Көктем құдіреті – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Көктем құдіреті» атты Қадыр Мырза Әли жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3715
Арулармен тектес көктем қылығы.
Алып ұшқан көңілдердің күлігі.
Аузы берік тұйық жандар шешіліп,
Ашылғандай құпиялар құлыбы.
Мен де амалсыз сыбызғымды қолға алам.
Мамыр болып тебіренем,
Толғанам.
Сыңғыр-сыңғыр төгіледі сәріде
Сандуғаштың көмейіне толған ән.
Гүл-гүл жайнап әрбір үйдің бикесі,
Жігіттердің шымырлайды жүйкесі,
Қарлығаштың ұясынан табылып
Әжеміздің ұмытып кеткен шүйкесі.
Жерге шаншып кеткен болат пышақ та
Гүлге айналар
Өтпей жатып үш апта...
Жігіт-емен күбірлейді кешқұрым
Қыз-қайыңды мықынынан құшақтап.
Күндіз-түні шырқалғанда жастық ән,
Көңілдегі сейіледі тас тұман.
Қариялар өткендерін еске алып,
От іздейді қоламтаның астынан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері