Есіңнен шықпас ойдан ба – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Есіңнен шықпас ойдан ба» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2911
Есіңнен шықпас ойдан ба,
Естінің сөзін қимайсың.
Жаңаны былай қойғанда,
Ескінің өзін қимайсың.
Көк талдың күнге бойлаған
Бүршікті көзін қимайсың.
Құйрығыменен ойнаған
Күшіктің өзін қимайсың.
Моншақтан қара аумаған
Торғайдың көзін қимайсың.
Шалшықта жатып аунаған
Торайдың өзін қимайсың.
Қалса да топқа ере алмай,
Арғымағыңды қимайсың.
Кей кезде тіпті сараңдай
Сарғұлағыңды қимайсың.
Шідерін үзген бұзықтың
Бұзбайды өзі ұясын...
Ертеңіменен қызықты
Өмірді қалай қиясың?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері