Бұл бетте «Тірлік алдындағы тілек» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Үйренгенмін кетпеніңе,
Қайлаңа.
Үйренгем жоқ бірақ тірлік, айлаңа.
Не істесең де,
Аяғымды тұсама!
Не істесең де,
Қолымды сен байлама!
Аты-жөні жазылсын деп тақтаңа,
Мені де бір қасиетті тапты ана,
Қиындық па?
Қиындыққа сал мені!
Бірақ, тірлік, намысымды таптама!
Қол көтерсем көтеремін жалқыңа.
Ал топырақ шаша алмаймын жалпыңа.
Залым жауға,
Қалың жауға қарсы қой.
Бірақ, тірлік, қарсы қойма халқыма!
Күннен жомарт болған емес Ай нұрға.
Күн болмадым,
Ай болдым деп қайғырман...
Тірлік, мені қателестір!
Сүріндір!
Бірақ мені ұлы жолдан тайдырма!
Айтқаныңа қол қоятын сезім бе?!
Арғымақтай алып қашты-ау кезінде.
Тірлік, мейлі, барлығын ал,
Барлығын!
Ұятымды қалдыр менің өзімде!
Суар мені,
Болат қылып пісір де!
Бірақ, тірлік, көздің етін ісірме.
Түсіре бер тұғырыңнан,
Төбеден!
Рухымды,
Рухымды түсірме!
- Азамат Төре(авторлық ой)
- Азамат Төре
- Рабиндранат Тагор
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі