Бастау – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Бастау» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3158
Сәтім, сірә, тұйығыңа қамалған.
Алу, қосу — әйтеуір бір амалдан
«Екі» алдым да,
Бар шындықты жасырмай
Айтамын деп,
Таяқ жедім анамнан!
Бір туғаннан қалай ғана табам мән?!
Мықтап тұрып жұлқылатып жағамнан.
Өтірігін айтамын деп бетіне
Оңашада таяқ жедім ағамнан!
Өмір деген от екен ғой өршіген,
От пен судың арасында тершігем.
Айтып қойып істеген бір ұрлығын
Тағы бірде таяқ жедім көршіден.
Тама-тама жанардан жас,
Бастан қан,
Талай-талай дымқыл жастық жастанғам.
Міне, солай
Менің қоңыр ғұмырым
Шындық үшін
Таяқ жеуден басталған!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері