Дауыл – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Дауыл» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3156
Таздай сыйпап сортаң менен тақырды,
Көк шалғынды ұйпа-тұйпа жапырды.
Кір-қоқысын жағалауға лақтырып,
Көк теңізді тай қазандай сапырды.
Сай-саладан түк қалдырмай маңдағы,
Баспана іздеп безіп берді қаңбағың.
Құйын болып көтеріліп аспанға,
Қара жолдың қақты біраз шаңдағын.
Көлдің құсын дүрліктіріп,
Шулатып,
Аңшы болып қалың жыныс нуды атып,
Жапырақтың сарысынан жұрдай ғып,
Күзгі орманның кетті қанын тулатып.
Сияқты бір бұғып қалған қырғауыл,
Етек-жеңін жинап алып тұрды ауыл.
Анда-санда алай-дүлей қылатын
Ішіңде де болу керек бір дауыл!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері