысқан тілектес бол үлкен - кішің.
"Болды, - деп, - бұл қалайша", — қапаланып,
Оңбасын ешбіріңнің бұған түсің.

Толық

Жұбанға

  • 0
  • 0

Қалайсың, хош ба уақытың, құрбым Жұбан?
Сырдай ең сыймай тасып шыққан шыған.
Бай ұлы Қаракесек баласынан,
Оның да жоқ еді пікір деген ығам.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер