Абайға

Бұл бетте «Абайға» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 23.04.2019
  • 0
  • 0
  • 6095
Бір сезім бұған дейін арбаспаған,
Қолыма алдырғанша алғаш қалам,
Жырыма тырнақалды қуанғанмын
Колумбтай құрлықты ашқан жан баспаған.

Әр сөзі меруерттен соғылатын,
Өзімді сезінгенмін «ең ұлы ақын».
Сол бір кез енжар ғана тыңдаушы едім
Эфирден естілгенде сенің атың.

Буына балқып кетіп жас арманның.
Классиктер тобына «қосарландым».
Әдейі әдебиет сабағында
Жырыңды жаттамай кеп екі алғанмын.

Әлі ешбір қырбық мұртым қырылмаған
Кезімде қызға тұңғыш қырындаған.
«Мен үшін Абайдайын ақынсың» деп,
Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған.

Жетелеп астанаға шіркін арман,
Өлең-жыр жүрегімнің ырқын алған.
Төрінен Алматының сені көріп,
Асқақтап былай деп те жыр шығарғам:

«Ассалаумағалейкум, Абай баба,
Тұрсың сен тізе бүкпей қалай ғана?..
«Сандуғаштай сарғайған сотқар кім?..» деп
Сықпытыма сұқтанып шам ойлама.

Мен сенің құдіретіңді өзімше ұғам,
Аз менде сендегі мол төзім-шыдам.
Тіріліп тұғырыңнан сәлемімді ал,
Әйтпесе, сол тұғырға өзім шығам»… –

Ақымақ, мас көңілдің тойынғаны-ай,
Сонда да тұрмын сені мойындамай.
(Сол сәтте маған тисе обал жоқ-ау,
Содырдан саған тиген сойыл, баба-ай).

Мың есе биік тұрған пақырлықтан
Көрмеппін құдіретіңді соқырлықтан.
Қазір мен құлдық ұрған шәкіртіңмін
Өзіңнің өлеңіңнің отын жұтқан.

Өмірді күрес емес, сайран көрген
Сыздайды кейбіреуге қайран кеудем.
Төрінде өзің тұрған Алматыға
Анау бір Көжекбайлар қайдан келген?

Мен де бір иесімін сыбағаның
Жыр оқып жұртшылықтан гүл аламын.
Ел мені «ақын» десе,
Сен тұрғанда
Айтуға ақынмын деп ұяламын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Абайға өлеңінің авторы кім?

Ұлықбек Есдәулетов — осы өлеңнің авторы.

Абайға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Абайға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ұлықбек Есдәулетов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Абайға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері