Сағыныш – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Сағыныш» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.04.2019
  • 0
  • 0
  • 7469
Алғаннан соң демалыс,
Алаңдамай өзгеге,
Қаладағы ең алыс
Кеттім аға-жеңгеме.
Бәрі қызық балаға,
Бар қызықты қармадым.
Музей, парк,..—
Қалада
Қай жерге тек бармадым!
Көшелерді кей-кейде
Кезіп жүрдім жалғыз-ақ.
Асыр салып күнгейде,
Алып жедім балмұздақ.
Көлеңкелеп шынарын,
Күнде сүрттім терімді.
Басылғанша құмарым
Бәрі қызық көрінді.
Бір айдан соң жүрдім шақ,
Қайтамын деп жалындым.
Атамды да,
Ұрыншақ
Достарды да сағындым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері